Бүгін университетіміздің мәжіліс залында «ҚАЗАҚСТАН: ТАРИХИ ТАҒЫЛЫМ САЯСАТЫ» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, оған Қостанай облысы әкімдігінің, Қазақстан ардагерлер кеңесінің, мұражай және мұрағат өкілдері, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттер қатысты.
Конференция 31 мамырда атап өтілетін Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналды.
Саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін осы нәубеттің құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік деңгейдегі тиісті шараларды жүзеге асыра бастады.
1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. 1997 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленген болатын.
Түрлі деректерге сүйенсек, сталиндік режим жылдарында 100 мыңнан астам қазақстандық қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды. Қазақ зиялылары аяусыз атылды, Қазақстан халқының үштен біріне жуығы аштықтан қырылды.
Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Тынышбаев, М. Дулатұлы, Т. Рысқұлов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, басқа да ұлт зиялылары бар.
Конференция қатысушылары тарих беттерін ақтарып, сол кездегі репрессиялық саясат, бүгінде жүргізіліп жатқан қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары туралы айтты. Уәлиханов атындағы ҚМУ-дың құрметті профессоры, Польшадағы Гданьск қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс мұражайының ғылыми бөлімінің бас маманы Дмитрий Панто онлайн қатысып, 1941-1942 жж Қазақстанға жер аударылған поляк азаматтары арасындағы поляк өкілдіктерінің қызметі туралы айтты. Ал П.Чужинов атындағы Экономика және құқық институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-нің қауымдастырылған профессоры Әлібек Табылденов 20-ғасырдың 40-жылдарындағы Солтүстік Қазақстанға немістердің жер аударылуы мен орналастырылуы туралы айтты. Қостанай облысындағы қуғын-сүргін және жазықсыз жазаланғандарды ақтау мәселелері жайында тарих ғылымдарының кандидаты, ҚӨУ-нің қауымдастырылған профессоры, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу және ақтау орталығының» жетекшісі Серікжан Исмаилов бөлісті.
Тәуелсіздік жылдары аралығында 146,5 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды.
Қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау шаралары әлі де жалғасады.