Мерейтой иесін құттықтауға әріптестері, достары мен туған-туыстары жиналды. Бұл күні бар ғұмырын ғылымға, педагогикаға және болашақ математика мұғалімдерін тәрбиелеуге арнаған ұстаз туралы көптеген жылы лебіздер айтылды.
Берік Нұртазаұлы 1985 жылы Омбы мемлекеттік университетін тәмамдап, әскер қатарына қабылданды. Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін, 1987 жылдан бері ұстаздық жолды таңдап, қырық жылға жуық уақыт бойы болашақ математика педагогтерін даярлап келеді.
1995 жылы ғалым кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Еңбек жолында жеткен жетістіктері жетерлік, ғылыми жарияланымдардың авторы, PhD дәрежесін алу бойынша бірнеше диссертациялық жұмыстарға оппонент болды. Сондай-ақ Қазақстан математика мұғалімдері қауымдастығының негізін қалаушылардың бірі, әрі Халықаралық информатизация академиясының толық мүшесі.
Көп жылдар бойы Берік Нұртазаұлы «Қостанай дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығы жанындағы оқу-әдістемелік материалдарды лицензиялау жөніндегі сараптамалық кеңестің тұрақты мүшесі болды. 2011 және 2015 жылдары «Атамұра» баспасынан шыққан А.Н. Шыныбековтың 11-сыныпқа арналған «Алгебра және анализ бастамалары» оқулығына рецензия жасады.
Ұстаз қызметіндегі ерекше бағыттардың бірі – дарынды оқушылармен жұмыс. Берік Нұртазаұлының жетекшілігімен көптеген жас математик республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанды.
Әріптестері мен жақындарының айтуынша, педагогтің таланты ғылыммен ғана шектелмейді. Берік Нұртазаұлы шахмат ойнайды, өлең жазады және гитара тартады. Оның жан-жақтылығы мен шығармашылық қабілеті айналасындағыларға әрдайым шабыт сыйлайды.
Ұстазды айтулы мерекемен алгебра саласындағы ғылыми еңбегі әлемге танымал ғалым, АҚШ-тағы Wayne State University профессоры Уалбай Өмірбаев та құттықтады.
ҚӨУ ректоры Сейтбек Қуанышбаев Берік Демисеновке алғыс хат табыстап, иығына шапан жапты. Бұл – көпжылдық еңбегіне көрсетілген зор құрмет пен ризашылықтың белгісі. Салтанатты кеш университет студенттерінің музыкалық тартуларымен жалғасты.

















