Бүгін А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде «ТАБЫСҚА ЖЕТУ ЖОЛЫ-2023!» атты ветеринарлардың ауқымды аймақтық мансап және жұмыспен қамту форумы өтті. Форумға облыстық, аудандық ветеринарлық станция бөлімдерінің, пункттердің, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, ауыл шаруашылықтарының басшылары және басқа да жеке ұйымдардың өкілдері қатысты. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының мал шаруашылығы қожалықтарының өкілдері және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің Қостанай облысы бойынша департаментінің орынбасары, подполковник Серік Төлеуханов болды.
Мансап форумының мақсаты – 2023 жылғы «Ветеринария» және «Ветеринариялық санитария» білім беру бағдарламаларының түлектерін жұмысқа орналастыру, ветеринарлық қызметтегі мансаптық мүмкіндіктер мен бос орындар туралы ақпаратпен қамтамасыз ету, университет, жұмыс беруші және студенттер арасындағы серіктестік, іскерлік қатынастарды дамыту.
Форумның модераторы – Зерттеулер, инновация және цифрландыру жөніндегі проректор Жеңіс Жарлығасов. Жеңіс Бақытбекұлы соңғы 3 жылда университетте «Ветеринария» мамандығы бойынша 200-ден астам маман даярланғанын атап өтті. Мамандық бойынша жұмысқа орналасу пайызы жоғары – 91 % құрайды. Биылғы оқу жылында 53 студент диплом алып, маман атанады. Түлектерді жұмысқа орналастыру – университет алға қойған негізгі және басым міндеттердің бірі.
Қостанай облысы әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Ақат Шектібаев Қостанай облысының ветеринарлық қызметтерінің жұмысымен таныстырды. Қостанай облысының ветеринария қызметін Ветеринария басқармасы мен ведомстволық бағынысты ұйымдар, яғни аудандар мен қалалардың 20 ветеринарлық станциялары, ауылдық округтердің 206 ветеринарлық пункті құрайды. Ақат Шектібаев осы ветеринарлық пунктер мен станциялардағы кадр қажеттілігі туралы айтты. Сонымен қатар жас мамандарды қолдаудың мемлекеттік шараларына тоқталды. Мәселен ветеринарлық пунктер еңбек демалысы кезеңінде жұмысшыларға 2 лауазымдық айлық көлемінде жәрдемақы төлейді. Тағы бір айта кетерлігі, «Дипломмен ауылға!» мемлекеттік бағдарламасының арқасында жас мамандар жеке тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдетілген несие мен қайтарымсыз бір реттік жәрдемақы ала алады.
Студенттер алдында сөз сөйлеген Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы бойынша «Мәмбетов и К» шаруа қожалығының өкілі А.Дәулетов және «ОлжаАгро» ЖШС-нің, «Fish Estate» Қаратомар балық өсіру зауытының, «Айболит», «Догма», «Вет Альянс», «VetZabota» ветеринарлық клиникаларының, «ВетЗащитаАзия» ЖШС-нің басшылары өз кәсіпорындарының қызметімен, мансаптық мүмкіндіктерімен таныстырды. Сондай-ақ ҚӨУ студенттерінің жоғары кәсіби дайындығын атап өтті.
Форум барысында әлеуетті жұмыс берушілермен нәтижелі диалог өтті, бұл университеттің өндірістік байланыстарын нығайтып, түлектерге кәсіби қызмет саласына сенімдірек енуге мүмкіндік берді.
Университет басшылары барлық форум қатысушыларына алғыстарын білдіріп, жемісті ынтымақтастығымыз үшін жұмыс берушілерге алғыс хаттар табыстады.