Жуырда Атырау қаласында асық ату мен бес асықтан ел кубогі өтті. Сайысқа барлығы 70-ке жуық спортшы қатысты. «Жарысты өткізудегі мақсат – ұлттық ойынды насихаттап, асық атуды ұлттық спорт ретінде дамыту»,-дейді кубок ұйымдастырушылары. Ептілікке, мергендікке үйрететін ұлттық спорт түрі соңғы уақытта жақсы дамып келеді.
Қазақстан Республикасының кубогіне еліміздің түрлі облыстарынан 8 команда қатысты. Қостанай облысының қыздар командасы бес асықтан бас жүлдені жеңіп алып, кубок иегерлері атанды. Жеңімпаздар қатарында А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің Дене шынықтыру және спорт теориясы мен практикасы кафедрасының 1-курс студенті Мереке Шанабай бар. Мереке 1-ші орынды иемденіп, спорт шебері атағын алды.
Сонымен қатар қазанның 27 мен қарашаның 1-і аралығында Үндістанның астанасы Делиде гір көтеруден әлем чемпионаты өтті. Гір көтеруден Қазақстан құрамасы виза алып үлгірмегендіктен, Астанада онлайн режимде қатысты. 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы тартыста Дене шынықтыру және спорт теориясы мен практикасы мамандығының 2-курс студенті Манур Шаекенов 63 келі салмақта 1-орынды иеленіп, жұлқа көтеруден Әлем чемпионы атанды.
Жеңімпаздарды құттықтаймыз!