ҚӨУ-НІҢ СТУДЕНТІ АСТАНАДАҒЫ КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ

Елордасы Астанада «Қазақстан халқына» қорының бастамасымен «Білімді ұрпақ – білімді ел» атты білім беру конференциясы өтті. Қоғамдық қор еліміздің білім беру саласындағы жүйелі проблемаларды шешуге бағытталған пилоттық жобаларды таныстырды. Қор білім беру саласындағы қайырымдылық жобаларын іске асыруға 37,5 млрд теңге бағыттады.

Іс-шараға ҚР премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Парламент депутаттары, «Қазақстан халқына» қорының Қамқоршылық кеңесінің және білім мен мәдениет мәселелері жөніндегі сарапшылық комитеттерінің мүшелері, донорлық ұйымдар, қоғамдық бірлестік басшылары, арнайы мектептердің басшылары мен оқытушылары, сарапшылар, ЖОО-ның ректорлары мен студенттері қатысты. Конференцияға қатысқан оқушылар мен студенттер үшін арнайы ақпараттық-танымдық бағдарлама дайындалды.

Елордадағы іс-шараға оқу ордамыздың «Дене шынықтыру және спорт» ББ-ның 1-курс студенті Мейрам Иманов қатысты. Мейрам – «Қазақстан халқына» қоры тағайындаған білім грантының иегері. Ол кішкентайынан спортпен шұғылданады, үлтел теннисінен спорт шебері және футболдан спорт шеберіне үміткер. Мейрам: «Бала кезімнен осы мамандықты игеріп, ерекше білім қажеттілігі бар балаларды оқытқым келетін. Қордың арқасында менің бұл арманымның орындалуына да аз-ақ қалды. Қорға, мемлекет Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына аз қамтылған отбасы балаларына, жетім балаларға және қаржылық мүмкіндіктері жоқ мүгедек балаларға берген мүмкіндік үшін алғыс айтамын!»-дейді.

А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-нің 52 студенті «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры тағайындаған грант есебінен білім алады, сонымен қатар оларға ай сайын 40 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленеді.

Қабылдау комиссиясы