Басты бет

 

Жастарға қолдау жасалмақ

 

Барлығымызға белгілі Елбасымыз биылға жылғы жолдауында өзекті мәлелерлер көтерді. Елбасымыз өз сөзінде айтып өткендей, әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымыздыөркендету жолындағы маңызын жете түсінуге тиіс. 

Еліміз тәуелсіздік алғалы 3 үлкен жаңғыруды басынан өткізді. Сол жаңғыру арқасында еліміз өркендеп қазіргі таңда дамыған 50 елдің қатарынан көрініп келеміз. Ең соңғы жаңғыру бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін берді.Бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет.

Сонымен қатар Елбасы ауылды жерлердің әл-ауқатын арттыру үшін арнайы «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске қосуды тапсырды. Бұл жоба арқылы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны ілгерілетуді қолға алу керек. 

Рухани жаңғыру бағдарламасының бағытын толықтыру мақсатында «Туған жер» бағдарламасын ауқымды түрге келтіріп «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта қалыптастыруды бұйырды.

Елбасымыз мемлекет болашағы – білімдіжастардың қолында екенін тілге тиек етіп,келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. Барша студенттерді Елбасымыздың артқан сенімін абыроймен ақтауға шақырамын.

 

Ерғали Құрбанбек,

Ақпараттық технологиялар факультетінің 4 курс студенті

 

 

 

Елдің әл-ауқытының жақсаруы – халық мерейі

 

2018 жылдың 5 қазанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына өзінің кезекті жолдауын жолдады. «Қазақстандықтардың әл – ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы дәстүрлі жолдауда елдің экономикалық – әлеуметтік дамуы мен азаматтардың әл – ауқатын жақсарту мәселесі көтерілді.

Жаһандық және жергілікті проблемалар тоғыса түскенде сын-қатерлерге төтеп берудің және мемлекеттің табысқа жетуінің кепілі елдің басты байлығы – адамның даму мәселесі екенін атап өткен Елбасы Қазақстандықтардың әл – ауқатының өсуіне баса назар аударды.

Ең төменгі жалақыны 1,5 есеге, бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысын 35 пайызға өсіру арқылы тұрақты тұрмыс сапасын жақсартуға болатынын айтып өтті.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту, экономикадағы бәсекелестікті дамыту сияқты батыл шараларды қолға алып, оны ары қарай дамытуға тапсырмалар берілді. Осы мәселелелермен бірге, жастар мәселесі мен педагогтардың мәртебесі Жолдаудың басты бағыттарының бірі болғаны анық. Ұстаздар қауымы мен жастардың көкейіне үміт сәулесін ұялатқан игі бастаманың сәтті жүзеге асарына сеніміміз мол.

Қостанай облысының 64,5% тұрғыны (оның ішінде 53,8  пайыз қала тұрғыны, 76,3 пайыз ауыл тұрғыны) 2018 жылдың 5 қарашасында ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын тыңдаған. Қала тұрғындарының 74,3 пайызы, ауыл тұрғындарының 80 пайызы Жолдаудан жағымды әсер алғанын айтады. Облыс бойынша халықтың жүз пайызы Жолдауда өздерін толғандырған мәселелер көтерілгенін айтқан. Қала және ауыл тұрғындарының 28,6 пайызы, ауыл тұрғындарының 35,6 пайызы жаңалықтардан естісе, БАҚ басылымдарынан 5,7 пайыз ауыл тұрғыны оқыған. Облыс тұрғындарының 96,3 пайызы ең төменгі жалақының 1,5 есеге өсетінін жылы қабылдаса, зейнатақы активтері мен әлеуметтік сақтандыру жүйесінің ресурстарын тиімді басқару мәселесін 45,7 пайызы қала тұрғындары, 31,1 пайыз ауыл тұрғыны, жалпы облыс тұрғындарының 37,5 пайызы қуана қабылдап отыр.

Жолдау аясында атқарылатын іс – шаралар халықтың әл – ауқатын арттыра түсетініне сенім мол. Елбасы тапсырмасын орындау – басты міндет. 

Айсұлу Мұханбетжанова,

 журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының аға оқытушысы 

 

 

 

Қазағымның жұлдызы маңдайдағы 

 

 Әсия Беркенова 

 Қазақстан халық ақыны 

 

Кәмшат ... Өткен ғасырдың 70-80 ж. әр қазаққа шуақтай жылы естілген есім бұл.Өмірінің өрнегін еңбекпен зерлеген апамның мейірлі де мерейлі жүзін баспасөз беттерінендөненбаева көріп, сүйсіне де сүйіне білген ұрпақ едік біз.Апаның Өмірін өнеге етіп, еңбек жолына еліктеп, сол замандағы саяси ұранға ұйыған талай қыздар  «тракторшы қарындас» атанды. Бірақ кәусар мінез, тұлпардай табанды еңбек иесі тек Кәмшат апа болып шықты. 

Алқалы жиындарда жанына баруға да бата алмай, сыртынан сүйсініп, алыстан аңдап қана жүрген апамен бетпе-бет жүздесіп, танысу-табысудың да сәті түсті-ау.«Елмен елді табыстырған қыз әулие» деген рас. Камшат апамның ауылнан кіші ұлымыз Аян шаңырағымызға келін түсірді. Келініміз Назгүлдің анасы, құдағиым Несібелді Кәмшат апаның руласы болып шықты. Екеуі балдаурен балалық шағы мен бойжеткен бұла кездерін бірге өткізген екен. Әрі бір елге келін болып түсіпті. Алғашқы ашық –жарқын амандық сұрасудан кейін-ақ, Кәмшат апа менің өнер жолымды әрдайым қадағалап жүргенін, өзінің де менімен жақын танысуды ойлап жүргенін айтты. 

Қостанай облысында айтыс  жаңғыру кезеңіне келгенде,  басы-қасында ұлттық өнердің жанашыры  Қауез Тажмакин жүрген еді. Қауез аға да менің өнеріме ризашылықпен, ерекше мейіріммен қараушы еді.«Тәмпіш әлі танытады өзін,»-деп әзіл –шыны аралас маған сенім жүгін артатын. Сол Қауез ағамыз Кәмшат апаның туған құдасы екен. «Кәмшат-ай, айналайын, Әсиямен жолығып, маңдайынан бір иіскеп, сүйсең ғой,»-дейді екен апаға.«Сол ағаның айтқанын орындап жатырмын ғой,»-деді апам мені құшақтап тұрып. 

Кейін Кәмшат апамен талай  сырластық. Әр  кездесуден алған әсерімді копке дейін ұмыта алмай жүретінмін. Ең басты әсерім де, түсінгенім де Кәмшат апа- Алланың ерекше ықыласпен жаратқан тұлғасы. Ажарына ақылы, пейіліне парасаты сай аруана.Зейнетке шықса да зейінін құрғатпаған апам әрдайым қоғамдық іс- шараларға қатынасып жүрді.Жасы ұлғая келе тумысынан иман жүзді, періште пейіл апам тікелей дінге бет бұрды: намазға жығылған еді. Мұсылмандық бес парыздың бас парызы қажылық сапарға барып, қажы ана атанды. «Айналайын,  Әсия. Нәсіп етсе сізге де барар жол түсер.Мен өзім барғанда ислам дініне деген ықыластың қандай ғажап екенін көріп, таң болдым. Теңіздей толқып жылжып келе жатқан көптің алдында сүрініп кетуден қорқып, Қағбаны  айнала  бергенімде бір тосын жел басымдағы орамалымды ұшырып алып кетті. Ой, Алла –ай! Не күнәм бар еді, не жаздым деп қос қолыммен төбемді жауып жылап жібердім. Тұруға шама жоқ, жылай жүре беріп, екінші айналғанда орамалым басыма келіп қонды,»- деп Кәмшат апам толқи отыра, басынан өткен осы жәйтті әнгімеледі. Ғажап!Басқа сөз түспейді ауызға. Алланың асыл перзенті болмаса дәл мұндай ғажап екінің бірімен болмасты... 

Кәмшат апа маған  «сіз» деп сөйлейтін. «Апа , маған сіз демеңізші. Мен кіммін сіздің қасыңызда? Қысыламын, »- дегем.  Апам: «Жоқ, олай демеңіз. Сіз тегін адам емессіз. Тәңір таңбалаған пендесіз ғой,» -дейтін. 

...Шіркін,  Кәмшат апам! 

Абыройын асқақтатып, атағын аспандатқан, бойынан биік доңғалағы бар «К-700» тракторға жармаса мініп, доптай секірп түсіп жүрген күндер ізсіз өтпеген екен. Апаның аяқтары қатты аурған бір кездері емді бір дәрігерден алып жүрдік. Сол кезде де апаның талай  тұшымды, тағылымды әнгімелерін тыңдау бақытына ие болдым.Әнгімелескен сойын құмарлана тыңдаушы  едім. Апа өмірінің әр түрлі кезеңіндегі елеулі оқиғаларды еске алып, бірде күліп, бірде сараптап, бүгінгі күнмен салыстырып әңгімелеуші еді. Әңгіменің тақырыптары өзгерсе де, апам өзгеріссіз: салиқалы сабырлы, айтар сөзін оймен өлшеп отыратындай. Кәмшат апам еңбекте Ер атанбаса, Алла оған бақ-бедел берудің басқа жолын берер еді деп ойлаймын.Кейін апам отырып қалғанда, сол кейпін көргім келмей, сондай жағдайға апаны қимай, көңілін телефонмен ғана сұрап тұрдым. Сөйтіп жүргенде асыл ападан айырылып қалдық. Бірақ, қазақтың Кәмшатының бейнесі менің жүрегімде мейірімді, жылы жанарымен, көргенде көз тоймас көркімен, басында ақшаңқан жаулығымен сақталып қалды.

 

Жылдан күтіп, тілеп ек айдандағы,

Ақ тілектің деген ек жайнар бағы. 

Қарашаның  түнінде сөнді мәңгі 

Қазағымның жұлдызы маңдайдағы.

 

Аптап қырда күнгейлі дәлізді аңсап, 

Алтын дәннен ақ бұлақ ағызған шақ, 

Бар әлемге танытқан қазақ қызын 

Мақпал мінез, еңбекте Ер, аңыз Кәмшат.

 

Жаратты Алла бір өзін дара ғып тым, 

Салмағына қайыспас дара жүктің. 

Кәмшат өтіп өмірден тау беделді, 

Құлағандай бір шыңы даналықтың. 

 

Ақыл менен ажардан құралғандай, 

Бақ табымен жарқырап тұрар маңдай, 

Кәмшат өтіп өмірден, парасат пен 

Мейірімнің бұлағы суалғандай. 

 

Сенбейін бе мен бұған, сенейін бе, 

Көз жасымды жосылтып төгейін бе?! 

Орны толмас асылдан айырылып, 

Тірелді кеп өксігім көмейіме. 

 

Қамшы ғұмыр үзілді қас - қағымда. 

Басу айтам жұртыма. Баспа мұңға: 

Кәмшат өтті фәниден бақилыққа, 

Жану үшін жұлдыз боп аспанымда. 

...Қалу үшін тарихтың дастанында...

 

 

 

 

Салмағы ауыр, сұрауы мол жауапкершілік

 

абатовЖаңа өмірге қадам басқан қазақ жастарының алдында тұрған міндеттер мен олардың мойынына артылған салмағы батпандай ауыр жауапкершілік туралы өзімнің ойларымды ортаға салып, дана халқымның пікірін білуді жөн көрдім.

Тағдыры мен болашағын саған сеніп тапсырған адамдардың алдындағы салмағы ауыр, сұрауы мол жауапкершілікті толық сезіну, тағдырлас кісілердің әрқайсысына қатысты өзінің міндетін білу және борыштарын абыройлы орындау үшін алдын - ала ұзақ жылдар жалықпай дайындалу, кездескен қиындықтарға төзіп, жеке басының мүддесін өте төмен ұстап, жақын адамдарына қуаныш пен бақыт сыйлауға, парыздарын абыройлы орындап шығуға өмірін арнау - бұл жауапкершілік деңгейі өте жоғары және өзіне қатаң талап қоя білетін, жолынан жығылмау үшін жеке басының мүддесін құрбандыққа шалу қолынан келетін, демек пендешілік сезімдерін жүрегінің төрінен қуып шығып, адамгершілік сезімдерге жүрегінің қақ төрінен орын берген, жандүниесі рухани бай, қазақ халқының тектілігін бойына жинаған нағыз адамға ғана тән және сирек кездесетін тамаша қасиет.

Туған жері мен қазақ елін жаудан қорғау үшін сансыз ерліктер көрсетіп, қазақ халқының ұлы тарихын қанымен жазған және бүгінгі мемлекеттік тәуелсіздігіміздің дәнін сеуіп, негізін қалаған, ұрпағына кең байтақ жер, ұлттық рухани құндылықтар мен төл мәдениетімізді мирас етіп, соңына өшпейтін із, өлмейтін сөз қалдырған данышпан, батыр, әрі текті бабаларымыздың соңынан ерген бүгінгі жас ұрпақ қандай жауапкершілікті сезініп, қандай маңызды істер атқаруы тиіс?

Туған жеріміз бен ұлтымыздың және мемлекеттік тәуелсіздігіміз бен қазақ елінің болашақ тағдыры - бүгінгі жастардың қолында. Кең байтақ туған жерімізді жаудан қорғап, ұрпақтан - ұрпаққа мирас ету, қазақ халқының санын көбейтіп, ұлттық болмысын сақтау, тектілігін тірілтіп, бәсекеге қабілеттілігін арттыру, мемлекеттік тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтау, қазақ елінің экономикасы қарыштап өсіп, дамып кеткен мемлекеттердің қатарына қосылуын қамтамасыз ету - бұл қазақ халқының ұлы тарихы алдындағы бүгінгі жастардың басты борышы, текті бабаларымыздың алдындағы ұрпақ парызы.

