Философ ғалым, ұстаз, этнограф, ыбырайтанушы, марафоншы, өнер жанашыры Қалқаман Жақыптың 75 жасқа толуына орай құрмет көрсетілді. Қостанайда Қалқаман Жақыпты білмейтін адам кем де кем.
Қалқаман Хасенұлы – ұстаз, жоғары білім беру ісінің дамуына зор үлес қосып келеді. Ол кісіден жүздеген жастар білім алды. Қалқаман Жақыпты жұртшылық белсенді спортшы деп те таниды. Желаяқ талай рет облыстық, республикалық марафондарға қатысты, оны ұйымдастыруда да белсенділік танытты. Сонымен қатар, ол этнограф ретінде де танымал, ыбырайтану іліміне қосқан үлесін ауыз толтырып айтуға болады. Мәселен Қостанайдың орталығындағы Алтынсариннің өзі ашқан мектеп іргетасының кірпішін тауып, оны музейдің жәдігері еткен де мерейтой иесі. Қалқаман Хасенұлы – қазақ тілінің жанашыры, халқының сүйікті ұлы. Елімізде орын алатын айтулы оқиғаларға, өзгерістерге де қосар үлесі, өз ойы бар.
Ғалымды 75 жылдық мерейтойымен құттықтауға бірге қызмет істеген әріптестері, жергілікті билік өкілдері, журналистер келді. Олар оқу ордамыздың құрметті қызметкеріне жылы лебіздерін білдірді. Қала әкімінің, облыс әкімінің мақтау қағаздары табысталды. Сондай-ақ университетіміздің Бірінші проректоры қызметін атқарушы Арман Исмаилов Қалқаман Хасенұлын «ҚӨУ-нің дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады.