Қостанайлық бір топ ғалымдар «Естелік кітап. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қостанай облысы» монографиясын басып шығарды. Кітаптың авторлары – А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің ғалымдары: Айдар Айтмұхамбетов – тарих ғылымдарының докторы, профессор; Серікжан Исмаилов – тарих ғылымдарының кандидаты; магистрлер Ақмарал Ералина мен Орал Такиров.
Естелік кітапқа материалдар жинау барысында ғалымдар мұрағат құжаттарын зерттеді, архивтердегі дереккөздерге сүйенді. Монография әлеуметтік-экономикалық саланы, өнеркәсіпті, денсаулық сақтау мен білім беруді дамыту мәселелерін қарастырады. Майданды қажетті материалдармен қамтамасыз етудегі Қостанай облысы халқының үлесі, сондай-ақ эвакуацияланған халық пен кәсіпорындарға көмек көрсетудегі жергілікті тұрғындардың қызметі атап өтілді.
Монография Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арнап шығарылды. Қостанай облысы Жеңіске орасан зор үлес қосты. Соғыс кезінде облыста азаматтық және әскери мақсаттағы өнімдер шығаратын ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар орналасты. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде біздің облыстан 73 мыңнан астам адам әскерге шақырылды, олардың көпшілігі үйлеріне оралмады. Соғыс жылдарында ең жоғары атақ - Кеңес Одағының Батыры атағын алғандардың арасында қостанайлықтар да аз емес. Олар: Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте алған Леонид Беда, Иван Павлов және Кеңес Одағының Батыры Естай Ищанов, Сұлтан Баймағамбетов, Сейітхан Темірбаев, Василий Афанасьев, Иван Кирпиченко және басқалар.
Монография университеттің сараптау комиссиясының шешімімен басылымға мақұлданды және студенттер мен оқушыларға оқулық ретінде ұсынылады.