Бір - біріне керемет ғашық болып, махаббатқа мас болып жүрген бозбала пен бойжеткен отау құрған кезде алдарында қандай қиын сынақтар мен салмағы нардың да белін майыстыратын қандай ауыр жауапкершілік күтіп тұрғанын сезе ме екен? Өмірдің ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан заңы бойынша кімдер өзінің тағдыры мен болашағын, абыройы мен беделін жас жұбайларға сеніп тапсыратынын үйленіп жатқан қыз бен жігіт біле ме?

Ержеткен жігіт үшін үйлену - сүйген қызына қосылып, оттай ыстық махаббаттың буына мас болу, жар сүю ләззәтін сезіну, ұрпақ сүю бақытына бөлену, жұбайы және балаларымен бірге ұзақ жылдар бақытты өмір сүру. Балаларын мәпелеп бағып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп жеткізген ата-ана үшін үміт күтіп отырған ержеткен ұлын үйлендіру - өздерінің тағдыры мен болашағын ұлы мен келінінің қолына тапсыру, жастарға тәуелді болу.

«Келіннің парыздарын» орындауға басын қатырмайтын қыздар «удачно» тұрмыс құрудың арқасында күйеуінің ақшасына сәнді киім киіп, қымбат көліктерге мінуді, зәулім үйде тұрып, бай өмір сүруді аңсайды. Болашақ күйеуінің сыртқы пішімі жігітке өте ұқсас, бірақ өзі ертегідегі «алтын балық» болғанын қалайды, яғни, келіншегі сұраған барлық заттарды ренжімей сатып алып бере беретін жомарт жанға, ал әйеліне бір де бір талап қоя алмайтын ынжық жігітке күйеуге тиіп, қыздар жанұялық өмірде өзі би, өзі қожа болуды армандайды.

Түн ұйқысын төрт бөліп, баласының табанына кірген шөңгірді өзінің маңдайына қадалуын тілейтін аяулы анасы мен асқар таудай пана болып, өмірге баулыған әкесінің тағдыры мен болашағын сеніп тапсыруға лайық қызды табуға, қайын атасы мен енесінің бақытты болуы келінге байланысты екенін түсінетін және жауапкершілікті мойынымен көтеріп, «келіннің парыздарын» бұлжытпай орындауға дайын ару қызды табуға жас жігіттің ақыл-ой парасаты жете ме? Саналы жігіт мәпелеп өсірген мейірімді анасымен және көргенінен түйгені мол әкесімен ақылдасып отырып, аяулы ата-анасын ерекше құрметтеп, талаптарын қабақ шытпай орындайтын келін болуға лайық, атасы мен әжесін жақсы көріп, үміттерін ақтайтын болашақ немерелерінің анасы болуға лайық, күйеуін сыйлайтын ақылды, қайнылары мен қайын сіңілілеріне жақсы жеңге болуға лайық, абысынымен тату-тәтті өмір сүріп, қайын атасы мен енесінің үміттерін ақтау, қайын жұрты мен күйеуінің абыройын биікке көтеру қолынан келетін, анасы мен әкесінің және өзінің тағдыры мен болашағын сеніп тапсыруға лайық қазақтың жас ару қызын тауып алып, әкесі мен анасы келісімдерін берген қызға ғана үйленуі тиіс.

Әрбір жігіт өз отауының тізгінін өз қолында ұстап, келіншегіне қартайған әкесі мен анасын мәпелеп баққызуға сөзі өтсе, баласын атасы мен әжесінің қойындарына жатқызып, немерелеріне сақтаған махаббаттарынан шөлі қанғанша сусындатуға, тағылымы орасан зор ата мен әже мектебінен тәрбие алу бақытын өзінің балаларына сыйлауға жігіттің ақылы жетсе, келіншегі «келіннің парыздарын» бұлжытпай орындап шығып, күйеуінің көмекшісі, қолдаушысы, тілектесі болуға жараса, сонда әке-шешесін ұлы мен келіні, сый-құрмет көрсетіп, мәпелеп бағып отырған, демек, жастарының жүрегіне ұлттық рухани құндылықтарды сіңіріп, жауапкершілікті мойынымен көтере алатын саналы ұрпақ тәрбиелей алған дана халықтың болашағы зор.

Әрбір қазақ қызы тұрмысқа өзі бақытты болу үшін шықпай, қайын атасы мен енесіне және отағасына дені сау, саналы ұрпақ пен қуанышқа толы бақытты өмір силау үшін күйеуге тисе, ал жігіттер ата-анасының үміттерін ақтай алатын иманды қызға үйленіп, әкесі мен анасына сүйкімді немерелерінің қызықтары мен қуаныштарынан тұратын бақытты өмір сыйласа, сонда ғана жас жұбайларға бақытты жанұя болуға, перзенттік парыздарын абыройлы орындап, өнегелі отбасы деңгейіне көтерілуге ақ жол ашылады және ата-анасының ақ батасын алу бақыты бұйырады.

Ата-анасына қамқор болып, туған жерін жаудан қорғау, қазақ халқының абыройын асқақтатып, елінің көркеюіне қомақты үлес қосу, ұлы бабаларының алдындағы ұрпақ парызын абыройлы орындау қолынан келетін саналы жас ұрпақ қалыптасуы үшін әрбір жігіт пен қыздың бойында болуы тиіс қасиеттердің бірі – жауапкершілік. Бүгінгі жастардың бойындағы жауапкершілік деңгейінің төмендеп кетуі - бұл айтуға өте ұят істердің қоғамда орын алуына, арамызда бақытсыз адамдардың көбейіп кетуіне, қыздар мен жігіттердің рухани азғындау жолына түсуіне әкеліп соқтыруда және ұлтымыз бен қазақ елінің болашағына үлкен қауіп төндіруде. Демек, қазақ халқы мен қазақ елінің болашағы жарқын, ал тәуелсіздігіміз баянды болуын шын пейілмен тілейтін болсақ, онда кімдердің тағдыры үшін өзінің жауап беретіндігін түсінетін және жауапкершілікті қиналмай көтере алатын, намысты қолдан бермейтін саналы, білімді, қайратты, ұлтжанды жастарды тәрбиелеу – бұл алтын ұя мектептің басты міндеті, әрбір ата-ананың негізгі парызы екенін ұмытпайық, қадірлі ағайын. 

 

Нұрлыбай Абатов,

Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры,

физика-математика ғылымдарының  кандидаты 

 

 

 

 

Менің таңдауым  

 

Ұстанымсыз адам ескексіз қайықпен тең. Бұл қағида адам баласының рухын биік ұстауға, алға өзін жетелей білетін қиын сәтте жанға демеу беретін құдіретті күш деп ойлаймын. Үлкен өмірге қадам басқан сәттен-ақ көп дүниелерге таңдау жасауға тура келеді.Ата-аналарымыз бала күнімізде үнемі біз үшін таңдау жасап,болашағымыздың жарқын болуына ықпал етсе,енді міне,есейіп,бойжеткен шағымызда барлық таңдау тікелей өзіміздің қалауымызбен жасалатын болды.Сәби күнімізде ойыншық таңдап,оқушы шағымызда мектептегі пәндер мен дос-құрбылар таңдай бастасақ,ал қазір міне мамандық таңдап,болашақты айқындайтын сәтте жетіп қалды.  Әр адамның жан дүниесінде, жүрек түкпірінде тамыр жайған арманы, өмірлік ұстынымы болады. Олар сенімен бірге өседі, өркендейді. Дәл осындай аласармайтын асқақ арман, балаң жүрегімнің қалауы менде де бар. Ол–қаламы қарымды журналист болу.  Балауса бала күндерімнен теледидар бағдарламаларын, жүргізуші аға-апаларымыздың татымды сөздерін тұшына тыңдадым. Тіпті менің кейбір мінез иірімдерім, сөйлеу мәнерім, әдебім сол кейіпкерлерге ұқсап кетеді десем қателеспес едім. Есейе келе, журналист болсам деген шешімге біржола бекіндім.  Халықпен бірге тыныстайтын, оның жоғын жоқтап, жырын жырлайтын, ақиқаттың астарына үңіліп, қашанда әділдікті жақтайтын нағыз журналист болуды армандаймын.

Бұл мамандықтың мені қызықтыратын жақтары жетерлік. Солардың ішінде тілшінің шындықты айтатын, тек шындықты жақтайтыны,  сөзге шешен, ұтқыр ойлы, жан дүниесі әсем, кез келген адаммен сөз табыса алатын, қарапайым, білімді адам болуы жаныма жақын болып келеді. Ащы болса да, шындықты жақтайтын, шындық үшін күресе білетін, өз ісімнің маманы болғым келеді! Кім біледі, менің бүгінгі арманым – ертеңгі болашағым болар? Олай болса, болашақ мамандығым жайлы айтып кеткім келеді. Қасиетті Абай атамыз:"Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!" − деп еді. Онысы әр адам өмірде, мансаптық жолында, жеке іс басылық жұмыста өзіне лайық орын тауып, беделді адам бол дегені.

Журналист – қарапайым халық пен  жоғары билік арасындағы алтын көпір. Тек шындықты айтатын рухы биік адам ғана осы мамандықты меңгере алады. Бұл мамандықтың қызығы мен қиындығы қатар жүретінін терең түсінемін. Оның қыры мен сыры, күнгейі мен теріскейі, алына бермес асуы мен асқары бар екенін сеземін. Ол өмірдің ғажабын да, азабын да, қоғамның жақсылығын да, жамандығын да жазады. Қажет болса, сот процестеріне қатысады, қылмыстық оқиғалардың басы-қасында жүріп, репортаж жүргізу үшін басын бәйгеге тігіп, қауіпті жерлерге де сапар шегеді. Осы "тар жол, тайғақ кешулерде" шаршармын, кейде "адасармын", бірақ көздеген мақсатым–түбірлі де түбегейлі шешім.

Меніңше, тілші болу өте қызық. Сонымен қатар өте қауіпті жұмыс болып табылады.Бұл мамандықтың иелері — әрдайым ізденісте жүретін өте шығармашыл, еңбекқор жандар. Кездескен қиындықтарға қарамастан, өз қызметіне әрдайым мығым болады. Ешқашан айтқанынан танбайтын, батыл, шыншыл жандар. Мен де соларға қарап бой түзеп, болашақта өз еліме адал қызмет еткім келеді. Ұйқыңнан оянғанда бүгін сені қандай жаңалықтар күтіп тұрғанын білмейсің, қандай оқиғалар болып жатыр, кімнің тағдырына араша түсесің, соны ойлағанда жаның жай таппайды. Бәрі белгісіз. Құпия, белгісіз, беймәлім нәрселер адамды одан сайын ынтықтыра түседі. Мүмкін, менің де журналистикаға деген құлшынысым осы бір жұмбақты шешуге деген ұмтылыстан басталған шығар?..

Айтып кеткендей, бала кезімнен бастап түрлі бағдарламалар, жаңалықтар көруге құмар едім.  Теледидарда сөйлеп жатқан аға-апаларымнан үлгі алып, олардың сөйлеу мәнеріне ғашық болдым. Сондайда  жер-дүниенің жаңалығын жеткізетін Мәдина Балғабаеваның  тіл мәдениетіне, салмақтылығына қызығатын едім. Көк жәшіктің ар жағынан жүргізуші апамды көрген сайын жақынымды көргендей ішім жылып сала беретін. Жаңалықтарды көріп алған соң, мен де өзімше Мәдина апам сияқты айнаның алдына отырып алып, көрген-білген, естігенімді тәптіштеп, әдемілеп айтуға тырысатын едім. Мен Мәдина Балғабаеваны  қазақ телевизиясында өз қолтаңбасы бар тележурналистердің бірі деп еш ойланбастан айта аламын.  Мәдина Балғабаеваның жаңалықтарды жүргізгенінкөріп отырып, мен де осындай болсам екен деп қиялдайтынмын. "Мәдина сияқты журналист болсын" деп жаңа туылған қыздарға ырымдап Мәдина Балғабаеваның  есімін қойып жатқандарды естігенде тіпті қызығушылығым арта түсетін еді. "Менің де есімімді жұрт теледидардан көріп, Нұрайдай болсын деп қыздарына менің есімімді берсе ғой!" дейтінмін бала қиялмен.

Соңғы жылдары мен үшін "Біздің назарда"бағдарламасының орны бір бөлек десем, артық айтқаным емес. Ақырын ғана бағдарламаны артық шоусыз шебер жүргізетін Жансая Қожахметованың орны ерекше. Асықпай баппен сөйлеп, қазақ елінде болып жатқан маңызды  оқиғалар мен жаңалықтарды, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін халыққа 15 минут ішінде дәл және анық жеткізе білетін Жансая апамның тележурналистикадағы өз жолы дара. Бұл – менің ойым. Дегенмен менің ойыммен кім де болса келіседі деп ойлаймын. Өйткені жібектей мінезі, салмақты да салиқалы сөздері, тігісін жатқызып жеткізетін астарлы ойлары нағыз майталман тележурналистің өзін танытып тұрады.. Жансая апамды телидидардан көрген сайын осындай ойлар келеді маған. Міне, нағыз қазақтың қазіргі заманғы қыздарының келбеті деп тамсанамын. Тамсанып отырып, таңдайымды қағамын. Тайдайымды қаға отырып, таңдауым журналист болу деймін.

