Жаңа КОНСТИТУЦИЯНЫҢ басымдықтары

«IQOSTANAY» SMART-орталығында «Халықтық Конституция: сенімді болашақтың бастауы» атты ғылыми конференция өтті.
Конференцияға Baitursynuly University өкілдері де қатысты.

Конференцияға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, депутаттар, ғалымдар, конституциялық құқық саласының сарапшылары, қоғамдық ұйымдар мен жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ жастар қатысты.

Іс-шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуындағы стратегиялық рөлін талқылау үшін ғылыми қауымдастық, мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам және жастар өкілдерін бір алаңға біріктіру.

Конференцияны Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов ашып, Қазақстанның конституциялық дамуы жаңа кезеңге қадам басқанын атап өтті.

Өңір басшысы соңғы жылдары облыста жүзеге асырылған оң өзгерістерге тоқталып, жаңа Конституцияның елдің тұрақты дамуына негіз болғанын айтты.

Конференцияның құрметті қонақтары ретінде Астанадан Конституциялық комиссияның мүшелері келді. Олардың қатарында заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев және жерлесіміз, ҚР Парламенті Мәжілісінің VII–VIII шақырылымдарының депутаты Екатерина Смышляева болды.

Елордадан келген спикерлер Конституциядағы маңызды жаңашылдықтарға жан-жақты тоқталды.

Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев Ата заңның бұрынғы және қазіргі редакцияларын салыстыра отырып, жаңа Конституцияның негізгі артықшылықтарын саралады.

Ол адвокатура институтының Конституцияда дербес құқықтық институт ретінде бекітілуінің азаматтардың құқықтарын қорғаудағы маңызына ерекше назар аударды.

Ал Екатерина Смышляева цифрлық құқықтарды қорғау, цифрлық технологияларды дамыту және дербес деректер қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты конституциялық жаңашылдықтар туралы баяндады.

Конференцияда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің оқытушылары да баяндама жасады.

Мемлекет және құқық теориясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Сымбат Укин мен қылмыстық және азаматтық құқық және процесс кафедрасының аға оқытушысы Айнұр Майсатаева жаңа Конституцияның құқықтық ерекшеліктері мен оның қоғам үшін маңызын кеңінен талдап берді.

Қабылдау комиссиясы