Қостанай өңірлік университетінің педагогикалық институты Азия далаларының биологиялық әртүрлілігін зерттеу және сақтау жөніндегі халықаралық ғылыми конференцияны осымен төртінші рет ұйымдастырып отыр.
Еуразияның шөпті экожүйелері миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан бірегей генофондтың сақтаушысы болып табылады. Дала ландшафты адамзат өркениетінің эволюциясында ерекше рөл атқарды. Қазақ даласының бірегейлігінің жоғары дәрежесін ескере отырып, 2008 жылы Қазақстанның далалық аумақтарын, «Сарыарқа – Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдері» (Наурызым және Қорғалжын қорықтары) объектін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу туралы шешім қабылданды.
Конференцияға қатысушылардың баяндамаларында далалық экожүйелердің биологиялық әртүрлілігін, Еуразия далалық аймағының аралдық және таспалы ормандары мен сулы-батпақты жерлерін сақтау, табиғи аумақтар мен ерекше қорғалатын түрлердің популяциясын сақтап қалу жөніндегі зерттеулердің нәтижелері мен перспективалары айтылды, сондай-ақ экологиялық желінің қалыптасуы, жаратылыстану ғылымдары мен білімнің интеграциясы және университеттердің биоәртүрлілікті зерттеудегі үлесі сөз болды.