K-Beauty-дың философиясы жайында

Осы аптада Baitursynuly University-де Оңтүстік Кореядан келген сарапшының қатысуымен K-Beauty Event өтуде.

Корей макияжын бүкіл әлемге танымал еткен не? Неліктен K-Beauty-де алдымен тері күтімі, содан кейін ғана косметика туралы айтылады? Осы сұрақтарға Baitursynuly University-де басталған K-Beauty Event қатысушылары жауап алды.

K-Beauty Event шарасы Қазақстан кәрістер қауымдастығымен және оның Қостанай облыстық филиалымен бірлесіп ұйымдастырылуда.

Университеттің арнайы қонағы – кәсіби визажист әрі корей сұлулық индустриясының халықаралық сарапшысы Shin Min Su.

Оның Қазақстанға сапары Седжон-хакдан қорының ұйымдастыруымен, әлем елдерінің тұрғындарын заманауи корей мәдениетімен таныстыруға бағытталған «Седжон мәдениет академиясы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.

16–17 шілде күндері сарапшы университетте K-Beauty философиясына, корей макияжының заманауи трендтеріне және тері күтімі мәдениетіне арналған шеберлік сабақтарын өткізуде.

Алғашқы минуттардан-ақ бұл жай ғана макияж сабағы емес, корей эстетикасы әлеміне терең бойлау екені байқалды.

Shin Min Su модельге атақты «сеулдік макияждың» қыр-сырын кезең-кезеңімен көрсетіп берді.

Бұл стильдің басты ерекшелігі – қалың косметикамен беттегі кемшіліктерді жасыру емес, табиғи сұлулық пен терінің шырайын айқындау.

Көрсетілімнен кейін қатысушылар бірден тәжірибелік бөлімге кірісті.

Сарапшының жетекшілігімен олар ерін далабының, қабақ бояуының және бет әрлегіштің реңктерін таңдап, жылы және суық түсті бет типтерін анықтауды, сондай-ақ косметиканы дұрыс жағу тәсілдерін үйренді.

Shin Min Su әр қатысушыға жеке келіп, өзіне лайық түстер палитрасын таңдауға көмектесіп, табиғи нәтижеге қалай қол жеткізуге болатынын түсіндірді.

Сарапшының айтуынша, корей сұлулық философиясының негізі – дені сау тері:

– Тері кемшіліктерін косметикамен жасыруға тырысқаннан гөрі, өз теріңіздің жағдайын жақсартқан дұрыс, – деді Shin Min Su.

Сондықтан Кореяда күнделікті тері күтіміне ерекше мән беріледі, ал макияж тек жастық пен табиғилықты айқындайтын соңғы штрих ретінде қарастырылады.

Шараның еркін әрі жайлы атмосферасын қалыптастыруға синхронды аудармашы Елдана Мұрат та үлкен үлес қосты. Ол – Baitursynuly University педагогикалық институтының «шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламасының студенті және университет жанындағы Король Седжон институтының тыңдаушысы.

Елдана сарапшының кеңестері мен қатысушылардың сұрақтарын жедел әрі кәсіби түрде аударып, екі тараптың еркін қарым-қатынас жасауына мүмкіндік берді.

Елдана университетті халықаралық деңгейде алғаш рет таныстырып отырған жоқ. Бұған дейін ол Sejong Hakdang Foundation ұйымдастырған шешендік өнер байқауының қорытындысы бойынша үздік студент атанып, жеңімпаз ретінде Оңтүстік Кореяда бір апталық тағылымдамадан өткен болатын.

Baitursynuly University жанындағы король Седжон институтының директоры Нағима Манасбаева институт қызметі әлдеқашан тек тіл үйретумен шектелмейтінін атап өтті:

– Біздің мақсатымыз – тек корей тілін оқыту ғана емес, тыңдаушыларды Корея Республикасының мәдениетімен, дәстүрлерімен және заманауи өмір салтымен таныстыру.
Сондықтан біз мәдени шаралар, кездесулер мен шеберлік сабақтарын тұрақты түрде өткізіп келеміз. Алдағы жылдары бұл бағдарламаны кеңейтіп, студенттеріміз бен өңір тұрғындарының корей мәдениетімен жақынырақ танысуына бұдан да көп мүмкіндік жасауды жоспарлап отырмыз, – деді ол

Қабылдау комиссиясы