52 жыл – мамандыққа адалдық

Baitursynuly University-нің математика және физика кафедрасында ғалым, қауымдастырылған профессор, физика-математика ғылымдарының кандидаты Владимир Поезжаловтың 75 жылдық мерейтойы аталып өтті.

Биыл Владимир Михайловичтің ғылым мен білім саласындағы еңбек жолына – 52 жыл.
1974 жылы Қостанай педагогикалық институтын үздік тәмамдаған жас маман содан бері университеттен қол үзбей, бар ғұмырын ғылым мен ұстаздыққа арнап келеді.

Владимир Поезжалов 1992 жылы В.А. Котельников атындағы Мәскеу радиотехника және электроника институтында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. 1999 жылы доцент, 2000 жылы профессор ғылыми атағына ие болды.

Ғалымның университеттің ғылыми-білім беру бағыттарын дамытуға қосқан үлесі де айрықша. 2000 жылы оның тікелей қатысуымен оқу орнында «Радиофизика және электроника» бағыты ашылып, «Физика» мамандығы бойынша ғылыми-педагогикалық магистратура іске қосылды. Бұл өңірде физика саласының дамуына және білікті мамандар даярлауға тың серпін берді.

Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде Владимир Михайлович 250-ден астам ғылыми еңбек жариялап, сегіз өнертабысқа патент алды. Сонымен қатар жеті оқу-әдістемелік еңбек әзірледі.

Ұзақ жылғы еңбегі алғыс хаттармен, құрмет грамоталарымен және түрлі марапаттармен бірнеше мәрте атап өтілді.

Ғалым – талай жас маманға жол көрсеткен ұстаз, әріптестеріне ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісіп жүрген білікті тәлімгер.
Мерейтой барысында кафедра оқытушылары Владимир Михайловичке кәсіби қолдауы, құнды кеңестері, мол тәжірибесімен бөліскені үшін алғыс білдірді. Жас мамандар үшін осындай тәжірибелі ұстазбен бірге еңбек ету – үлкен мектеп.

Мерейтой иесін құттықтаймыз, зор денсаулық тілейміз!

Қабылдау комиссиясы