Келтірілген мысалдар, ондағы журналист апаларым, менің журналистиканы таңдауыма себеп болған десем, жаңылыспаймын. Сөздің иіні келіп тұрғанда, қызығы мен қиыншылығы көп журналистиканы таңдауыма апамның да үлесі бар деген ойды айта кеткім келеді.Апамның өзі өлең шығарып, қағаз жазып отырғанды ұнататын.Мені кішкентай кезімнен осы мамандыққа баулыған болатын. Тіпті мен туған кезімде мен журналист болсын деп менің есімімді сол кездегі танымал тележүргізушілердің бірі  Нұрай Мұқадестің есіміне орай, ырымдап қойған болатын. Әрине, "Халықтың көзі, құлағы, һәм тілі" болу да оңайға соқпасы белгілі. Бұл мамандықта, менің ойымша, журналистің алдында екі түрлі жол тұрады. Біріншісі, ел мұңын жоқтамай, жазған мақалаңда жазалыларды мақтап, жапа шеккендерді даттап, әлдекімдерге ұнауға тырысу. Сонда бәрі тез орындалады. Баяғы сарай ақындарынша мансапқа да, байлыққа да тез жетесің. Бірақ бұл – Жиренше шешен айтқандай "жақын, жақын да болса алыс жол". Өйткені тез ұмытыласың. Қазіргі жауыннан кейін қаптап кеткен саңырауқұлақтардай көбейіп кеткен кей тележүргізушілер сияқты атың тез өшеді. Екіншісі, айтқаның алысқа жететін, жазғаның жел қозғайтын журналист болуға тырысып, иненің ұшындағы, сыздауықтың өзегіне жиналған мәселелерді қозғау. Бұл – Жиренше шешен айтқандай "алыс, алыс та болса жақын жол". Менің ойымша, осы жолды таңдағандар мен жоғарыда мысалға келтірген тілшілердей ел есінде сақталып қала алады.

Қорытындылай келе, тасқа таңбамен із қалдырған ата-бабаларымыз секілді мен де өз ізімді осы салада қалдырғым келеді. Тек менікі тасқа басылмаса да, таспаға басылып, төрт тарапқа таралса деймін. Еліміздің өткені мен ертеңін таспаға таңбалағым келеді. Бұлай істей алуыма жұдырықтай болса да, жүрегім сенеді. Сөз соңында айтарым, "Атаңның баласы болма, адамның баласы бол" деген Абай атамыздың өсиетін өмірлік ұстанымым ете отырып, қазаққа ғана емес, жалпы түркі жұртына, бүкіл адамзатқа қызмет еткім келеді.

 

Нұрай Сапарбекова,

А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ журналистика мамандығының

1 курс студенті

 

 

 

 Сериалдар сананы улауда 

 

Аякөз Қожабекова, 

ГӘФ журналистика мамандығының 2 курс студенті

 

Бүгінде көпшіліктің көгілдір экраннан көз алмай көрері –алуантүрлі сериалдар топтамасы. Әсіресе, естіген жанды көңілді әуенімен елітіп, ырғақты биі, сәнді сариымен қызықтыратын үнді сериалдары осы топтаманың көшін бастап тұр. 

Көрерменге көркем көрініс сыйлайтын көк жәшікті қосып қалсаңыз үнді сериалдарынан көз ашпайсыз. Оның дәлелі, қазіргі таңда Қазақстан ұлттық арнасындағы «Қыздарым үшін», КТК арнасында«Тағдырмен тартыс», «Келіндер», 31 арнада «Киелі неке», Астана арнасында «Гүнештің қыздары», Еуразия бірінші арнасынан «Джодха және Акбар» және «Абысындар», «Қыздың жолы жіңішке»,«Тағдыр қосқан асыл жар» сериалдары көрермен назарында. 

2008 жылдан бастап көрерменге жол тартқан үнді телехикаяларына ықылас та ерекше. Сұранысқа ие сериалдардың кейбірі салт-дәстүрімізге, ұлттық құндылықтарымызға көлеңкелі жағын түсіріп үлгерді. Үнді елінің мәдениетіне деген қызығушылықтың салдарынан 2013 жылдан бастап Қазақстан қалаларында «Холи» фестивалі ұйымдастырылып келеді. Бұл фестиваль елімізде дәстүрге айналып отыр. Халық тек үнді сериалдарын ғана емес, түрік, корей сериалдарын да көреді. Мүмкін бұл біздің қазақ кино индустриясының дамымағанынан болар. Менің ойымша, бұл сериалдардың бізге беретін ешқандай тәрбиелік мәні жоқ. Керісінше бұл сериалдар санамызды улауда. Киноөнімдер арқылы өзге елдің салт-санасын дәріптеу тұтас бір елдің санасына сызат салатын мәселеге айналып кетуі мүмкін. 

Әдетте, киноны идеология депжатамыз. Сол киноларды күнделікті көрсететін – телеарналар. Қазақстан телеарналары тәуелсізеліміздің идеологиясына қызмет етуге тиісті емес пе? Осы орайда бір қисынды сұрақтың төбесі қылтимай тұрмайды. Қазақстан телеарналарына рейтинг қымбат па әлде ел мен мемлекет қымбат па? Өкінішке қарай, қазір рейтинг көрсеткіштерін қуу белең алды. Соның салдарынан еліміздің жастарына патриоттық тәрбие беру, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау, қазақтық қалпымыздың құндылықтарын кеңінен насихаттау, елдік және мемлекеттік рухты өрлету секілді маңызды мәселелер сол рейтингтердің тасасында қалып қойды. Сонда еліміздің Тәуелсіздігін баянды етуге қызмет етпеген телеарналарды мемлекет тарапынан қаржыландыру қажет пе өзі деген өткір сауал туындайды. 

үнді сериалдары

Дүкенбай Назерке: Отандық телеарналардағы ойдан шығарылған, ертегіге ұқсас, бітіп болмайтын сериалдар арқылы адамдардың алтын уақыттары ұрланып, санасы тұманданып жатыр. Бұлай дейтін себеп, мұнда да отбасы мүшелері арасындағы бір-біріне деген өшпенділік, аяқтан шалу, кек алу, апалы-сіңілі қыздардың бір-бірінің махабаттарына опасыздық жасауы, тағы да толып жатқан адами құндылықтарға жат дүниелер насихатталады. Сол арқылы халықтық қалпымыз бен ұлттық болмысымызға нұқсан келуде. 

Жаңбыршықызы Аяулым: Қазіргі үнді телехикаялары адамның жүйке-жүйесін зақымдап, тез ашуланшақ, қызба ғып жібереді. Себебі, үнді телехикаяларында әділетсіздік шектен тыс, жауыздық әр кез жеңіске жетеді, ал әділ, таза, шыншыл кейіпкерлері иегінің астындағыны көрмейтін ынжық, ез, әлжуаз, кім не айтса соған сенетін, бір сөзбен айтқанда мүмкіндігі шектеулі адам. Жауыз, сұрқия кейіпкерлері ойларына келгенін іске асырып жүре береді. Көрерменді үміттендіріп, серпілтіп отыру да керек қой. Осыны үнемі көрген адамның қаны көтеріліп, ашуланып, ызаланбағанда қайтеді?! Жүйкеге үлкен салмақ. Осы телехикаялардың көрерменнің жүйке-жүйесіне, денсаулығына тигізіп жатқан кесірін бір психолог талдап айтып берсе, дұрыс болар еді. 

Талғат Айдана:Сериалдар көп болса да, мағналары бірдей. Кейіпкерлерінің өмірлері мен мінездері де ұқсас. Меніңше сериал қарауға кеткен уақыт - текке кеткен есіл уақыт. Күнделікті телехикая көретін қыз-келіншектердің істері де өнбейді. Бір жылда мұндай керексіз дүниеге алтын уақытымыздың көп бөлігін жұмсайды екенбіз, шамамен 3-4 ай. Осы уақытты тиімді пайдаланған жағдайда шет тілін еркін меңгеріп алуға, не дене жаттығуларына уақыт бөлу арқылы денсаулықты едәуір түзеп алуға әбден болар еді. 

Түйін: Қазіргі таңда созылмалы сериалдар қазақ қоғамын теріс бағытқа бұрып жіберді. Мемлекеттік тұрғыда ақпараттық қауіпсіздік мәселесін жедел қайта қараудың қажеттігі білініп тұр. Ал әзірге шұбалаң сериалдар Қазақстан арналарын жаулап алды. Ұлттық қасиеттеріміз бен құндылықтарымыз қолжаулық бола бере ме? Мұның шешімі табылатын күн қашан туар екен?! Алайда санамызды жаулап алған телехикаялардың төрімізден қашан ығысары әзірге белгісіз.

 

 

 

Студенттен лебіз

студенттен лебіз 

Бәсекеге қабілетті маман. Білікті кадр. Бүгінде елімнің ертеңі болар, өзім секілді әр бір жоғары білімгердің «Болашақ - білімді жастардың қолында»  екенін жете түсінсе екен деймін. Неге десеңіз, өзім бірінші сөз басында келтірген сипаттағы тұлғаға айналу үшін ең алдымен осы сөзді бір сәт болсын естен шығармағанымыз абзал. Қазіргі заман ақпараттың, қарыштап дамыған технологияның мызғымас тұрағына айналғалы қашан. Қазір мен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай Мемлекеттік Университетінің Ветеринарлық санитария мамандығының 3 курс студентімін. Арманым алдамаса, оқуымды аяқтаған соң,«мамандығым-мақтанышым» деп, өз саламда жемісті еңбек етуге барымды салмақпын.

Бірақ сол асыға күткен уақыттар күн сайын жақындай түскеннен болар, теорияға қаншалықты қанық болсақ та жұмысты бірден бастап кетуге жүрексінетініміз жасырын емес. Себебі, білім қорымыз барынша мол дегенімізбен сол сарқылмас күшті қай арнаға бағыттау керектігін бастапқы кезде жас маманның бәрі біле бермейді. Осы тұста Мағжан Жұмабаевтың «Қазақтың қаны да бір, жаны да бір жолбасшысы - мұғалім» дегені көп ойланбай көкейге сап ете қалады. Иә, расында да осынау кезеңде ұстаздың көмегі тарылған тынысыңды ашып, айтқан әр бір ақылы өзіңе деген сенімділікті оята түседі. Біз білім алатын Ветеринария және малшаруашылығы технологиясы факультетінің мұғалімі Молдашева Әсемгүл Қонарбекқызының өткен ашық сабағы өз қарым-қабілетімізді істе шынайы сынап көруге зор мүмкіндік болды. «Жануарларды жалпы зерттеу» тақырыбындағы ашық сабағымыз тобымыздағы барша студенттің көңілінен шыққаны даусыз. Осы тұста ұстазымыздың мол тәжірибесін, жаңашылдығын ерекше атап өткіміз келеді.  Мысалы, ашық сабақ барысында біз өз мамандығымызға қатысты көпшілік естімеген көптеген тың деректерге, қазір зеттеу барысында жаңа технологиялардың көмегімен лезде жасалатын әдіс-тәсілдермен жан-жақты таныстық. Бәрінен бұрын осы ашық сабақтан алғанымызбен ойға түйгендеріміз алдағы уақыттарда біздің кәдемізге әбден жарайтыны  қатты қуантады. Осы орайда, мен жалпы топтағы барша студенттің атынан ашық сабақты өткізуге зор ат салысқан ұстазымыз Әсемгүл Қонарбекқызына және факультетіміздің басқа да мұғалімдеріне алғыс айтқым келеді.

 

Саятай Жолымбеков,

Ветеринарлық санитария мамандығының 3 курс студенті  

 

 

Жак Делор: «Білім беру: әлі ашылмаған қазына»

 

жак делор2Тәуелсіз Қазақстан елінің тірегі де, болашағы да – білімді ұрпақ. ХХІ ғасыр білімділер ғасыры болмақ. Жак Делордың ойынша,  "Болашақтың бізге қояр көптеген мәселелерініңің алдында білім тұр, ол адамның мінсіз әлемге, бостандыққа, әлеуметтік әділеттілікке ұмтылуына мүмкіндік беретін қажетті шарт болып табылады".Сонымен, білім- балаларға, жастарға деген махаббат, олардың білімділер қоғамында алатын орнының болуы, яғни жастарға тек қана білім беріп қоймай, оларды қоғамның бір мүшесі ретінде қабылдай білуіміз керек. Әр адам өз ісін бар ынта-жігерімен, махаббатымен орындап, болашаққа деген шынайы көзқарасы болуы керек. Міне, осы ой тұрғысында Жак Делор өз мақаласында келесідей мәселелерді шешуге қажетті пікір ұсынады:жарқын болашақ асулары мен қажеттіліктері;барлық саладағы қарама-қайшылықты жеңу;қоғам үшін басты мәселе –білім, біліммен ғұмырымыздың соңына дейін айналысу;жаңа концепциялар мен білімсаласындағы түрлі реформа стратегияларының сәтті жүзеге асуы.

Адамзат жаһандану заманына өткен тұста, ең алдымен, өткенімен санасуы тиіс. Неге десеңіз, кешегі қателіктен бүгінгі мәселе шешілмек. Болашаққа бастар жолға негізделген білім беру заманауи заңдылықтарға сәйкес кәсіби біліктілікті қалыптастырып, нарықтағы сұранысқа жауап бергені абзал. Осы тұста Жак Делордың баяндамасында қазіргі   білім берудің сүйенетін төрт тұғыры көрсетілген, олар: танып үйрену; жасап үйрену; бірлесіп өмір сүруді үйрену; өмір сүруді үйрену. Танып білу, жасап үйрену деген тек кәсіби біліктілік алу үшін емес, одан әлдеқайда кең мағынадағы, өмірдегі түрлі жағдайлардан жол табатын, басқа адамдармен бірлесе жұмыс жасауға мүмкіндік беретін құзыреттіліктерге ие болу деген сөз.  

Өмірде кез-келген жағдайға байланысты түрлі қайшылықтар туындайды. Оны шешу барысында бізге мықты білім мен саналылық қажет. Алайда қазіргі таңда мектеп бағдарламасы оқушының өзін-өзі дамытуы мен физикалық және психикалық саулығына әсер ету жағдайында қажетті деңгейге сай келмейді, сәйкесінше аталмыш мақалада бұл түйінді мәселеге байланысты әр адамның өмір жолын бір арнаға тоғыстыратын нақты реформа жасалуы керектігі айтылады. 

