object(DateTime)#1029 (3) {
  ["date"]=>
  string(26) "2024-11-25 10:43:04.000000"
  ["timezone_type"]=>
  int(3)
  ["timezone"]=>
  string(12) "Asia/Karachi"
}

АШЫҚ ЕСІК КҮНІ

Бүгін А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде ашық есік күні өтті. Іс-шараның ресми бөліміне ректор Сейітбек Қуанышбаев, қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева, Қостанай қаласы мектептерінің директорлары және институт директорлары мен кафедра меңгерушілері қатысты. Дөңгелек үстел барысында кәсіптік бағдар беру мәселесі, университет пен мектептердің өзара ынтымақтастығы талқыланды.

Диалогтың негізгі мақсаты – түлектерді еліміздің жоғарғы оқу орындарын таңдауға ынталандыру механизмін анықтау, сондай-ақ кәсіптік бағдар берудің жаңа тиімді формаларын табу. Жиынға қатысушылар университет өкілдерінің ата-аналармен және оқушылармен жүйелі түрде кездесулер өткізу, білім беру бағдарламаларымен таныстыру, оқу орнына экскурсиялар ұйымдастыру туралы ұсыныстарын айтты.

Жалпы А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-і қалалық білім бөлімімен тығыз байланыста: қаланың алдыңғы қатарлы мектептерінің базасында университет кафедраларының филиалдары ашылды, жақын арада біздің оқытушыларымыз мектептердегі Қамқоршылық кеңестің құрамына енеді. Бірлескен зерттеулер жүргізілетін ғылыми зертханалар ашу да жоспарда бар. Бұл қадамдардың барлығы талапкерлердің университетімізбен тығыз байланыста болуы, түлектерді тарту мақсатында жасалып отыр.

Іс-шараның екінші бөлімінде қала мектептерінің оқушылары төрт институтты аралап, шағын концерттік бағдарламаны тамашалады. Кафедра өкілдері өздерінің білім беру бағдарламаларымен таныстырды. Биылғы оқу жылында университет бұл бағытта біршама жұмыстар атқарды. Оқу орны оқытушылары қаңтар-сәуір айлары аралығында облыстың аудан-қалаларындағы барлық дерлік мектептерде болып, оқушылармен және олардың ата-аналарымен кездесті. Осы күндері университетіміздің өкілдері Түркістан облысының оқушыларымен жүздесіп, кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізуде. Жуырда Батыс Қазақстан өңірінің түлектерімен кездесу жоспарға қойылды.  

Сонымен қатар, бүгін Ашық есік күні аясында облыстағы 20 мектеп мұғалімі мұғалімдерді қайта даярлау курстарынан өткендігі туралы сертификат алды.

Қабылдау комиссиясы