Бүгін А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде дәстүрлі «Байтұрсынов оқулары – 2022» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Биылғы конференция Ғылым күнін, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын мерекелеу аясында өткізіліп отыр және «Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы және заманауи білім мәселелері» тақырыбына арналды.
Конференция жұмысына ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Қостанай облысы әкімдігінің өкілдері, алыс-жақын шет елдердің ғалымдары, Қазақстанның жоғары оқу орындарының ғылыми және педагогикалық қоғамдастығы, мұражайлар мен ғылыми-зерттеу институттары қатысты. Іс-шара онлайн режимде өтті. Конференцияның алдында «Ахмет Байтұрсынов – ұлттың, ұлы ұстазы» атты виртуалды кітап көрмесі, сондай-ақ «Журналистика және PR: уақыттың жаңа мәселелері» тақырыбында дәстүрлі панельдік сессия өтті.
Сонымен қатар бүгін «Ахмет әлемі – Мир Ахмета» интерактивті порталының тұсаукесері болды, сайтпен толығырақ сілтеме https://baitursynov.ksu.edu.kz арқылы өтіп, таныса аласыздар. Мұнда университетімізге аты берілген ағартушы, әдебиеттанушы, түркітанушы, ақын-аудармашы, қоғам қайраткері және публицист Ахмет Байтұрсынұлы туралы материалдар жинақталған. Порталда ұлт ұстазының тарихи фотолары, өміріне қатысты деректер мен қоғам қайраткері туралы деректі фильмдер, телехикаялар көпшілік назарына ұсынылған. Сондай-ақ 3D форматта университетте жұмыс істейтін А.Байтұрсынұлының мұражайын тамашалауға болады.
Конференцияда қаралған 5 бағыт:
1. Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш мұраты;
2. Алаш ағартушылығы және инновациялық білім;
3. Бүгінгі қоғам, экономика, құқық: негізгі мәселелері мен шешу жолдары;
4. Техника мен технологияны дамытудың өзекті мәселелері;
5. Жаһандану және импортты алмастыру жағдайында ауыл шаруашылығын инновациялық дамытудың басым бағыттары мен перспективалары.
Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 135 баяндама ұсынылды. Баяндамалардың барлығы алдағы уақытта жарыққа шығатын жинаққа енеді. Конференция материалдары туралы толығырақ университет сайтындағы «Байтұрсынов оқулары» айдарында танысуға болады.