Кез келген реформа педагогтың көмегінсіз жүзеге аспайды. Сондықтан мақалада педагогтың әлеуметтік және материалдық жағдайына үлкен мән берілген. Жак Делордың айтуынша, мұғалімнің міндеті – адамзаттың өзі жайлы, табиғат туралы және шығармашылық саласындағы негізгі жетістіктері жайлы өзіне білім ретінде жинағандарының бәрін оқушыға беру, бойына сіңіру және шығармашылығы мен талантын шыңдау. Білім жүйесін тек қана жақсы дайындалған ұстаздармен қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар мектепте экономкалық-мәдени ортаны құрайтын қажетті құралдармен: кітаптармен, байланыстың заманауи құралдарымен қамтамасыз етуге шақырады.

Үздіксіз білім – бұл қоғамдағы ең басты мәселе. Бүкіл ғұмырына жетерлік білім концепциясы ХХІ ғасырдың табалдырығында маңызды мәнге ие болып отыр. Үздіксіз білім  адамның қоршаған ортада өзін-өзі тануы мен қоғамдағы еңбек рөлін  орындауына мүмкіндік береді. Әрқайсысымыз өмірді танып-білген сайын, келесі сатысын да көруге асығамыз, талпынамыз. Ол сатының дәмін көріп, түрлі сынын басымыздан өткерген соң одан да үлкеніне ұмтыламыз. Осылайша үздіксіз үйреніп қана қоймай, білім аламыз, тәрбиеленіміз.

Менің ойымша,  Жак Делордың қозғаған ойы, яғни білім саясатының біздің өміріміздегі алар орнының кең екендігін білдіреді. Шын мәнісінде, адам туғаннан дамиды, жетіледі, білім алады. Оған айналасындағылардың барлығы әсер етеді: қоғам, ата-ана, ұстаз, өзгемен қарым-қатынас. Сол арқылы тұлға ретінде қалыптасып, кез-келген жағдайды шешуге мүмкіндік беретін икемділік пен дағдыға үйренеді. Жак Делор мақала соңын ақын Лафонтэннің  «Біздің әкеміз ақылды болатын, өлер алдында ол нағыз асыл қазына – білім деп айтып кеткен» деген ойымен тұжырымдайды. Яғни, білім арқылы ақылымыз жетіліп, қайратымыз күшейіп, жүрегіміз мейірленіп өмір кешеміз деп ойлаймын.

 

Шолпан Оспанова,

Гуманитарлық колледждің оқытушысы

 

 

 

Байтұрсын әулеті көрген жүз жылдыққуғын

 


1885 жыл. Қарғалы. Бұл Тосын болысының тоғайлы, сулы, көрікті жерінің бірі еді. Тосын болысы өзеннің жағасы мен жиде тоғайының арасына ылғи аппақ ақ щаңқан киіз үйлер тіккен. Болыс сайлауы өтіп, ояз бастығы қатысқан үлкен жиын болып, оған қарасты Торғай бекетінің, Ақкөл, Аққұм, Шөптікөл ауылдарының өкілдері қатысқан. Сайлау қорытындысына наразылық білдіріп, іштен тынып тұрған негізінен Ақкөл, Аққұмнан келгендер еді. Бұ жақтағы белсенді, белді, ел арасында беделділері – үмбетейліктер, оның ішінде Шошақ балалары Ақтас, Байтұрсын, Сабалақтың жүріс-тұрыстары, сөздері де ірі еді.

Жиналған жұрт сайлаудың қорытындысына көңілдері толмай, іштей тынғанмен, Ақтастай ірі қимылды ағасына сүйенді ме, Байтұрсын ортадағы он екі қанатты ақ үйден маң-маң басып шығып, сұлу күрең атқа мініп, уез орталығына қайтуға бет алған уез бастығы полковник Яковлевке сөз айтуға бекініп, күрең аттың жолын тоса берген. Уез бастығының екі жағында қайқы қылыш тағынған казактар Байтұрсынға қарай ұмтыла берген. Соған қарамастан Байтұрсын уез бастығына:«Біз сайлау қорытындысына наразымыз!» деп айтып салды.  Яковлев қасындағыларға «Қалаға апарып, қамаңдар, мынаны!» бұйрық берген. Казактар Байтұрсынға ұмтыла бергені сол еді, үлгермеді, ол қолындағы шыбыртқымен Яковлевті тартып жібергенде, шыбыртқының ұшы мойнына оралып, уез бастығы атынан жерге мұрттай ұшып түсті. 1868 жылы орыс патшасының Указымен Қазақ жерін аймақтарға, облыстарға бөліп басқару  жүйесі енгізілген болатын. Онда Батыс Сібір аймағы, Торғай, Сырдария, Түркістан, Жетісу облыстарына бөліп еді. Ол жүйе бойынша Торғай облысының орталығы Орынборда, Торғай уезінің орталығы Торғайда болған.

Қазақ жерінде отарлық аймақтық басқару жүйесі жүзеге асқан он жеті жыл ішінде «Орыстың уезд басқарып отырған полковник бастығын ұрған екен» дегендей ерек оқиға Торғайдан басқа еш жерде болып көрген емес. Содан ба, уез бастығы Яковлевті ұрғаны үшін Ақтастың, Байтұрсынның, Сабалақтың қолдарына кісен салынып, сол күні түрмеге айдалды.  Яковлевтің қатаң талабымен Шошақ балаларының барлық мүлкі, малы түгелдей кәмпескеленіп, малдары Торғайға айдалды. Шошақтың басқа балалалары, Ерғазы атақты оқиға кезінде Қарғалыда болмағандықтан, олар тұтқындалудан аман қалды.

Бірақ, сотқа дейін, тергеушілердің Ақтас пен Байтұрсынға көрсетпеген қорлығы жоқ, сабады, ұрды, тепті. Тұтқындағы үш азаматта барлығына шыдады. Көп ұзамай уез соты болып, Ақтас, Байтұрсын, Сабалақты он бес жыл Сібір каторгасына айдау туралы шешім шығарды.

«Осы қорлықтың бәрін көзімен көрген бала Ахмет

«Оқ тиіп, он үшімде ой түсіріп,

Бітпеген жүрегімде бар бір жарам...» деп жазуы содан еді...

Сібірге айдалған Шошақ баласының үлкені Ақтастың Ерғазыға айтқан сөзі бойынша, оның үлкені Спандияр Торғайдағы мектепке оқуы тиіс еді. Бірақ, Спандияр мектепте оқығысы келмей, Ерғазы төрт жылдық орыс-қазақ училищесіне Ахметті апарды. Ахмет жетімдер мен сырттан келген балаларға арналған пансионда жатып  оқыды. Бала Ахметтің бұрын ауыл молдасынан оқып, анасы Күңшеден орыс кирилицасындағы әліппесін танығаны бар еді. Содан Ахмет екінші курста жүргенде орыс тілін еркін меңгеріп алған. Жаздағы каникулда ауылына бармады, пансионда жатып, кітапханадан шықпады. Төрт жыл бойы, орыс, шетел әдебиетін, географиясын тереңдеп оқуға құштарлығы артты. Кітапханадан бос кездері кезде пансионның сыртына шығып, оған жақын орналасқан казармадағы казак солдаттарының іс әрекеттерне қарап отырады. Балада болса, Ахметтің сондай кездері орыс империясының Торғай жерін иелене бастаған тарихын ойлайды. Уез әкімшілігі Торғайға келіп, үстемдіктерін еркін жүргізе бастағанына да көп уақыт болмаған екен, көз жіберсе, тамырларын енді ғана тереңдеп енгізе бастаған сыңайлы, білген адамға. Бала Ахмет қолынан келер қайран жоғына күрсінді. Жазғы каникулда уез орталығында өткен үлкен астарда елге белгілі ақын-жырауларды, термешілерді қызыға тыңдаған кездері болды. Содан кейін пансионға келіп, бұрын жазылған дәптердің сыртына, бос жерлеріне алғашқы өлеңдері әдемі өрнектей тізілетін. Әдемі демекші, училищедегі алғашқы күннен, анық, мәшинкеге түскендей біркелкі жазу тәртібіне үйренген. Оны Ахаңның кейінгі ғұмырындағы  қолжазбаларынан байқауға болады.

Ахмет Байтұрсынов  1891 жылы төрт кластық Торғай орыс-қазақ училищесін жақсы аяқтап, Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын  төрт жылдық училищеге түскен болатын.  Оны  1895 жылы ойдағыдай аяқтап,  Әулиекөлде бірер жыл ұстаздық жолында болды, тәжірибе жинақтады. Ақтөбе, Әулиекөл мектептерінде ұстаздық қызмет еткен жылдары  жеткіншектерге білім беруде жаңа  әдістемелік жүйе қолданудың жолдарын іздестірді.

Қазақ кирилицадан басқа, әліппе жасауды ойластыра бастаған кезі. Сол үшін кітапханалардан әлем тәжірибесін зерделеп, латын, қолданыста жүрген арап әліпбиін терең зерттеп, олардың қазақ сөзіне, дыбысына ыңғайлы жақтарын қарастырды.  Ұстаздықта болған тоғыз жыл ішінде Ахмет Байтұрсынов әлемдік тарих, әдебиет, филология ғылымдарының біраз сырларына қанықты. Ахаң ұстаз болып жүрсе де, қоғамның саяси астарына үңіле бастады. Ресей отаршыларының қазақ жеріндегі билігін нығайта түсіп, қара қазақтың жеріне тереңдеп ене бастағанын, халықтың қабырғасы езгіден қайысып жүргенін  жүрегімен сезінді, көрді.

«Ахмет Байтұрсынов Әулиекөлде қызмет етіп жүргенде Бәдрисафамен «1896-1897 жылдары некелескені анық» деп дәлелсіз, құжатсыз деректерді тықпалап жүргендерде бар.Біріншіден, А.Байтұрсынов пен Бәдрисафа Мұхамедсадыққызымен Әулиекөлде некелескені туралы еш нақты дерек, құжат жоқ. Екіншіден, әкесі Байтұрсын мен ағасы Ақтастың Сібір каторгасында айдауда болуына байланысты А.Байтұрсыновтың ол «жылдары» үйлену «ойынада келмеді» десек, қисыны келер. Ахаңның ағалары мен әкесі Сібірге айдалып кеткенде Ахаңның туған ауылында анасы Күңше мен бауырлары Қали, Мәшен, қарындасы Жиляш қалған. Уез бастығы малдарын кәмпескелеп кеткесін ағайындар оншақты қой, бір сиыр, бір ат жинап беріскен. Уез әкімшілігінің қуғынынан кейін Шошақ балалары жүдеп қалған. Ахмет Байтұрсынов Әуликөлде мұғалімдікте жүргенде сағынса да, елге бара алмады. Әуликөлде мектептердегі қызметінде  кейде Ахаңа еңбекақы да төленбей қалатын. Бірақ, Ахаң елден көмек сұрамады, өзінің маңдай терімен тапқан жалақысына күн көрді. А.Байтұрсыновтың Әуликөлде жүргенде үйленбеуіне де, елге бара алмауына да осындай себептер болды.

 А.Байтұрсыновтың әкесі мен ағасы Ақтас Сібірдегі айдаудан  1902 жылы, он жеті жылдан кейін оралды. Ата жұртта Шошақ әулеті қайтадан абырой беделге ие бола бастады, тіршіліктері жөнделе бастады. А.Байтұрсыновтың содан кейін еңсесі түзелді, рухани тәрбиелік бағыттағы мақсаттарына еркін бас қойды.

Ахаңның әкесі айдаудан оралғаннан кейін, жеті жылдан соң, яғни, 1909 жылы алпыс алты жасында өмірден озған. Ал, анасы Күңші 1919 жылы өмірден өткен екен. Күңші қасиетті де, әулие адам болды десек те болады. Байтұрсын шаңырағында қос өркешті бір аналық түйе болған екен, сол түйе кешке жайылымнан келе жатып, ылғи Күңшінің бейітіне соғып, тізерлеп алып, боздап отырады екен. Соны көрген жұрт еріксіз көздеріне жас алады екен. Ахаңның әкесі Байтұрсынның ағасы Ақтас 1920 жылы қайтыс болыпты.А.Байтұрсынов  И.Крыловтың мысалдарын ХХ-ғасырдың бас кезінде аударуды бастаған. «Аудару» деген тура айтқандағы мағынасы ғой, Ахаң  1909-жылы басылып шыққан «Қырық мысалды» қазақ өміріне бейімдеп, еркін аударма жасады.

1904 жылы А.Байтұрсынов Омбыдағы Торғай облысы оқу істері жөніндегі инспекторы Алекторовты іздеп барған. Оған мектептерде қазақ балаларын христиан дініне кіргізуді доғаруды, мұсылманша оқытатын қазақ кластарын ашу мәселелерін айтқан болатын. Бірақ, миссионерлік қызмет атқарып жүрген Алекторов А.Байтұрсыновтың көтерген мәселелеріне көңіл бөлмеді. Ресей отаршыларының қазақ жерінде мектеп ашқандағы мақсаттары, оларды христиан дініне көптеп тарту екенін А.Байтұрсынов содан түсінген.

Омбыда жүргенде Ахаңды Міржақып Дулатов іздеп келген. Жалындап тұрған ақын жігітке А.Байтұрсынов қатты ырза болып, екеуі достасып кетті, ел үшін бір мақсатта қызмет етуге белсене кірісіп кетті.Содан екеуі мұғалімдікті Семей облысында жалғасытырды.Сөйтіп жүргенде, Ресейде  1905 жылы революция болып, одан іле демократиялық кейбір кеңдіктерге жол ашқан патшаның декларациясы шыққан. 1905 жылғы  Ресейдегі революциялық көтеріліс қазақтың оқығандарының арасында бір үміт отын жалғады.

Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов Семейден қазақтың қамын, келешегін ойлайтын оқыған озық ойлы азаматтармен танысты. Соның бірі заң саласында қызмет істейтін заңгер Жақып Ақбаев еді. Әлихан Бөкейханов Омбыда жүрсе де, Ахаңмен, Міржақыппен хабарласып тұратын. Патшаға қазақ мәселесін көтеріп, аймақтық билікке петиция жазу идеясын көтерген со кісі. Он екі мыңдай адам қол қойған  әйгілі Петиция жазылып, Омбыдағы Ә.Бөкейхановқа жеткізілген. Ол патшаның, Ішкі істер министрлігіне, және аймақтық губернатор атына жазылған еді. Семей уезінің жандармериясының бастығы Осовскийдің губернаторға жеткізген деректері бойынша Ә.Бөкейханов ол Петицияны пошта арқылы  Петерборға жіберген. Содан кейін, Семей уезінің тыңшылары петиция жазғандарды іздеп, «күдікті» деп, А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, Ж.Ақбаевтің және басқа бірнеше адамның артынан аңдыған. Соның нәтижесінде алғаш 1907 жылы А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев  және тағы бірер адамды аз уақытқа қамауға алған. Тыңшылардың Дала губернаторына жеткізуі бойынша «Қарқаралы» петициясының тексін жазған Ж.Ақбаев» делінген. Содан сол жылы сот болып, заңгер Жақып Ақбаев Жетісуға жер аударылған.Ахаңа тергеушілердің күштеуімен «петиция жазуға қатысы бар» деп жала жапқандарымен алғаш түрмеге түскен ғой сол жолы.

«...Қинамайды  абақтыға жапқаны,

Қиын емес, дарға асқаны, атқаны,

Осылардың маған ауыр бәрінен,

Өз ауылыңның иттері үріп, қапқаны»  деп мұңаятыны сол себептен еді.

Бір белгілі жазушы  «А.Байтұрсыновтың Бәдрисафа Мұхамедсадық қызына үйленген» деп жазуы осы оқиғадан кейін, яғни, 1908- жылы. А.Байтұрсыновтың қолында өскен Самұрат Кәкішев өзінің атасы туралы кітапшасында «Ахаң: «Бәдрисафа апаң мен түрмеде жатқанда тамақ тасып, кірімді жуып берді. Оған үйленбесем, менің азаматтығыма сын болар еді» дегенін  жазған.

Семей уезінің жандармериясы тұрақты аңдауда болған А.Байтұрсыновты 1909 жылы  1 шілдеде «сепаратистік үгіт насихат жүргізді»деп тағы түрмеге қамаған. Жұбайы Бәдрисафа  Дала губернаторынан көмек көре алмағасын, Ресей Думасының депутаттарына А.Байтұрсыновтың хал жағдайын айтып арыз жазған.  Ресей Думасының депутаты Бәдрисафа Мұхамедсалық қызының арызына назар аударып, Ішкі істер министріне осы істі «қысқарту» туралы ұсыныс жасайды.  1910 жылы Семей уездік соты А.Байтұрсыновтың ісін қарап, оны он алты жылға жер аудару туралы үкім шығарған.

«Қош сау бол, Қарқаралы жуылмаған,

Айдай бер, қалса адамың қуылмаған...» деген жыр жолдары да жаны қиналған адамның сөзі ғой.Ахмет Байтұрсынов айдауда болатын жері ретінде Орынбор қаласын таңдады. Ахаң 1917 жылғы төңкеріске дейін осы Орынборда тұрды.

«Қарқаралы» ісін тергеушілер тергеуді бес жылға созған. Соңында 1910 жылы «осы іске қатысы бар» деп тауып, Ә.Бөкейханов пен М.Дулатовты түрмеге жапқан. Олар бір жылдай түрмеде отырып шыққан. М.Дулатов одан шыққан соң, жандармериядан тасада болу үшін Түркістанға кетті. Достар тапты сол жерден.  1913 жылы М.Дулатов Орынборға кетерде сол достары біраз ақша жинап берген.Сол ақшамен Міржақып Дулатов бірден А.Байтұрсыновқа келеді. Өйткені, екеуінің де арманы қазақша газет шығару еді. Міржақыптың қаржысына Қазан медресесінде оқып жүрген оқушылар да ақша қосады. Сөйтіп, Ахаң мен Міржақып шағын типография сатып алады. Ахаң Қазан қаласында өзі араб әліпбиі негізінде жасаған әліпбиіндегі  жиырма сегіз әріптің ұясын Қазанда темірден құйдырады. Газет шығатын қағаз сатып алады, типография тұратын үй жалдайды. Сөйтіп, біраз ұйымдастыру жұмыстарынан кейін, 1913-жылы 1-ші ақпан күні Орынбор қаласында «Қазақ» газетінің бірінші саны жарыққа шығады! Бұл қазақ елінің келешегі үшін жасаған өте маңызды қадам болды. Газетте сол кездері қазақ басында шешілмей жүрген басты мәселелердің бәрі жазылды. Жерді қазаққа бөлу мәселелері, жерді земствоға қарату мәселесі, қазақ кластарын ашу мен әліпбимен оқыту мәселесі, соттарда приясжныйлардың болуы, қазақтарды жер аударуды тоқтату мәселесі, орыс қарашекпенділерін қазақ жерінің шұрайлы жерлеріне қоныстандыруды тоқтату мәселесі деген сияқты өзекті мәселелерді көтеріп отырумен бірге, «қазақ қалай ел болады» деген тәрізді келешек қазақ  мемлекеттігіне қатысты ойларға түрткі болған.

Жергілікті үкімет «Қазақ» газетінде жазылған осындай мәселелерді «сепаратистік» деп 1914 жылы газеттің бас редакторы А.Байтұрсыновты тұтқындаған. Шамалыдан кейін елдің жинаған көмегімен А.Байтұрсынов  3000 сом (ол кезде бұл өте көп ақша) төлеп түрмеден босаған.  Бұл орыс патшалығы (дұрысы отаршылығы) тұсындағы Ахмет Байтұрсыновтың соңғы рет түрмеде отыруы еді.Өз ғұмырындағы ең үлкен зорлық, ең үлкен қорлық біраз жылдан кейін Кеңес үкіметі тұсында болатынын Ахаң ол кезде сезбеді.

1913 жылдан  1929 жылға дейінгі аралықта А.Байтұрсынов елі үшін, қазақтың келешектегі мемлекеттігі үшін атқарған қызметтері ұлан ғайыр. Қазақ әліпбиін, бірнеше оқу құралдарын, методикалық оқулықтар мен қазақ терминологиясын қалыптастырды. «Қазақ» газетіндегі мақалалардың көбін осы Ахаң мен Жахаң (М.Дулатов) жазған. Газетке келген мақалаларды түзетіп, өңдеп қайта жазып шығудың өзі қанша жұмыс.  А.Байтұрсынов не істесе де, ұлтының келешегі үшін істеді.  1923 жылы Ахаңның мерей тойында Үкімет мүшесі Сәкен Сейуллиннің «Қазақтың басқа оқығандары шен іздеп қызмет қылып жүргенде, сол заманда А.Байтұрсынов қазақ халқының қамын ойлаған жалғыз кісі еді» деген себебі сол.

А.Байтұрсынов  1917 жылы Ресейде Ақпан төңкерісі болғаннан кейін, Қазақ сиезін шақырып, Алаш партиясын құру туралы идея көтергендердің бірі.  1917 жылы сәуірде Орынборда Жалпы Қазақ сиезі болып, онда Алаш партиясы мен Алаш орда құрылды. Алаш партиясының бағдарламасын жазғандардың бірі – А.Байтұрсынов. Бұл партия бағдарламасы қараша айында «Қазақ» газетінде жарияланды. «Алаш» партиясы Уақытша үкімметтен Қазақ автономиясын алудан үміттенген болатын. Бірақ, күзде Ресейде Қазан төңкерісі болып, үкімет бәлшебектердің қолына өткен.  А.Байтұрсынов қазақ автономиясын осы Кеңес үкіметінен алуға бел буады.  1919 жылы наурызда Ә.Жангелдин бастаған он бір адаммен бірге А.Байтұрсынов Мәскеуге барып, Ленинмен, және Ұлт істері жөніндегі комиссар Сталинмен Қазақ автономиясын құру туралы келіссөзді тура төрт ай бойы, яғни шілде айына дейін жүргізеді. Ақыры, Ленин мен Сталин А.Байтұрсыновтың төрт ай ішінде жарыссөздерде айтқан мәселелерімен келісіп, Қырғыз автономиясын құру туралы шешім шығарады. Сол Қазақ автономиясын құру комиссиясының мүшесі болып тағайындалған А.Байтұрсынов Қазақ автономиясының шекарасын,  республикалық статусының жобаларын жазумен айналысады.  Соның негізінде 1920- жылы А.Байтұрсынов көрсеткен территориялар негізінде Қазақ (Қырғыз) автономиясының құрылғаны туралы Жарлыққа Ленин қол қояды.

А.Байтұсынов сонымен бірге осы уақытта Алаш қайраткерлеріне кешірім жасау туралы Кеңес билігіне өтініш жазып, ол қабыл болып, Алаш қайраткерлері қысқа уақытқа болса да Кеңес үкіметінің түрлі салаларында қызмет істеуге мүмкіндік алды.

А.Байтұрсыновты НКВД  1937 жылы күзде тұтқындаған. Бір апта өтпей, Ахаңның қарындасы Кәтездің күйеуі Рүстемді де (Әбдіғапар ханның баласы) тұтқындаған. Оның үйінен Ахаңның «Мәдениет тарихы» деген кітабын тауып, тергеуші алып кетіпті. Рүстемді сосын «Мемлекетке қауіпті адамның кітабын жасырған» деп айып тағып, оны да ату жазасына кесіпті.

Бар ғұмырын ұлтының мұратына сарп еткен Мемлекет қайраткері, бірнеше ғылымның негізін қалаған ғалым, ақын, публицист Ахмет Байтұрсынұлы  1937 жылы НКВД-нің үштігінің шешімімен қараша айында атылып кетті. Сөйтіп, А.Байтұрсынов тура 66 жасында қанды қолдылардың оғынан өмірі қиылды. Патша оязын ұрғаны үшін ұзақ жыл каторгада болған әкесі Байтұрсын да елге келгеннен кейін, 66 жасында өмірден озып еді.

Әңгімемізді Шошақ балары Ақтас, Байтұрсын, Сабалақтың оязды ұрып ұзақ жылға каторгаға айдалғанынан бастап едім. Қазақтың батыр тұлғаларының бұл ісі орыс отаршылдығына қарсы көрсеткен қайраты еді. Солай бола тұрса да, кейін, патшалық империя құлағаннан кейін, бұл ер азаматтарды ақтау туралы сөз қозғалмады. Кеңес билігі тұсында да солай болды. Солай болса да, біз А.Байтұрсыновтың ағалары, әкесі отаршыл, әділетсіз қоғамға қарсы айбат танытқаны үшін ғана айыпталғандарын, айдауда болғандарын іштей сеземіз.

 

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ,

жазушы, тарихшы

 

 

Жалынды жастар ордасы

 

Қостанай қаласының оқырмандары жиі баратын орталықтардың бірі және бірегейі Л.Н.Толстой атындағы №1-ші облыстық кітапхана. Ол жерде жас ерекшеліктеріне сай және шет тілдерде ұйымдастырылған клубтар жұмыс істеп келеді. Өзіне лайықты орта немесе қызықты зияткерлік алаң іздегеннің бәрі осында келіп, түрлі үйірмелерге жазылып тұрады. Сондай белсенді үйірмелердің бірі – қаламыздың түрлі оқу орындарының белсенді студенттерін біріктіретін  «Жастар»  бірлестігі.

жастар

Жастар бірлестігі бір жыл ішінде көптеген іс-шаралардың өтуіне ат салысты. Үлкен дайындықпен өткізілген «Кітапхана түні» жобасында қонақжай бөліміне келушілерді театрландырылған қойылыммен еліктірді. Келушілердің назарына Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» шығармасын көрсетті.  Көркемсөз оқып жарысқа түсті.

Әр жексенбі сайын жиналып түрлі тақырыптар талқыланып, зияткерлік ойындар өткізілді. Әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласын кең көлемде талданып түсіндіру жұмыстары жүрді. Бірлестікке келуші жастар түрлі әлеуметтік  сауалнамалар жасады. Мәселен, ұлыстың ұлы күні – наурыз мейрамы қарсаңында  «Жастар» бірлестігінің мүшелері «Қостанайлықтар салт-дәстүр мен әдет-ғұрып жайлы» деген тақырыпта түсірілген сауалнаманы көпшілік назарына ұсынды. Мұндағы мақсат жерлестеріміздің ұлттық құндылыққа деген көзқарасын анықтап, хабарсыз жандарға үйрету болатын. Сондай-ақ, салт-дәстүрді насихаттау. Сауалнамада барлығы 50-ге тарта адамнан сұрақ алынды. Сәйкесінше 7 адам мүлде жауап бере алмады. 15 адам жауап беруде қиналмаса, 18 адам жауап беруден бас тартты.  

"Жастар" бірлестігінің кезекті жиыныңда келушілерге қонағымыз Сырбай Мәуленов атындағы гимназия мектебінің псиxолог маманы Гүлнұр Қапышева тренинг өткізді. Негізгі мақсаты ұйымшылдық пен достық қарым-қатынасты нығайту. Бірлестік мүшелеріне жақсы көңіл-күй сыйлау болды.

 Клубтың әр түрлі тақырыпты қамтып, қызығушылықтарының мол екендігіне тағы бір дәлел: Әулиекөл ауданы бойынша бизнес-тренер Әбутәліп Әмір жүргізген «Бақытқа бастар бағыт» тренингі. Аталмыш кездесуге жастар көптеп жиналған болатын. Ол жолы сәттілікке қалай қол жеткізу, табысты болудың жолы және кәсіпкерлік үшін үкіметтен жасалатын қолдаулар жайында айтылды.  Бұл жастарға аса қызық көрінді.

 Жексенбі күндері барынша жергілікті ақын-жазушылармен кездесу өткіздік. Әсіресе, әр кездесуге ақын А. Мауданов пен А.Қанғожин жиі келіп жүрді. Мұндай азаматтардың келуі «Жастар» бірлестігіне келуші жас-өспірімдердің де саның және сапасын арттыруға зор көмек болғанын айта кеткен жөн.

