А.Айтмұхамбетов атындағы инженерлік-техникалық институтының Электроэнергетика кафедрасы Қазақстандағы Ғылым күніне орайластырылған «Инженерлік білім беруді дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары» тақырыбында студенттер мен магистранттардың халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді.
Конференцияда ұсынылған 20 жұмыстың барлығында дерлік заманауи инженерлік білім беру мәселелері, оның болашағы талқыланды. Студенттер мен магистранттардың дайындық деңгейі жоғары болғанын атап өткен жөн. Дегенмен, ұйымдастырушылар ең үздік деген жұмыстарды атап өтті.
1 орынды 6В08701 «Ауыл шаруашылығы техникасы және технологиясы» мамандығының 2 курс студенті Виктор Ляхов жеңіп алды. 2-орынды «Энергетика» ББ-ның 1 курс магистранты Константин Перевалов пен осы мамандықтың 2 курс студенті Серікжан Батырбеков өзара бөлісті. 3-орынға 6В07102 «Энергетика» мамандығының 2 курс студенттері Серікжан Мукубаев пен Карен Бабаджанян және 3 курс студенттері Диана Көккөзова мен Кристина Молибоженко лайық деп танылды. Конференцияның жеңімпаздары мен қатысушылары дипломдармен, сертификаттармен және сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен қатар, А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-нің «Электр энергетикасы» мамандығының 3 курс студенттері мен Солтүстік Каролина университеті (АҚШ) студенттерінің тұрақты дамудың жаһандық мәселелерін зерттеу бойынша бірлескен жұмыстарының постерлік баяндамалары ұсынылды, жоба жетекшісі - т.ғ.к., қауымдастырылған профессор Светлана Ибрагимова. АҚШ университеттерімен ынтымақтастық бағдарламаларының үйлестірушісі Мақсат Қошқарбаев студенттермен кездесіп, Қазақстан Республикасындағы Америка Кеңесімен ынтымақтастық, жаңа бастамалар туралы айтып берді.