Қостанай өңірлік университеті мектеп оқушылары мен колледж түлектері үшін кәсіптік бағдар беруді дәстүрге айналдырды. Оқу орны оқытушылары облыс, аудан, қала, ауыл мектептерін аралап, университеттегі білім беру бағдарламалары, жеңілдіктер мен мүмкіндіктер жайлы толыққанды ақпаратпен бөліседі. Өміріндегі ең маңызды таңдау алдында тұрған мектеп түлектеріне бағыт көрсетіп, жаңа өмірге жолдама береді.
28-29 қараша күндері Ө.Сұлтанғазин атындағы Педагогикалық институттың кафедралары Қостанай қаласының білім бөлімімен келісілген кесте бойынша барлық қала мектептерінде болды.
Сонымен қатар П.Чужинов атындағы Экономика және құқық институтының оқытушылары Қазтұтынуодағы Қостанай Жоғары колледжінің және Қостанай гуманитарлық колледжінің заң мамандығының студенттерімен кездесті. Кездесу барысында әскери кафедра, академиялық ұтқырлық бағдарламалары, тәжірибеге бағытталған оқыту, университеттегі үйірмелер туралы айтылды.
Колледж студенттері үшін трасология және баллистика кабинетін, тергеу іс-қимылдары кабинетін, оқу-сот процесі залын қамтитын институттың криминалистикалық полигонына қызықты экскурсия ұйымдастырылды.