Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тарихшыларға қазақтың сан ғасырлық шынайы тарихын әлемге танытуды, тарихи білімді жетілдіру мен жаңартуды міндеттеген болатын. Осы мақсатта «Қазақстан тарихы» 7 томдық академиялық басылымы әзірленіп жатыр.
31 қазанда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында басылымның 5 томын дайындау аясында «Қазіргі кезеңдегі отандық тарихтың өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өтті. Аталмыш конференцияда тарих ғылымдарының кандидаты, А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-нің Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры Айбек Шалғымбеков баяндама оқыды. Баяндама тақырыбы: «Строительство военно-крепостных линий Российской империей в северном регионе Казахстана во второй половине XVIII века – первой трети XIX века». Сондай-ақ ол академиялық басылымдағы екі тараудың авторы.
Оқу орнының тағы бір профессоры Өтеген Исенов онлайн-конференцияға қатысып, «Ресей империясы: қазақ қоғамындағы тархандық» атты баяндамасын көпшілік назарына ұсынды. Өтеген Ихсанұлының да зерттеу жұмыстары басылымға енеді.
7 томдық басылым Қазақстан тарихы бойынша жаңа мемлекеттік стандартты қалыптастыруға, сонымен қатар орта, арнаулы және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерге, барлық мектептік оқу бағдарламаларына, жалпы тарихи оқулықтардың барлығына ғылыми негіз болады.