Журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасы ахметтанушы, ақын, белгілі журналист Байтұрсын Ілиясты еске алу кешін өткізді. Байтұрсын Ілияс аталмыш кафедрада ұстаздық қызмет атқарған. Саналы ғұмырын баспасөз қызметіне арнаған ақын Қостанай мемлекеттік университетінде «Жас өркен Қостанай» журналының ашылуына да ат салысты.
Кездесу барысында ақынның шәкірттері Заңғар Санай, Шұға Қоңқабай, Айтолқын Айқадамова сөз сөйлеп, бірі ақынның тұлғалық қасиетін, бірі ұстаздық жолын айта кетті. Байтұрсын Ілиястың шәкірті, өңірімізге белгілі тілші Заңғар Санай өзінің естелігінде: «Ағай – керемет ұстаз. Ішкі жан дүниесі керемет. Ол кісінің алдынан өткен, сабақ алған студенттер өз істерінің мамандары болды»,- деп атап өтті. Кафедра студенттері ақынның «Патша көңіл» атты жыр жинағынан өлең оқып, кешті қыздыра түсті.
Өз кезегінде Заңғар Санай кафедра студенттеріне Байтұрсын Илиястың «Алтын бесік» кітабын тарту етті. «Алтын бесік» кітабында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы өмірінің зерттелмеген, қалың көпшілікке беймәлім тұстары баяндалады.