Буындар тоғысы: психологтар кездесті

Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні аясында 9 қазанда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-нің психология кафедрасында дәстүрлі кездесу өтті.

Іс-шараға кафедра түлектері мен тәжірибелі мамандар қатысты.

Кездесуді ұйымдастырушы, аға оқытушы Олеся Ельчишеваның айтуынша, болашақ психологтар қала мен облыстың түрлі мекемелерінде халықтың психикалық саулығын сақтауға бағытталған жұмыстар туралы тәжірибелі мамандардан құнды ақпарат алды.

Кездесудің қонақтары: Ж. Ақанова – «Jastar MED» жастар денсаулығы орталығының жетекшісі, психология кафедрасының түлегі; Н. Воропаева – «Jastar MED» жастар денсаулығы орталығының психологы; Ж. Семенова – Қостанай облысы бойынша Апаттар медицинасы орталығының психологы, психология кафедрасының 2023 жылғы түлегі.

Жастар денсаулығы орталығының мамандары студенттер үшін өзекті тақырыптар бойынша баяндама жасап, интерактивті сабақ өткізді. Сабақ барысында алкогольдің адам ағзасына әсері көрсетілді. Мамандар студенттердің сұрақтарына жауап беріп, орталыққа келіп кеңес алуға шақырды.

Ал Апаттар медицинасы орталығының психологы жақын адамдар мен айналадағы жандардың көңіл күйі мен психологиялық жағдайындағы өзгерістерді дер кезінде байқаудың маңызын түсіндіріп, оларға қалай дұрыс психологиялық қолдау көрсету керектігі туралы айтып берді.

3-курс студенттері биылғы іс-шараның «Өмірлік тәжірибе: шынайы үн, нақты өзгерістер» тақырыбында ой қозғап, адамның өз психикалық саулығына көңіл бөлуі, жеке тәжірибесіне сүйенуінің маңызын түсіндірді.

Ал «Психология» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері психикалық саулықты нығайтудың 10 практикалық тәсілін ұсынды.

Кездесу мазмұнды, әрі нәтижелі өтті. Студенттер талқылауға белсене қатысып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, психикалық саулықты нығайтуға көмектесетін пайдалы кеңестер алды.

Мұндай кездесулер кафедраның тәжірибелі мамандармен және түлектермен байланысын нығайтып қана қоймай, болашақ психологтардың кәсіби тұрғыдан дамуына жол ашады.

Қабылдау комиссиясы