П.Чужинов атындағы Экономика және құқық институтының кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында экономика және қаржы кафедрасы Қостанай қаласының №9, 15 және 19 мектептерінің 11 сынып оқушыларымен кездесу өткізді.
Мектеп түлектеріне кафедраның білім беру бағдарламалары, университет беретін жеңілдіктер, университеттегі студенттік өмір туралы ақпарат берілді. Кездесу модераторлары - кафедраның аға оқытушылары Ақбота Абжанова, Гүлжанат Қайырбаева және кафедра меңгерушісі Дина Кенжебекова.
Кафедра құрылған уақыттан бастап мемлекеттік мекемелерде, Ұлттық банк жүйесінде, коммерциялық банктер мен олардың филиалдарында, биржаларда, аудиторлық қызметтерде, мамандандырылған қаржы институттарында, кәсіпорындарда жұмыс істеп жатқан 5 мыңға жуық білікті мамандар даярлады.
2004 жылдан бастап кафедра магистранттарды даярлай бастады. Магистрлерді дайындау 2 жылдық оқу кезеңімен ғылыми, педагогикалық бағытта жүзеге асырылады, ал 2009 жылдан бастап кафедра бейіндік бағыттағы магистранттарды 1 жылдық оқу кезеңімен оқытып келеді. 2017 жылдан бастап докторанттарды оқыта бастады.