2020 жылдың 25 желтоқсаны күні А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің журналистика және коммуникациялық менеджмент, философия және Қазақстан тарихы кафедраларының бірлесіп ұйымдастыруымен Әл-Фарабидің 1150 жылдығы және Абайдың 175 жылдығына арналған «Әл-Фараби мен Абай шығармашылығының рухани сабақтастығы» тақырыбындағы республикалық онлайн конференциясы өтті.
Конференцияның негізгі мақсаты: отандық ғалымдар қос ғұламаның өмірі мен шығармашылығына қатысты тың ақпараттармен алмасып, сондай-ақ, ұлтымыздың ұлы тұлғаларының тарихтағы маңыздылықтарына байланысты өткізілген жылдық іс-шараларға қорытынды жасау.
Конференцияның алғы сөзі А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-дің ғылым және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру басқармасының басшысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Гүлшат Шайкамал мен П.Чужинов атындағы экономика және құқық институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Әлібек Табулденовке берілді. Олар бүгінгі конференцияның маңыздылығы мен қажеттілігіне тоқталып, барлық қатысушыларға сәттіліктерін тіледі.
Іс-шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ және А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-дің тарих, философия, журналистика және т.б. саласының ғалымдары мен білім алушылары қатысты.
Онлайн конференция барысында «Фараби мұрасы және ХХ ғасыр мен ХХI ғасырдың басындағы қазақ ой-санасы», «Әл-Фараби мен Абай үндестігі», «Абай тағылымы: қазақ халқының өмірлік философиясы», «Әбу Насыр әл-Фараби және Ақжан әл-Машани: тұлғалар феноменіндегі рухани сабақтастық», «Кинодағы Абай заманы» және «Әл-Фараби шығармасындағы мән мәселесі» атты тақырыптар бойынша толыққанды талқылаулар жүргізілді.
Конференцияны журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының меңгерушісі, модератор Амангелді Шурентаев қорытындылап, бүгінгі іс-шараға қатысқан баяндамашы ғалымдар мен қонақтарға алғысын білдірді.