 

 

Ұлы ұстазға құрмет

 

 мавзолей Алтынсарина

Ұстаздар күні қарсаныңда Қостанай қаласына жақын, Тобыл өзені жағасында орналасқан ұлы ағартушы ұстаз, этнограф ғалым, педагог Ыбырай Алтынсарин мемориалдық кешенінің ашылуы өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бастаған атқамінер азаматтар, өңірдегі зиялы қауым өкілдері және ұстаздар мен студенттер қауымы қатысты.

Құрылысқа Маңғыстаудан арнайы ұлутастар жеткізіліп, пайдаланылған, нысан ерекше көз тартарлық.  Кесененің биіктігі 18 метр. Күмбезі  6 метр болатын кесене алып жатқан аумақ 64 шаршы метрді құрайды. Мавзолейге қарама-қарсы тұрған тұғыртаста Елбасының Ыбырай Алтынсарин жайлы айтқан сөзі және ұлы ағартушының өзі ашқан мектептерінің картасы бедерленген.

– Бүгінгі шарамыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында туған өлкемізді көркейтуге бағытталған бастамалардың бірі. Кешегі күнгі Тархан Шақшақ Жәнібек ескерткішінің бой көтеруі, атақты мерген Кейкі кесенесінің ашылуы мен батырдың бас сүйегінің жерленуі осының айғағы. Біз Ыбырай баба кесенесін ұстаздар күні қарсаңында ашып отырмыз. Мавзолей құрылысына 81 миллион, ал айналасын абаттандыруға 72 миллион теңге қаражат жұмсалды. Бұл орын енді шағын саябаққа айналып отыр. Нысан Қазақстанның киелі орында рының картасына ұсынылып, сарапшылардың қолдауына ие болды. Жұмысты қолға алған "Маңғыстау реставрация" мердігер компаниясына, оның басшысы Құралбай Озғанбаевқа алғысымыз шексіз, – деді аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов құттықтау сөзінде.

Реті келгенде айта кеткеніміз жөн, аталмыш кесенеге университетіміздің және өзге аймақтардан келген студенттері  қызығушылықтарын білдіріп, бұған дейін де ұлы тұлғаға деген құрметтерін танытып, бірнеше рет арнайы келген болатын. Сол кездері кесене айналасына тазалық жүргізіп, бабаларымыздың рухына құран бағышталған еді. Міне, бүгін аталған кесене қайта жаңғыртылып, адам танығысыз өзгерген. Бұл да қазақ тарихында өзіндік орыны бар тұлғалардың ұмытылмайтының көрсетіп берсе керек.

 

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ

 

 

Жаңа туынды жарыққа шықты

 

Л.Н. Толстой атындағы облыстық кітапханада филология ғылымдарының докторы, А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры Алмасбек Әбсадықовтың «Қазақ хандығы және тарихи аңыздар» атты зерттеу кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

тұсаукесер

 

Қазақ хандығының қалыптасу тарихының тамыры тереңде жатыр. Қазақ елінің сонау ғасырлардан бергі тарихын насихаттап қана қоймай, бүгінгі күні асыл мұраға айналған құнды еңбектер бар. Өскелең ұрпақтың санасына ұлт мұрасының қаншалықты бай екенін жеткізетін,  қазақ халқының байтақ та дархан жерінің тарихын  аңыздар желісіне негіздеген туындылар қатары көбейіп келе жатыр.  ҚМУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбдісадықовтың жаңадан жарық көрген «Қазақ хандығы және тарихи аңыздар»атты еңбегі соның бір дәлелі іспеттес. Облыстық кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен аталмыш зерттеу еңбегінің тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараға келгендер қатарында ҚМУ профессоры Қалқаман Жақып, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Нағашыбай Мұқатов, ҚМПИ тарих факультетінің оқытушысы Өтеген Исенов, экология ғылымдарының докторы Жиентаев Сансызбай және студенттер қауымы  болды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша басылып шыққан кітап 5000 тиражды құрайды. Тарихшы-ғалым Алмасбек Әбдісадықовтың зерттеу кітабында XV – XIX ғасырлардағы қазақ халқының жеке ұлт болып қалыптасып, тәуелсіз Қазақ хандығы мемлекетін құрған дәуірі сипатталып жазылған. Сол кезеңдегі тарихи оқиғалар мен ел билеген жандардың, билерлердің қазақ жерінің біртұтастығын сақтаудағы өлшеусіз қызметінің, батырлардың ерен ерліктерінің тарихи жыр-аңыздарда қалай көірініс тапқаны өзек болған. Бүгінгі заманымызда маңызды мәселеге айналған рухани құндылықтарды пайымдау жұрттышылықтың аңыздар дерегіне деген қызығушылығын арттыра түседі.

-         Осы күнге дейін тарих саласына қатысты бірнеше кітаптар шығарған болатынмын. Бұл кітап негізінен менің докторлық диссертациямның монографиясы. Өкінішке қарай кітаптың ішінде жазылмаған, бірақ монографиялық еңбекке жатады. Өз ізденісім мен жаңашылдыққа көп мән бергенімді де айта кеткім келеді.

Кітаптың мазмұнының өзі кіріспе, негізгі бөлім сияқты емес, «Аңдатпа», «Зерде», «Қанжыға» деген сияқты атаумен жазылуы автор идеясының ерекшелегі екендігінкөрсетеді. 

Іс-шара барысында қатысушылар автор және оның еңбек жолы туралы біраз әңгіме өрбітті. Сондай-ақ қазақ тарихын зертттеу жолындағы қызметін айта отырып, болашақ ғалымдарға үлгі боларлық тұстарын аша түскендей болды. Рәсімнің қорытындылау кезеңінде автор өзінің кітап жазу барысындағы қолданған әдістерін, пайдалы кеңестерімен бөлісе отырды.

Қазақ елінің батыр да қайраткер тұлғалардың ерлігін насихаттаған ерлердің игі ісі қашанда көпшілікке үлгі бола білген. Жалпы ұлттың рухани құндылығын байытуға және жастардың бойында патриоттық сезімді тәрбиелеуде  мұндай зерттеулердің құнды  дүние болатынына сенімдіміз.

 

Айгерім Шаяхметова

А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ 2-курс студенті

 

 

 

 

5-қыркүйек – Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 145 жыл

 

Ахаң – ұлттық руханияттың ұлы тіні

 

Ахаң алаштың бағына жаратылған адам. Оның ұлтына деген сүйіспеншілігі мен халқына деген күш-қуаты мен төзімділігіне қайран қаласың. Бүгінгі Тәуелсіздік таңында Егемендікке ие болып қалған ұрпақ үшін мәңгілік үлгі. Өйткені, Ахаң сөзі мен ісінде қазақ баласының мәңгілігінің мәселесі хатталған. Ұлттың көсемі, ұлттың ұстазы, ұлттық тіл ғылымының негізін салушы, ұлт қайраткері, ұлт ақыны қасиеттері Ахаңның өнегелі өмірін толықтырып кемеңгерлік деңгейге жеткізді. Ахаңды оқып түсінген сайын қазақ жұртының мұң- мұқтажын, жағдайын, қазаққа не істеу керек екенін ұғынасыз. Соңғы жылдары, әсіресе, басқа мәдениетті жұрттар сияқты бізде Ахмет Байтұрсынұлы сияқты дара тұлғаларымызды ардақтап, олардың басып өткен әрбір ізін, қадамын, өмірінің әрбір күн, мезетін (сәтін) түгендеуге тырысын келеміз. Тарихымызды жасаған тұлғалар өмірбаянын неғұрлым терең таныған сайын шындықты шы- найы тұрғыда бағалап, өмір сахнасына орнықтыра бастадық. Сонымен, өткен 2016 жылғы қыркүйек айының 5-ші жұлдызында академик Кенжеғали Сағадиевтің басшылығымен Әулиекөлде өткен республикалық ғылыми-теориялық конференцияда тұжырымдалған Ахмет Байтұрсынұлының туған, атылған (5.IX.1872- 8.XII.1937) күндері туралы шешім болып негізделді. Бұған қайраткердің өз қолымен (орысша) толтырған өмірбаяны (Жизнописание) мен 1926 жылы Алматыдағы Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетіне профессар болып арналасқандағы өз қолымен толтырған анкетасында «1827 жыл 5 қыркүйек 5 аул» делініп жазылған. Ахмет Байтұрсыновты қалай, қай дәреже, атақпен ұлықтасақ та артық болмақ емес. Оның бойына бәрі де сияды. Ахаң ең алдымен шын мәніндегі реформатар қайраткер. Оның барлық саладағы (ақын,ғалым,аудармашы, ұстаздығы,редакторлығы б.б.) қырлары осы қайраткерліктен бастау алған. Халқына ең жоғары деңгейде қызмет етіп, еңбек сіңіріп 65-тен асқан қарт шағында айуандықпен мерт болып, атылған Ахаң: кітап жазып,бала оқытты, әліппе жазып түрледі, тіл ұстартты. Алаш партия- сына кіріп, Алаш үкіметін құрысты. БҰҰ мойындаған 193 мемлекеттің бірі болып 1920 жылы 20 тамызда Қазақ автономиялы республикасын жариялаттырды. Халықтың қырғыз деген атауын өшірді. Ахаң жайында толық айтылып, толық мойындал- май жүрген нәрсе – Қазақстан Республикасының шекарасын белгілетіп, 1919 жылы Ұлттар ісі жөніндегі комиссар Иосиф Сталинмен, Совнарком Ленинмен кездесуі, шекаралық комиссияға Әлімхан Ермеков- ты ұсынуы. Қостанайды- Челябіге, Маңғыстауды - Закаспий округінен, Шымкент, Жамбыл, Қызылорда облыстарының кейбір аудандарын Өзбекстаннан қайтарған да - Ахаң. Қырғыз атын жойып қазақ ұлты атандырған да - Ахаң. Бір ақ сөзбен Ахаң кемеңгер адам. Биылғы жылы туғанына 145 жылдығын алғаш төл туған күні 5-ші қыркүйекте өзініңатындағы Қостанай Мемлекеттік Университетінде атап өткен туған өлке тұрғындарына, Ахаң ұрпақтарына мереке құтты болсын, Ата атына сай ізбасарлар өлкеден өсіп өне берсін!-демекпін.Жылма жыл Білім Күнімен шендес аталып өтетін осы Қазақ күнтізбесінде һәман тойлана беретін болсын!

Ибраһим Ағытай.

Ахметтанушы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі.

 

 

 

 

Айтайын дегенім

 

Күлкілі,  бірақ..

 

күлкі Бүгінгі күні теледидар адам өмірінің ажырамас бөлігі. Күнделікті жұмыстан шаршап келген адамның алданатын ермегі десек те болады. Кешкісін ас ішіп болғасын өзіңізге қажет дүниені тамашалайсыз. Бірақ, бір жайт көңілге қаяу салады да тұрады. Қандай дерсіз? Айтпағым сол баяғы ескі дерт, ана тіліміздің мәселесі жазыла да, айтыла да жауыр  болды. Қазақ тіліне қырын қарап жатқан осынау жайтқа қалай тосқауыл боламыз? Мемлекет басшысының тілге қатысты  тапсырмасы қағаз жүзінде қалып жүрген жоқ па?!

Қазіргі таңда телеарналардың ішінде  «Қазақстан» ұлттық арнасынан басқа ана тілінен аттап кетіп жатқандарды айтпасқа болмас. Бірде теледидар қарап  отырғанда назарым НТК арнасына түсті. Арнаның қазақ тіліне қаншалықты маңыз беретіні мені қатты толғандырды. Мемлекеттік тілге селқос, орыс тілдің жалауын көтеретіндердің ішінде бұл телеарна да қалыспай тұр. Себебі күнделікті бағдарламалары мен көрсетілімдерінің жартысынан астамы орыс тілінде екеніне көз жеткіздім. Қазақ тілі тек міндетті орындау үшін ғана деген ойға қалдым. Теледидар көрерменінің көп көретін уақытында, яғни прайм-таймда мемлекеттік тілге көңіл бөлінбейді десе де болады. Газетті алып телебағдарламасына көз жүгірттім. Бір байқағаным, телміре көретін телехикаялар мен ғаламтордағы қызықтардан басқа қазақ тіліндегі бағдарлама жоқ.  Сонда арнадағы ана тіліндегі бағдарламалар қаншалықты маңызды? Мемлекеттік тапсырманы орындап жүрміз деп жоғары басшылыққа есеп беретін арна кімді сендіргісі келеді? Көзіме бірден түскені белгілі арнаның күлдіргі бағдарламаларының көптігі болды. «Күлкілі оқыс оқиғалар», «Тек күлкі үшін», «Күлкі ойнақ», «Күлегешті күлдір», «Қып-қызыл күлкі». Бұлардың бәрі ғаламтордан жүктеп алынған шетелдік хабарлар екені айдан анық. Көріп күле бер дейді... Сонда  кімге күлеміз? Ана тілін тағы да аяқтан шалып, өзге тілді жайбарақат биікке қойғанымыз үшін күлеміз бе?!  Күнделікті көрсететін күлдіргі бағдарламалар тақырыбы қазақша болғанымен ана тілінде бірауыз сөз де айтылмайды. Арнаның қалған бөлігін күн ұзаққа созылатын аударма телехикаялар. Оның өзі жұрттың бәрі шырт ұйқыда жатқан кезде қойылады. Сонда мұнымен қайтіп қазақ тілін орындаймыз деп айтады? Миллиондаған тұрақты көрермені бар арнаның мемлекеттік тілге бұлайша қарауына не себеп болды? Осы мәселе қызықтырды.  Ең жиі айтылатын жағдай ол орыс басылымдары мен телеарналары қазақтың бұқаралық ақпарат құралдарының алдына шықты. Ал оның түпкі себебі толғандырған жан бар ма? Бұл жағдайдан шығатын жолдары жоқ емес, әрине бар. Мүмкін НТК сияқты телеарналарда «Күлдіргі бағдарламалардың» берілу сағатын азайтып, орнына тілдік құндылығымызды көтеретін бағдарламалар ашу қажет шығар. Бірақ бұл жоғары жақтың құзырында қалмақ. Немесе жекеменшік телеарна иелерінің ырқында.  Бәлкім, үкіметтегілер қарауындағы төрт-бес арнаның қазақ тіліне деген назарын бақылауы қажет шығар. Сонда ғана «күлкілі»  көрсетілімдерді шегеріп, елдің намысын алға қоятын, тілімізді тірек ететін бағдарламалар көрерменге жол тартатын болар. Сөйтіп, өзге арналардың аудиторияларына да үлгі болар еді.

