А.Байтұрсынов атындығы Қостанай өңірлік университетінде студенттердің қатысуымен Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерей тойына арналған пьеса сахналанды.
Қойылымда студенттер ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин туралы ақын, драматург Ақылбек Шаяхметтің «Ыбырайдың өсиеті» атты пьесасын көрермен назарына ұсынды. Қойылымда Ыбырайдың халық ағартушылық қызметі, тарихтағы орны мен халықтық мектептің қалыптасуында қосқан үлесі суреттелді, ұлы ұстаздың бейнесі шебер сомдалды.
Қойылымда, әсіресе, Ыбырай өмірінің бір кезеңі, мектеп ашудағы табандылығы көрсетілген. Ұлы ағартушының отаршылдыққа қарсы күресі мен көпшілікке беймәлім адами қырлары да қамтылды. Ыбырай мектептер ашу ісімен ғана шектеліп қалмағаны, оның қазіргі уақытта да маңызын жоғалтпаған жан-жақты, білімді, ұстамды, өзіндік пікірі бар мұғалім дайындау сияқты мәселелермен шұғылданғаны, сондай-ақ елдің болашағы үшін қасымен де досымен де иық тіресе жүріп, өмірдің ыстық-суығына төзіп, барлық өмірін арнағаны айқын сомдалды.
Пьеса «Педагогика және психология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры м.а., PhD доктор Ақбидаш Абдиркенованың жетекшілігімен қойылды. Қойылымды пьеса авторы Ақылбек Шаяхмет, Ы.Алтынсарин атындағы мұражайдың директоры Марғұлан Оспанов, сонымен қатар оқу орны студенттері мен қызметкерлері қызыға тамашалады.