Биылғы жылдың басты оқиғасы – Ұлы Жеңістің 75 жылдығы.
Жеңіс туын желбіретуге сол кездегі Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстан азаматтары қомақты үлес қосты. Бұл соғысқа қазақ жерінен 1 миллион 200 мыңдай адам аттанды. Олардың жартысынан көбі майдан даласынан оралмады. Солардың ішінде хабар-ошарсыз кеткендер саны 271 503 жауынгер мен офицерлер.
Соғыс жылдары Қазақстанда 12 атқыштар дивизиясы, 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық бөлек полктер мен батальондар құрылды. 18-50 жас аралығындағы ерлердің шамамен 70% -ы майданға аттанды. Соңғы мәліметтер бойынша 528 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды, 110 мыңы Даңқ орденімен марапатталған. Төрт қазақстандық, Сергей Луганский, Талғат Бегелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанды.
Қазақтың дара қыздары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова да Ұлы Отан соғысының Батыры атағы берілді. Рейхстагқа алғашқы болып Жеңіс Туын көтергендер қазақстандықтар – Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов.
Қостанай облысынан 73 мыңнан астам жерлесіміз майданға аттанды. Кеңес Одағының 31 Батыры, 9 Даңқ орденінің иесі – Қостанай жерінің тумалары. 30 мыңнан астам қостанайлықтар әскери ордендермен және медальдармен марапатталды. 32 500 қостанайлықтар сұрапыл майдандарында қаза тапты, кейбірі алған жарақаттан ауруханаларда қайтыс болды, кейбірін концлагерьлерде азаптап өлтірген, ал 8000-нан астам жерлестеріміз хабарсыз кетті.
2020 жылдың 5 қарашасында тарихты жадымызда сақтау, тарихи әділеттілікті орнату, жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, соғыс және еңбек ардагерлеріне құрмет пен қамқорлық жасау мақсатында П.И. Чужинов атындағы Экономика және құқық институтында «Жеңіс ұрпақтары» еріктілер клубы құрылды және институт директоры мен ерікті студенттердің алғашқы онлайн кездесуі өтті.
«Жеңіс ұрпақтары» еріктілер клубының құрамына, өзінің жан қалауымен келген, институттың 1-3 курс студенттері кірді. Кездесуде институт директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Әлібек Табылденов студенттерді еріктілер клубының мақсаты мен міндеттерімен таныстырды. Ол «Жеңіс ұрпақтары» клубының маңызды міндеттерінің бірі – жоғалып кеткен Қостанай сарбаздары жайында ақпарат табу, сондай-ақ олардың туыстарымен байланыс орнату екенін хабарлады. Бұл жұмыс екінші дүниежүзілік соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен қазақ жауынгерлерінің тағдыры туралы білуге бағытталған республикалық «ATAMNYN AMANATY» (Нұр-Сұлтан қаласы) қоғамдық ұйымымен тығыз байланыста жүргізілетін болады. ҚӨУ-і 2020-жылдың қазан айында аталмыш ұйыммен серіктестік туралы меморандумға қол қойған болатын. Сонымен қатар, бірлескен іздестіру жұмыстарына шетелдік серіктестер - Отанды қорғауда қаза тапқандарды еске алуды мәңгілік ету жөніндегі «Ресейдің іздеу қозғалысы», «Жеңіс еріктілері» бүкілресейлік қоғамдық қозғалысы тартылады.
Ерікті студенттерге Ресей мен Балтық жағалауында жерленген, із-түссіз жоғалып кеткен Қостанайлық сарбаздардың туыстарын іздеу бойынша бірінші маңызды міндет жүктелді. Студенттерімізге осынша маңызды қызметтерінде сәттілік тілейміз!