Оқуды бітіргеннен кейін бірден жұмыс табу барлық түлектердің бірдей қолынан келе бермейді. Жұмыс беруші көбінесе қызметке жұмыс тәжірибесі бар қызметкерлерді алады. Бұл жағдайда мемлекет «Дипломмен ауылда», «Жастар практикасы» және «Жастар кадрлық резерві» бағдарламаларын іске асыру арқылы кешегі түлектерге көмек көрсетеді.
Университет түлектеріне арналған «Жастар практикасы» бағдарламасы түлектерге алты айлық жастар практикасын ұсына отырып, оқу бітіргеннен кейін тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Ол үшін бітіруші түлек өз қаласы (ауданы) әкімдігінің жанындағы жұмыспен қамту орталығына жүгінеді, содан кейін жұмыспен қамту орталығы түлектер туралы мәліметтерді мамандардың бірыңғай деректер базасына енгізеді және оны диплом бағыты бойынша жұмыс беруші компаниялар арасында таратады.
Жұмыспен қамту орталығы түлектермен алты айға еңбек шартын жасайды. Жұмыс күні Қазақстан Республикасының заңнамасындағы еңбек шартына сәйкес белгіленеді. Жастар практикасы бағдарламасы қатысушыларының айлық жалақысы 18 айлық есептік көрсеткішті құрайды (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы мен банктік қызметтерді қоспағанда).
Егер тәжірибе барысында жұмыс беруші сізді өз компаниясына лайықты қызметкер деп санаса, ол сізді тұрақты жұмысқа қабылдауға құқылы. Тәжірибесі жоқ жас маман үшін ең қолайлысы осы, тек жас маман өзін білікті, кәсіби маман ретінде көрсете білгені жөн.
Бағдарлама түлектер үшін өз мамандықтары бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алуға арналған.
Бағдарламаға қатысу үшін түлек өз қаласы немесе ауданының әкімдігі жанындағы жұмыспен қамту орталығына хабарласып, жұмыссыз ретінде тіркелуі керек (жасы 29-дан жоғары емес) және келесі құжаттарды тапсыруы керек:
жеке куәлік;
диплом;
үй кітабы немесе мекен-жай анықтамасы;
зейнетақы қорымен келісім;
Халық банкіндегі ағымдағы шот;
Ф 086-У медициналық анықтамасы.