ҚӨУ-нің оқытушылары мен қызметкерлері халықаралық дәрежедегі ғылыми конференцияларға жиі қатысады. Біздің оқу орнында өтетін конференцияларға да шет елдік ғалымдар тартылады. Мұндай қарым-қатынастардың басты себебі – тәжірибе алмасу.
Экономика және құқық институтының директоры Әлібек Табылденов «ХVІІІ-ХХІ ғасырлардағы Оралдың өнеркәсіптік модернизациясы» мәселесін талқылауға арналған «Он төртінші Бакунин оқулары» атты Бүкілресейлік ғылыми конференция жұмысына қатысты.
Бұл ғылыми форумның ұйымдастырушылары - Ресейдің бірінші Президенті Б.Н. Ельцин атындағы Орал федералды университеті және Ресей Ғылым академиясының Орал бөлімінің Тарих және археология институты.
Конференцияда Ресей мен Оралдың өнеркәсіптік даму тарихындағы маңызды мәселелер: ел экономикасындағы реформалардың себептері, олардың маңызы мен салдары, өнеркәсіптің дамуына ішкі және сыртқы факторлардың әсері әңгіме өзегіне айналды.
Әлібек Табылденов «1920-1930 жж индустрияландыру кезіндегі КСРО мен Орал» №3 секциясында «ХХ ғасыр. 30-40 жылдардағы Солтүстік Қазақстанның экономикалық дамуындағы депортацияланған халықтың рөлі» тақырыбында баяндама жасады.