Бүгін А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-де «Психикалық денсаулық: заман шындығы, тенденциялар мен перспективалар» тақырыбында халықаралық ғылыми онлайн-конференция өтті. Іс-шара психикалық денсаулықтың өзекті мәселелеріне арналды. Конференцияға Румыния, Греция, Германия, АҚШ, Ресей және Қазақстанның ғалымдары қатысты.
Трансильвания университетінің профессорлары (Румыния) Анжела Репановичи – DECIDE жобасының үйлестірушісі және Крит университетінің (Грекия) Манолис Коукоуракис пандемия кезіндегі DECIDE жобасының жұмысы туралы айтты. Сонымен қатар, пленарлық отырыста «Еріктілік пандемия кезінде психикалық денсаулықты қолдаудың баламалы технологиясы ретінде», «Ковид-19 пандемиясы кезінде психикалық және әлеуметтік денсаулықты зерттеуге, алдын алуға және сақтауға арналған заманауи тәсілдер», «Нашақорлықтың алдын-алу және түзету бойынша мамандарды даярлаудың заманауи технологиялары», «Пандемия қаупі жоғары кезеңдегі тұлғаның психологиялық әл-ауқатының корреляциясы мен предикторы» сияқты өзекті тақырыптар бойынша баяндамалар тыңдалды. Ғалымдар тәжірибе алмасып, психикалық денсаулық саласындағы ғылыми жетістіктерді, соның ішінде психикалық және мінез-құлық бұзылыстарының алдын алу, диагностикалау, терапия және оңалтудың заманауи тәсілдерін ұсынды.
Одан әрі конференция жұмысы бірнеше бағытта жүргізілді, онда қарастырылған тақырыптар: «Қазіргі мектеп оқушыларының психологиялық денсаулығының өзекті мәселелері»; «Қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастыру»; «Жас ұрпақ денсаулығының өзекті мәселелері».
Сондай-ақ, конференция аясында университетте инклюзивті білім беруді оқу-әдістемелік қамтамасыз ету бойынша ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық және әкімшілік қызметкерлеріне арналған оқыту семинары өтті.