А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-де Практикалық психология орталығы жұмыс істейді, оны психология кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Роза Жанғалиева басқарады.
Психолог 1 қыркүйектен бастап, жыл бойы бірінші курс студенттерінің жаңа өмір кезеңіне бейімделуін қадағалайды. Студенттер үйінде тұратын өзге қалалар мен елді-мекендерден келген студенттерге ерекше көңіл бөлінеді, олармен жатақханада кездесулер өткізіледі. Бозбалалар мен бойжеткендер шағын топтармен тренингте кездесіп, психологтың көмегімен бір-бірімен сенімді атмосферада танысады. Мұндай кездесулерде команда құруға, студенттердің бірігуіне, сонымен қатар сындарлы қарым-қатынас ережелеріне көп көңіл бөлінеді. Тренингтер студенттерге жаңа ортаға тез бейімделуге мүмкіндік береді.
Тәжірибе көрсеткендей, мұндай тренингтер бірінші курс студенттеріне ауадай қажет. Топтық жұмыс барысында қарым-қатынас, эмоция алмасу болады, нәтижесінде көңіл-күй көтеріліп, студенттер жағымды заряд алады. Сонымен қатар бірінші курс студенттерімен университет қабырғасында да бейімделу жұмыстары жүргізіледі.
Практикалық психология орталығы студенттерге жеке психологиялық көмек те көрсетеді.
Ағымдағы жылы орталық университеттің «Demey clab» клубымен ынтымақтасуды жоспарлап отыр. Аталмыш клубтың құрамына «Психология» ББ-ның студенттері кіреді. Практикалық психология орталығы клуб мүшелерін болашақта басқа білім беру бағдарламаларының студенттеріне тренингтер өткізуге дайындап жатыр. Осылайша, Практикалық психология орталығы университеттің барлық студенттері мен оқытушыларын, жалпы психологиялық қолдауға мұқтаж жандарды барынша қамтуға тырысады.