Бүгін А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-нің ректоры Алма Дощанова, бірінші проректоры Арман Исмаилов, сонымен қатар маркетинг және кәсіби бағдарлау бөлімі бастығы Асхат Жұмабаев «Талапкер-2021. Жоғары оқу орындарына қабылдаудың ережелеріндегі өзгерістер» тақырыбында брифинг өткізді. Онда ҰБТ тапсыру форматындағы өзгерістер, университеттерге қабылдаудың үлгі-ережесі, ЖОО түсу үшін колледж түлектеріне қойылатын талаптар, магистратура мен докторантураға түсу ережелері туралы айтылды.
Қостанай облысында 15 сәуір мен 30 маусым аралығында мемлекеттік білім грантына тапсыру үшін ҰБТ электрондық «бір компьютер, бір камера, бір тестіленуші» форматында өтеді.
Жаңадан енгізілген өзгерістерге сәйкес түлектер ҰБТ тапсыру күнін, уақытын таңдау және ең бастысы 2 рет тапсыру мүмкіндігіне ие. Тіркеу www.testcentr.kz. сайтында жүргізіледі.
ЖОО-да қабылдау комиссиясының жұмысы 20 маусым мен 24 тамыз аралығында жүзеге асады. Грантқа өтініш беру мерзімі - 10 тамыз-20 тамыз. ЖОО-на қабылдау 28 тамыздан басталады.
Магистратураға да өтініш www.testcentr.kz сайтында беріледі. Мерзімі – 1 маусым мен 15 шілде аралығы. Магистратураға түсу үшін кешенді тестлеу 20 шілде мен 10 тамыз аралығында өтеді.
Докторантураға түсу үшін үміткерлер компьютерде эссе жазады және білім беру бағдарламасының бейіні бойынша емтихандар тапсырады.
Докторантураға өтініштерді қабылдау 3 шілдеден 3 тамызға дейін жүзеге асады. Емтихан 4-20 тамыз аралығында. Сондай-ақ докторантураға түсу үшін шет тілін меңгергенін растайтын сертификаттың болуы міндетті.