Жыл басында жарияланған елбасының мақаласының аясында жақында өткізілген «Тілдер мерекесі»  осының бірден-бір айғағындай. Болашаққа бағдарымыз айқын болсын десек, рухани құндылығымызды жоғалтып алмауымыз керек. Ал, рухани жаңғыру тетігі – тіл. Осыны ескере білсек екен.

 Әйгерім ШАЯХМЕТОВА

А. Байтұрсынов атындағы  ҚМУ

2-курс студенті
 

 

 

Қазақстанның  болашағы – қазақ тілінде

 

Қостанай облысында «Қазақстанның  болашағы – қазақ тілінде» деп аталған орыс тілді аудиториямен өткізілген кездесулердің барлығы дерлік дөңгелек үстел үстіндегі сұхбат және сұрақ-жауап форматында өтті. Елбасының «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» мақаласын талқылау да назардан тыс қалған жоқ. Латын әліпбиін қабылдау туралы жан-жақты пікір алысылды. Кездесулерге «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі, белгілі саясаттанушы Дос Көшім және Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры, жазушы Ақылбек Шаяхмет қатысты.

рухани жаңғыру

Саясаттанушы Дос Көшім өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тілінің жағдайын кез келген ұлтжанды азаматтан асырып айтқанын да жеткізді. «Қазақ тілінің жағдайын Н.Ә.Назарбаев кез-келген ұлтжанды адамнан артық айтты. Осыдан 3-4 жыл бұрын Президент Ассамблеяның жиынына қатысқанда, еліміздегі кәріс ұлтының өкілі Роман Ким қазақша сөйледі. Сол кезде Назарбаев: «Осы жерде жүз қазақ, бес орыс отырса, бәріміз орысша сөйлейміз. Міне, осындай сорлы халықпыз» деді. Осыдан артық қалай жеткізу керекс онда? Сол жерде отырған шенділер осы сөзден кейін ойланбады ма?» – деген сөз көп көңілінен шықты.

Ақылбек Шаяхмет: «Тіл мәселесін мен айдалада тоқтап қалған өгіз жеккен арбаға ұқсатамын. Халық өлеңінде айтылғандай, қара жолмен сықырлап арба келеді. Не асфальт жол жоқ, аяқтың асты батпақ, жолаушылардың үсті сатпақ.  Арбаны көздеген жерге алып бару үшін ең алдымен қамыт киген өгіз мықты болуы керек, оның шамасы жетпесе, айдаушы іскер болуы шарт, оның да қолынан келмесе, кездейсоқ жүргіншілер мен арнаулы жолаушылар бейнетіне көніп, бірі тегершігін итеріп, бірі  өгізді сүйреп, біреуі жол көрсетіп дегендей, көпшілікпен бітетін жұмыс. Бізде сөз көп те, іс шамалы. Ал құр айқаймен есекті де жұмысқа жеге алмайсың. Тәуелсіздік алғалы пәлен жыл деп жатырмыз. Одан бері бірінші сыныптың табалдырығын аттаған бала кәмелетке келетін уақыт болды ғой. Тілі қазақша шыққан бала енді қазақша сөйлей алмай тұрса, оған кім кінәлі?! Оны сақау деп те, мақау деп те айта алмаймыз ғой.

Ахмет Байтұрсынов айтқан бастауыш мектепте біріңғай қазақша оқыту мәселесі шешімін тапты ма? Сол Ақаң айтқан халықтың көзі, құлағы тілі болатын төл басылымдарымыз жеткілікті ме? Өзге ұлттарды төрімізге шығарып, өзіміз босағада қалатындай не жазығымыз бар? Осыдан он шақты жыл бұрын балаларымызды қазақ мектебіне беріп, жиналыстарда ана тілімізде сөйлеп, марқайып қалып едік. Сол үрдіс жалғасын тауып жатыр деп айту қиын. Өйткені, «қазақ тілі тағы қалды тасада, ұқсап тұрмыз Ақаң айтқан масаға...» - деп ағынан ақтарылды.

Облыс орталығында, Рудный және Лисаков қалаларында, Қостанай, Федоров, Таран аудандарында өткен бас қосуларға Шайсұлтан Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының мамандары және жергілікті жерлердегі тіл жанашырлдары қатысып, өз ойларын ортаға салды.

 

 

Белсенді студенттен білімді маман шығады

 

Кез келген ұстаз, кез келген білім ордасы өзінің ең үздік шәкірттерімен, студенттерімен мақтанады. Себебі бұл олардың сапалы білімі мен талмас еңбегінің арқасы. Олар сол үшінде мақтануға тұрарлық. Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті де үнемі өз түлектерімен мақтана алады. Ахаң атындағы білім орданың түлектерінің барлығы дерлік беделді қызмет саласында жұмыс атқарады. Сол түлектердің бірі Абылай-хан Мүбаракұлы. Абылай-хан Какенов 1991 жылы алтыншы қыркүйекте  Қостанай қаласында дүниеге келген. Студенттік шағын Ахаң атындағы қара шаңырақта өткізген. Бүгінде Қостанай облыстық әкімдігінің ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы.

-         Абылай-хан Мүбаракұлы университетте қандай студент болдыңыз?Абылайхан

-         Мен университет қабырғасында білім алып жүргенде өте белсенді студенттердің қатарында болдым десем артық айтпаған болар едім. Біздің факультетте болатын барлық іс-шаралардың ұйымдастырылуын мұғалімдер үнемі маған сеніп тапсыратын. Екінші курстан бастап Көкшетау, Астана қалалары сияқты қалаларға жарысқа бардым. Үшінші курстан бастап Нұр Отан партиясында жұмыс істедім. Міне, мен осындай еңбекқор студент болдым.

-         Сізді университет қабырғасындағы  «Ахмет ұрпақтары» пікірсайыс клубына қатысты деп естідім, бұл қаншалықты рас?

-         Қате естігенсіз (күліп). Мен дебатқа , ондағы қозғалыстарға қызыққаным бар. Бірақ қатысқан емеспін. Себебі дебат ойнау үшін шыдамдылық керек, ал маған төзімділік жетіспейді. Бұл бір жағы болса, екінші жағынан жайдан-жай пікір алмасу ол бос уақыт өткізу деп санаймын.

-         Яғни, дебат ойындары сіз үшін бос уақыт өткізудің ермегі ме?

-         Жоқ, сіз дұрыс түсінбедіңіз. Дебат менің өмірлік ұстанымдарыммен сәйкес келмейді деп айтқым келді. Менің өмірлік ұстанымдарым басқаша еді. Бірақ араласатын достарым қатысатын. Олар үнемі жүлделі орындар алып, жетістікке жетті. Мен олармен мақтанамын.

-         Алғаш еңбек жолына қадам басқан кездеріңіз есте ме?

-         Жаңа жоғарыда айтып кеттім. Мен еңбек жолын үшінші курста оқып жүргенде Нұр Отан партиясында бастадым. Нұр Отан партиясында төрт жылдай жұмыс істедім. Кейін Қостанай облыстық әкімдігіне жұмысқа орналастым. Қазіргі таңда осы жерде жұмысымды жалғастырып жатырмын. Қостанай облыстық әкімдігінің ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы қызметін атқарамын.

абылайхан 2

-         Студент кезіңіздегі басыңыздан өткерген қызықты оқиғаңызды айып берсеңіз?

-         Екінші курста оқып жүрген кезім еді. Университет деңгейінде өтетін бір іс-шараны ұйымдастыруды маған тапсырған еді. Іс-шара біздің факультететіміздің бірінші курста оқитын студенттерінің арасында өтуі керек болатын. Қарсы топтан бір бала жарысқа келмей қалып, ол баланың орынына шығатын бала таба алмағандықтан, бірінші курс студенті болып жарысқа мен қатыстым. Өзім ұйымдастырушы, әрі қатысушы болдым. Бұл менің басымнан өткен қызықты оқиғалардың бірі еді.

-         Университет сізге қаншалықты білім берде алды деп бағалайсыз?

-         Осындай сұрақтарды жие естимін. Негізінде бұл қате сұрақ. Университет білім емес бағыт бағдар береді, ал студент сол бағыт арқылы өзі білім іздеуі қажет. Неге дейсіз ғой? Себебі оқитын бала қай жерде, қандай жағдайда болмасын оқиды, қазақ айтады ғой бір жерді тесіп шығады деп. Міне, ол да дәл осылай. Ал оқымайтын баланы сонау шетелге апарсаң да, тіпті Назарбаев Университетіне түсірсең де оқымауы мүмкін. Сондықтан мен айтар едім ҚМУ маған жақсы бағыт берді. Мен сол бағыт арқылы білім алып, қазіргі таңда өзімнің сүйікті қызметіммен жұмыс істеп жатырмын. Бұның барлығы Ахаң атындағы білім ордасы мен сол жерде маған дәріс берген оқытушыларымның арқасында.

-         Білім алған оқу орныңызға не тілер едіңіз?

-         Қазіргі таңда таныстарымнан көп естимін біздің университеттің студенттері өте жалқауланып кеткен. Әрине барлығы емес, бірақ басым көпшілігі. Сол студенттерге айтар едім: болашақ біздің, яғни жастардың қолында, сол үшін де жалқаулықты қалтаға салып, оның орнына жастарға тән жігерлілік пен ақылды қолданыңдар деп. Бәрімізге белгілі Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласында да Елбасымыз жастарға көп сенім артатынын айтып кеткен. Еліміздің өркендеуі мен дамуына үлес қосуымыз керек. Ал ол үшін біздің біліміміз терең болуы шарт, терең білім алу үшін үнемі ізденіс үстінде болу керек. Бұл менің жастарға ағалық ақылым дер едім. Ал университетімізге тілерім дами берсін, елдің дамуына үлес қосатын шәкірттері көп болсын, және білім беретін ұстаздарға талмас талап мен таусылмас еңбек тілеймін.

-         Сұхбатыңызға рахмет!

  Алмагүл ТАЛҒАТҚЫЗЫ,

 ҚМУ-дың журналистика мамандығының

3 курс студенті 

 

 

 

Шет елдермен байланыс өріс алды

 

межд. отнАхмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ Журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасы Ресей мен Белоруссияның жоғары оқу орындарымен ғылыми, оқу-әдістемелік бағытта тығыз байланыс жасайды. Шетел ғалымдарын шақырту бағдарламасы бойынша 2016-2017 оқу жылында педагогикалық жүктеменің 36 сағаты мөлшерінде студенттер мен ПОҚ алдында  «Экономиканың жоғарғы мектебі» ұлттық зерттеу  университеттіңкоммуникация, медиа және дизайнфакультетінің  профессоры, фил. ғ. докторы И.М.Дзялошинский (РФ, Москва) дәріс оқыды.

Халықаралық бірлесе қызмет ету шеңберінде журналистика мамандығының студенттері Оңтүстік-Орал мемлекеттік  университеті журналистика факультетінің (Россия, Челябинск қ.), теле- радио-студия базасында өндірістік тәжірибеден өтті және студенттік БАҚ-ның түрлі шығармашылық семинарларына, студенттер мен  магистранттардың, жас ғалымдардың ғылыми-практикалық  конференцияларына қатысты. 

Студенттер   мен ПОҚ ғылыми қызмет ету аясында Халықаралық  (ЮУрГУ,  Челябинск қ,, РФ) конгресіне, аспиранттар мен студенттердің (ЮУрГУ) халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына қатысты.  Жас ғалымдардың таңдаулы ғылыми еңбектері ұсынылған конкурсқа Ресейдің ең озық жоғары оқу орындары қатысты.

Конкурс жеңімпаздары қатарында «PR осы заманғы тәжірибесі» номинациясында журналистика мамандығының магистрі  Балажан Мұстафина ең таңдаулы мақаласы үшін (ғылыми жеткші ф.ғ. к. Жүсіпова А.М.) жеңіске жетіп,  екінші орынға ие болды және екінші дәрежелі  Диплом алды.  Ең таңдаулы мақала үшінстудент Гүлфия Тілеуова (ғылыми жетекшісі.: доктор PhD Машкова С.Н.). екінші дәрежелі Дипломмен марапатталды.

Конкурстың қазылар алқасы жас ғалымдар зерттеген тақырыптардың маңыздылығын атап өтті. «Журналистика» мамандығының студенттері   сонымен бірге өз еңбектерін «Планета Медиа» байқауында,  ЮУрГУ (Челябинск) өткен, бірінші халықаралық «Коммуникационный лидер XXI века» ғылыми-білім форумына ұсынды. Студент Татьяна Назарук бірінші дәрежелі, Динара Әбдірова екінші дәрежелі дипломдармен марапатталды.Сонымен бірге «Таңдаулы пост» номинациясында  студент Танат Карпықов арнаулы дипломға ие болды. Магистранттар зерттеу тәжірибесі мен стажировканы ЮУрГУ, НИУ ВШЭ, СПбГУ, сонымен бірге Белорус мемлекеттік университетінде өтуде.

 

 

Университет мақтанышы

 

Спортшы студент

 

Аты-жөні: Тапаева Махаббат Тілектесқызы.спортшы студент

Факультеті: аграрлық-биологиялық факультетінің 4-курс студенті.

Хоббиі: ас әзірлеу, спортпен шұғылдану. Оқу уақытында күніне төрт сағат спортпен шұғылданады. Спорт пен оқуды қатар алып жүру қиын емес деп есептейді.

