27 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында «Жайлау» шипажайында жазғы Enactus Leadership Camp 2022 лагері өтті. Көшбасшылық лагер Қостанай облысында алғаш рет ұйымдастырылды, оған Olzha Agro холдингі мұрындық болды. ENACTUS – әлемнің 35 еліндегі студенттер мен оқушыларды көшбасшылыққа, кәсіпкерлікке үйрететін тәжірибеге бағытталған ең ірі платформа.
KMF, Beeline Kazakhstan, Eurasia Group сияқты компаниялардың спикерлерінің арқасында еліміздің 15 университетінің 60-тан астам студенті қаржылық сауаттылықты, топтық жұмысты және көшбасшылықты дамытуды үйренуге мүмкіндік алды.
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің атынан «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар студенттерінің құзыреттіліктерін белсендіру» халықаралық Эразмус+ жобасы аясында білім алған ҚӨУ-нің ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және инженерлік білім беру бағдарламаларының студенттері қатысты, олар: Владимир Фоминов, Алишер Мирамов, Никита Сиденко, Эрик Бусыгин, Меруерт Нұрмұхамедова, Мирас Урстемов және эдвайзерлері – Smart-орталықтың технологиялар трансферті бөлімінің бас маманы Нұрсұлтан Бекбаев.
Студенттеріміз үздік нәтиже көрсетті, тіпті жүлделі орындарға, кей жағдайда 5-10 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтарға да ие болды. Ал ең қомақты жүлденің иегерлері – Меруерт Нұрмұхамедова мен Әлішер Мирамов. Олар Алматыда орналасқан ENACTUS ұлттық кеңсесінде тағылымдамадан өтуге шақырту алды.
Нәтижелі жұмыс аптасының тартымды сыйлықтарының бірі – Kostanay Music Fest 2022 фестиваліне, Fanzone-ға билеттер. Фестивальға билеттер барлық қатысушыларға табысталды. Сондай-ақ, тренинг қатысушылары Enactus Leadership Camp 2022 сертификаттарына ие болды.