А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-де дәстүрлі «Армысыздар, бұл біз!» фестивалі, бірінші курс студенттерін студенттер қатарына қабылдау рәсімі өтті. Бұл әр студенттің өміріндегі маңызды және ұмытылмас оқиға, жүздеген бозбалалар мен бойжеткендер ересек өмірге жолдама алады.
Университет ректоры Сейтбек Қуанышбаев бірінші курс студенттерін құттықтап, студенттерге оқуда үздік және жан-жақты болыңдар деп тілек білдірді.
Салтанатты іс-шарада студенттер өздерін әр қырынан көрсете білді. Бірі мың бұрала билесе, бірі тамылжытып ән салды, енді бірі актерлік шеберлігін көрсетті. Олар мамандық, оқу орнын таңдаудағы басымдылықтар мен қиындықтар туралы әзілдеді, ойларын білдірді.
Студенттер қатарына өту рәсімі таланттар фестивалі форматында өтті.
Кеш соңында студенттік парламенттің президенті Мұрат Бегежанов 1-курс студенттеріне салтанатты түрде студенттік билет табыстады. Іс-шара студент-жастардың көңілінен шықты!