Ауған соғысы – Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі. 1979 жылы 12 желтоқсанда Кеңес Одағы Ауғанстанға кеңес әскерін енгізу туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, 1979 жылы 27 желтоқсанда КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді.
Ауғаныстан әскерлері құрамында Қазақстаннан 22269 жауынгер соғысқа қатысты. Солардың 2000-ға жуығы Қостанай облысынан аттанған сарбаздар. Жерлестеріміз майданның барлық нүктелеріне жіберілді. Бұл шайқастан оралмағандары да жеткілікті. Кейбірі із-түссіз жоғалып кетті. 67 жерлесіміз соғыстан қайтпады. Ал республика бойынша қаза тапқандар саны – 924, 21 адам хабар-ошарсыз кетті, мыңдаған азаматтар елге мүгедек болып оралды. Елімізде жыл сайын он жылға жуық созылған соғыста қаза болған ардагерлерге тағзым етіп, еске алады.
Республика бойынша Ауған соғысы ардагерлерінің отыздан астам ұйымы бар. Мұндай ұйым Қостанайда да бар. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің әскери кафедра қызметкерлері сол ұйым мүшелерін қонаққа шақырып, жас курсанттармен кездестіру ұйымдастырды. Кездесудің басты мақсаты – жас буынды патриоттық рухта тәрбиелеу, Отан алдындағы жауапкершілігін арттыру және біздің болашағымыз үшін күрескен жандарға ізет көрсету.
Ауған соғысына қатысқан жерлестерімізді еске алу кешінің қонақтары – Қостанай облысы Ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы Марат Жұбанышев, отставкадағы подполковник, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Анатолий Харченко, Ауған соғысының ардагері Ғалым Марат және ҚӨУ-і Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директорының орынбасары, Ауған соғысының ардагері Манарбек Сұлтанғазин. Қонақтар Ауғандағы естеліктерін айтып, сол кезедегі бастан өткендерін баяндап берді.
Кездесу курсанттар үшін қызықты өтті, оларды өткенге тағзым етуге, қиындықтарға төзе білуге үйретті. Студенттер кездесу барысында ардагерлерге өздерін қызықтырған түрлі сұрақтар қойды. Жалпы іс-шара екі жақты диалог түрінде өтті.
Кездесу соңында Ауған ардагері Анатолий Харченко «Афганистан в моей судьбе» кітабын оқуда жақсы жетістіктерге жеткен бірнеше студенттерге және әскери кафедра кітапханасына, сонымен қатар жастарды тәрбиелеудегі еңбегі үшін әскери кафедра қызметкерлері Андрей Зимоглядов пен Асылхан Мұқашевқа авторлық кітабын сыйға тартты.
Кафедра кітапханасының қоры тағы бір кітаппен толықты. Ауған соғысының ардагері, ҚӨУ-нің Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директорының орынбасары Манарбек Сұлтанғазин «Афган. Баграм. Разведка» 781-ші барлау батальонының альбомын тарту етті.