А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде ахметтанушы, ақын, белгілі журналист Байтұрсын Ілиясты еске алу кеші өтті. Байтұрсын Ілияс Журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының ашылуына үлесін қосып, онда ұстаздық қызмет атқарған.
Ұлт ұстазының болмысын көп зерттеп, Ахметтануға қомақты үлес қосқан қаламгер Қостанай мемлекеттік университетіне Ахмет Байтұрсыновтың есімі берілуіне көп еңбек сіңірді. Саналы ғұмырын баспасөз қызметіне арнаған ақын Қостанай мемлекеттік университетінде «Жас өркен Қостанай» журналының ашылуына ат салысты. Аталмыш журнал талай студенттің қаламын ұштады.
«Ахметін іздеген Байтұрсын...» атты кешке кафедра оқытушылары, студенттері, ақынның замандастары қатысты. Кездесу барысында ақынның жолдастары, әріптестері Серікбай Оспанов, Қалқаман Жақып, шәкірттері Заңғар Санай, Шұға Қоңқабай сөз сөйлеп, бірі достық ниетін, бірі ұстаздық қасиетін айта кетті. «Астана» телеарнасының Қостанай облысындағы меншікті тілшісі, Байтұрсын Ілиястың шәкірті Заңғар Санай өзінің естелігінде: «Ағай – керемет ұстаз. Ішкі жан дүниесі керемет. Ол кісінің алдынан өткен, сабақ алған студенттер өз істерінің мамандары болды»,- деп атап өтті. Кафедра студенттері ақынның «Патша көңіл» атты жыр жинағынан өлең оқып, кешті қыздыра түсті.