Чужинов атындағы экономика және құқық институты кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында ZOOM платформасында №6,№16 және №18 мектептерінің жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізді. Іс-шараға барлығы 60 оқушы қатысты. Кездесудің модераторы, директордың мансап және жұмыспен қамту жөніндегі орынбасары Елена Васильчук болашақ талапкерлерге институт құрылымы, қызметі, жүргізіліп жатқан ғылыми іс-шаралар, институт студенттерінің академиялық ұтқырлығы туралы ақпараттарды ұсынды.
Алғашқы болып мектеп оқушыларына «Менеджмент», «Маркетинг», «Есеп және аудит», «Мемлекеттік және жергілікті басқару» білім беру бағдарламалары жайында Есеп және басқару кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Айдар Байкин ақпарат берді.
Содан кейін сөз Экономика және қаржы кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты Дина Кенжебековаға берілді. Ол оқушылар назарына «Экономика», «Қаржы», «Құқық және экономика негіздері» білім беру бағдарламаларын ұсынды.
Ал «Құқықтану», «Халықаралық құқық» білім беру бағдарламалары туралы Мемлекет және құқық теориясы кафедрасының аға оқытушысы Мөлдір Байтасова айтып берді.
Психология кафедрасының аға оқытушысы, психология-педагогика магистрі Ольга Шорникова «Психология» білім беру бағдарламасы туралы айтты.
«Журналистика» білім беру бағдарламасын оқушыларға журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының аға оқытушысы, әлеуметтік ғылымдар магистрі Балажан Мұстафина таныстырды.
Сонымен қатар спикерлер өз презентациялары барысында әр мамандықтың қызмет бағыттары және қандай ұйымдарда тәжірибеден өтуге болатындары туралы ақпарат берді.
Кездесу соңында білім алушыларға жүргізіліп жатқан тәрбие жұмыстары туралы, студенттердің әлеуметтік, қызыққа толы күнделікті өмірі жайлы айтылды. Сондай-ақ гранттар, түрлі жеңілдіктер туралы ақпарат берілді.