А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің Ө.Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институтында Президент Жолдауы аясында «Әділетті Қазақстан: ашық бәсеке және баршаға тең мүмкіндіктер» тақырыбында семинар өтті. Семинарға институттың профессорлары мен оқытушылары, барлығы 70-ке жуық адам қатысты.
Спикерлер:
Байдалы Рауан Жомартұлы –PhD доктор, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, доцент.
Балғабаева Гаухар Зікрияқызы - Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты.
Жолдауда мұғалім мамандығының маңыздылығы туралы көп айтылған. Мемлекет соңғы жылдары жастарды мамандыққа көбірек тарту мақсатында көп жұмыс атқарды. Мәселен, педагогика саласына бөлінетін грант саны басқа мамандықтарға қарағанда әлдеқайда көп. Сонымен қатар болашақ ұстаздардың шәкіртақы мөлшері де басқа студенттермен салыстырғанда қомақтырақ.
Дегенмен, Жолдауда атап көрсетілгендей, педагог мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындарын аккредиттеудің жаңа стандарты қабылданып, мұғалімдердің құзыреттілік негіздерін әзірлеу қажет. Бұл оймен бүгінгі семинардың спикерлері де келіседі.
«Қоғамда мектептерде қазақ және орыс тілдерін оқытуға қатысты пікірталас жүріп жатыр. Мен өте анық айтамын: біз қазақ тілін де, орыс тілін де жетік меңгерген балаларды тәрбиелеуіміз керек», - деді Мемлекет басшысы. Бірақ, спикерлер атап өткендей, бұл үдеріс өскелең ұрпақтың сұранысына негізделуі тиіс.
Ал техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары еңбек нарығының нақты қажеттіліктеріне бағдарланып, еліміздің жаңа экономикалық бағытының міндеттеріне сай болуы қажет.
Тең мүмкіндіктер мәселесіне келетін болсақ, жеке білім беру жолдамаларын енгізу жоспарлануда, яғни мемлекеттің баланы оқытуға, оның ішінде сыныптан тыс оқытуға бөлетін барлық қаражат бірыңғай білім беру шоттарында жинақталады және бұл балалардың білім алуына құйылатын негізгі инвестиция, қор болмақ.
Мемлекет білім беру гранттарын бөлуде жаңашылдық енгізеді. Енді грант ҰБТ нәтижелеріне және басқа да көрсеткіштерге байланысты мамандыққа емес, студентке беріледі. Сондай-ақ оқуға жылдық мөлшері 2-3 пайызды құрайтын жеңілдетілген несие беру қарастырылған.
Жоғарыда көрсетілген шаралардың барлығы жоғары білім беруді қолжетімді етеді.