Қостанайлық ақын Александра Суслованың А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенттерімен кездесуі өтті. Педагогикалық институттың акт залында өткен кездесуге әр түрлі мамандық студенттері жиналды. Олар ерекше тұлға, ұстаз, дарынды ақынның шығармашылығымен танысып, керемет әсер алды.
Биылғы жылы Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасына сәйкес 18 наурыз «Игі істер күні» болып белгіленген. Дәл осы күні «Орыс тілі мен әдебиеті», «Журналистика», «Тарих», «Музыкалық білім» білім беру бағдарламаларының студенттері жақсылықты өнер, өлең арқылы сезінді.
Александра Ильинична – ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының құрметті мүшесі, «ХХІ ғасыр сабағы» облыстық байқауының жеңімпазы, республикалық және халықаралық поэзия байқауларының жеңімпазы, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мүшесі. «Прикосновение», «Рябиновый привкус», «С кем поведешься….», «Давай дружить», «Теплые сказки», «Солнце на ресничках» өлеңдер жинағының авторы. Бұл кітаптардың барлығы тақырыптық көрмеге қойылды.
Александра Суслова өз қаласына деген сүйіспеншілігі, қазақ даласының сұлулығы, таныс және таныс емес адамдар туралы, мұғалім мамандығы, Ұлы Отан соғысы туралы жазады. Оның барлық шығармалары лирикалық, философиялық немесе ирониялық жанрда жазылғанына қарамастан адамдарға деген мейірімділік пен сүйіспеншілікке толы.
Кездесу барысында студенттер ақынның өлеңдерін оқыды, «Орыс тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының студенттері Илья Шиляев пен Денис Петров өз шығармаларын оқып, көркем сөз шеберінің алғысына бөленді.
Александра Ильиничнаның шығармашылығына шынайы қызығушылық танытып, авторға алдын ала бірнеше сұрақтар дайындап келген «Журналистика» мамандығының студенттерінің белсенділігін атап өтуге болады.