Спорттағы алғашқы қадамы: Махаббат президенттік көпсайыспен 2012 жылдан бастап айналысады. Көпсайысқа спорттың бес түрі кіреді. Олар: жүзу, кедергілі жердегі жүгіріс, жақын қашықтыққа жарыс, граната лақтыру, пневматикалық винтовкадан оқ ату. Оның жаттықтырушысы– ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысыВасилий Кнышев. Бүгінде Махаббат Тапаева ҚР спорт шебері, ҚР абсолюттік чемпионы, ҚР Ұлттық құрамасының мүшесі. 11 жасынан бастап жаттықтырушы 2012 жылға дейін жаттықтырушы Вера Андрейчиктен қол добы спорты бойынша тәлім алды. Мектепте полиатлонмен шұғылданып, әртүрлі спорттық сайыстарда бақ сынаған.

Жетістіктері мен қоғамдық жұмысы:

2015 жылғы сәуір – Өскемен қаласында өткен ҚР чемпионатында 18-20 жас аралығындағы категорияда 2-орын.

 2015 жылғы мамыр – Теміртау қаласында өткен спартакиада 18-20 жас аралығындағы категорияда 1-орын.  

2015 жылғы маусым – Павлодар қаласындағы ҚР чемпионатында (бессайыс) 2-орын.

2015 жылғы тамыз – Хромтау қаласындағы ҚР Кубогы (бессайыс) 1-орын.

2015 жылғы қыркүйек – Ресейдің Ялта қаласында болған жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 2-орын.

2015 жылғы қазан – Шымкенттегі президенттік көпсайыстан ҚР чемпионатында 1-орын.

2016 жылғы наурыз – Өскемендегі ҚР чемпионатында (төртсайыс) 2-орын.

2016 жылғы маусым – Қарағандыдағы ҚР чемпионатында (бассайыс) 2-орын.

2016 жылғы қазан – Тараздағы президенттік көпсайыстан ҚР чемпионатында 1-орын.

2017 жылғы наурыз – Өскеменде өткен (төртсайыс) ҚР чемпионатында 1-орын.

2017 жылғы мамыр – Петропавл қаласында болған ҚР универсиадасында 1-орын.

Арманы: Болашақта қазақ және ағылшын тілдерін меңгеруді қалайды. Жеке кулинарлық немесе қоғамдық тамақтану орнын ашуды армандайды.

Көпшілік пікірі: Махаббат уақыттың қадірін білетін еңбекқор студент. Әрқашан ізденісте жүретін жас. Спортқа шын берілген талант. 

 

 

Болашақ биологтар Бурабайда

 

биологтар«Бурабай – Қазақстанның інжу-маржаны» деп Елбасы Н.Назарбаев атап өткен болатын. Биыл біздің университетіміздің студенттеріне еліміздің ең көрікті жерін көріп, табиғатымен танысу құрмет берілді. Осы мақсатта А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дың аграрлық-биологиялық факультетінің «Биология» мамандығының 2-курс студенттері өздерінің оқу тәжірибелік практикасын «Бурабай ұлттық табиғи паркінде»  өткізді. Студенттер үшін практикаға дайындық  сәуір айынан басталған болатын.

Практиканың басты мақсаты:  Бурабай өңірінде сирек кездесетін және Қазақстанның Қызыл кітабына енген өсімдіктерді зерттеу. Біздің жетекшіміз аса тәжірибелі, өз мамандығының білгірі, биология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлнар Сұлтағазина болды. Гүлнар Жалелқызы – Бурабай өңірінің өсімдіктер әлемін зерттеу жұмыстарымен айналысқан ғалымдардың бірі. Сондықтан біздер үшін өсімдіктердің өсу, климаттық   ерекшеліктерімен танысу басты назарда болды.

Қазіргі уақытта  бұл жерде жеті орман шаруашылығы бар. Олар: Боровской, Мирный, Золотобор, Горный, Акылбай, Қотыркөл және  Приозерный. Жалпы  ауданы 65 мың га. Сол аймақтың 44,8% орман болып келеді.  Бұл жерде техникалық, азық-түліктік, емдік және декоративті өсімдіктердің базалық орталығы болып отыр.

Біз оқу тәжірибесін Бұланды орман шаруашылығынынан бастадық. Алғашқы күн өте қызық өтті. Себебі, кең дала, табиғат жаңа оянып жатыр. Орманның ішіне кіргенде тамаша күй кешесің. Терең демалып таза ауамен дем алғанға не жетсін. Бірақ мақсатымыз таза ауамен дем алу емес, жергілікті жерден гүл жинау, яғни биологтарша айтқанда «гербарий» жасау. Ол жерде истод гибридный, фиалка, ветренница лесная өсімдіктері кездесі. Осы жердің гүлдерін жинап, арнайы гербарий жасап, кептіріп, папкілерге жинақтап  салдық.

Кейін, Жалайыр орман шаруашылығында болдық. Орман шаруашылығының қызметкерлері осы жерде өсетін жергілікті өсімдіктер туралы толық мәлімет берді. Бұл жерде емдік өсімдіктер мол екен. Сондықтан, оны жинау мерзімімен, кептіру уақытына баса назар аудардық.

Сонымен қатар,  Қотыркөл орман шаруашылығы, Сарынсақты көлі маңында болдық.  Ол жерде өсетін гүлдер: Лапчатка, Сібір ирисі, лютик және т.б. Түстен кейін Бурабай өзені маңындағы гүлдерді танып білуге кірістік. Іздеу барысында сирек кездесетін Башмочок гүлін таптық. Бұл гүлдің өсіп, гүлдеуінің өзі ерекше.  

Саф, таза табиғат, өсімдіктер әлемі қай маманның болса да қызығушылығын оятары анық. Біздің студенттер де әр өсімдікті танып білуге тырысты. Теориялық білімдерін  практикамен ұштастыра білді. Университетке келген соң, Бурабайдан лаып келген өсімдіктерді жинастырып, реттеп қойдық. Жаңа оқу жылы басталғанда сол өсімдіктер бойынша толық мәлімет жинап, өз жұмыстарымызды қорғауға кірісеміз.   

Бурабайлық ғалымдардың зерттеуінен өтп, жайқалып өсіп тұрған ерекше бағалы ағаштар мен  саялы өскіндер Астанада  жайқалып тұрғанын мақтанышпен айта аламыз. Бізге ерекше көңіл күй мен шабыт сыйлаған саяхат биология мамандығына деген қызығушылығымызды арттыра түсті.

           

Сымбат БАЙДІЛДИНА,

аграрлық-биологиялық факультетінің 2-курс студенті

 

 

Елбасы мақаласы қызу талқылануда

елбасының мақаласы талқыланды 

 

Қазақстан халықтары Ассамблеясы және Қазақстан жазушылар одағының ұйымдастыруымен  облыс орталығындағы Достық үйінде "Рухани жаңғыру" жобасының аясында Қазақстан жазушылар Одағының мүшелері, белгілі қаламгерлер Серік Асылбекұлы жəне Асқар Алтаймен кездесу өтті. Кездесуді белгілі ақын Акылбек Шаяхмет жүргізді. Әңгіме барысында қазақтың ұлттық коды, салт-дәстүрін сақтау, тіл мен ұлт тұтастығы хақында сөз болды. Қонақтар кездесуге келгендердің сауалдарына жауап қайтарды.

 

Кездесуді жүргізген ақын Ақылбек Шаяхмет басқосу мақсатын айта келе, жұртшылықты жазушылар шығармашылығымен таныстырып өтті. Кездесуде жазушылар бірден мақалада айтылған мәселелерге көшті. Елбасы мақаласында халқымыздың рухани жаңғыру мәселесін бекер көтерген жоқ, оны ғаламдық өзгерістермен байланысты сабақтады. Жаһандану мен қатыгез бәсекеде қай ұлттың болсын жылқының жалынан ұстағандай қолы ілінері – өзінің ұлттық тілі, дәстүрі, салты, өнері, қысқасы, ұлттық коды болмақ. Алдымен қазақ өз орнын белгілеуі тиіс екенін жазушы Серік Асылбекұлы мәліметтермен айшықтай түсті. – Жер жүзінде 6 мыңдай этнос, ұлт бар, 193 мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше, сол мемлекеттердің арасында Қазақстан бар. Тағы бір мәлімет – қазақтар дүние жүзіндегі әлгі 6000 ұлттың ішінде 43 орын алады. Халқының саны 10 миллионнан асатын ұлттар макро, 100 миллионнан асатын халықтар мега ұлттар болып саналады. Біз макро ұлтқа жатамыз. Әлемде жер көлемі жөнінен 9-орын алатынымыз тағы бар. Қазақ халқының бәсекеге қабілетті болуы оның санына да байланысты. Өйткені, әлемдік бәсекеге саны көп халықтар төтеп береді, сондықтан алдағы уақытта саны кемінде 30 миллионға жететін аймақтық ірі ұлтқа айналу арман-мақсатымыз болуы шарт. ХХ ғасырдың басында әлемде 12 мың ұлт болған екен, қазір соның тең жартысы жоқ, өзге ірі ұлттарға жұтылып кеткен. Өйткені, олар ділінен, тілінен, дәстүр, мәдениетінен айырылып қалды, ұлт ретінде жоғалды, –деді Серік Асылбекұлы. Әріптесінің ойын сабақтай түскен Асқар Алтай қазақ халқы уақыттың жаһандық өзгерістеріне қалай дайын болуы керектігін тілге тиек етті. – Біз халқымыздың тарихынан еш­қа­шан ұялмаймыз. Қазақ – ежелден келе жатқан халық, оның азаюына өткен ғасырларда белгілі себептер болды. Ал ХХІ ғасырда ол қандай күйге түседі? Елбасы мақаласы халқымыз ұлт ретінде жұтылмауы үшін адаспас бағдар береді. Тәуелсіздік алған 25 жылда біз мемлекет ретінде экономикалық жағынан нығаюға көбірек көңіл бөлдік. Енді рухани жаңғыру кезеңі келді, уақыт соны талап етіп отыр. Қазақстандағы мемлекет құраушы халық – қазақ халқы. Сондықтан қазақ халқы еліміздің дамуына да, жетістігіне де жауапты болып табылады. Бізбен бірге кең даламызды жүзден аса этнос мекендеп, Қазақстанды өзінің отанына балап отыр, олар үшін де жауапкершілікті біз, қазақтар алуымыз керек. Этностардың кемшілігіне кешіріммен қарап, жетістігін айту парыз, – деді Асқар Құмарұлы. Жазушы Серік Асылбекұлы «жаһандық бәсекеге халқының саны көп ұлттар төтеп береді» деген пікірін залдан қойылған «Бәсекеге халқымыз сапа жағынан дайын ба? Ол үшін не істелуі тиіс?» деген сұрақтан кейін одан әрі жалғады. – Сан сапаға айналуы тиіс. Мен осы жөнінде Алаш қайраткерлері айтып кеткен жапон халқының мысалын келтіргім келеді. Бір кезде артта қалыңқырап келген жапон халқы қай жағынан алсаң да бүгін дүние жүзіндегі ең алдыңғы қатардағы халық, мемлекет. Өткен ғасырдың ортасынан ауа олар электроника, машина жасау, тағы басқа салалардан дүние жүзінде көшбастаушы мемлекеттің біріне айналды. Жапон кереметі неде еді? Олар өзінің ұлттық тілін, ділін, дінін, мәдениеті мен өнерін сақтай отырып, батыстың технологиясын алды, дамытты, – деді Серік Асылбекұлы.

 

Кездесуде бүгінгі жас буынды тәрбиелеуде балалар әдебиетінің ықпалы, оның дамуы мәселесі көтерілді.  Жазушы Серік Асылбекұлы да балалар әдебиетіне қалам тартады, бірнеше байқаудың лауреаты да атанды. Алайда, жазушы балалар әдебиетінің дамуына елімізде жүргізіліп отырған жұмыстардың жеткіліксіз екенін айтты. Оны ақын Ақылбек Шаяхмет те қолдады. – Кәсіпкер Бауыржан Оспанов құрылтайшы болған «Алтын қалам» байқауы балалар әдебиетінің серпілуіне ықпал еткен еді. Оған тек қазақ тілінде ғана емес, орыс, басқа да тілдерде балалар тақырыбына жазатын жазушылар қатысатын. Өткен жылы мен де осы байқауда екінші орынға ие болдым. Бірақ бұл байқау биыл жарияланған жоқ. Ал жалпы қазақ әдебиеті, қазақ фольклоры өте бай. Өкінішке қарай, қазақ балалар әдебиеті, басқа шығармалар да орыс тіліне аз аударылады, бұл жөнінен мемлекеттік қолдауды сезіне қоймаймыз. Ал қазір балаларға арналған кітаптарды шығаратын баспалар кітапты тартымды етіп, суретімен шығармайды. Қостанай қаласының орталығындағы «Атамұра» кітап дүкеніне кірсеңіз, орыс тіліндегі балалар кітаптары толып тұрады, ал қазақ тілінде сол дәрежедегі жақсы кітаптарды таппайсыз, – деді Ақылбек Қожаұлы. Кездесуде жазушылар латын қарпіне көшу, ономастика, көші-қон, шет елдегі қазақтарға қазақ тілін үйрету, олардың жастарын атамекенге тарту, дүние жүзіндегі қазақтардың бірлігін, рухани сапасын жаңа деңгейге көтеру мәселелері жөніндегі сұрақтарға да жауап берді. –   Қазақтың бірлігі дегенде сырттағы қан­дастарымыздың атамекенге оралуы, оларды орналастыру мәселелері айрықша зерттеуді, зерделеуді қажет етеді. Жасыратыны жоқ, осы 25 жыл ішінде қандастардың елге келуін ұйым­­дастыруда қателіктер кеткені айқын. Көші-қон туралы заңнаманы қайта қарай­тын кез келді. «Оралман» сөзінің өзі дұрыс емес, сырттағы қазақтарды «қандастар» деп айтуымыз қажет. Бұл орайда, Германия сияқты аса дамыған елдің тәжірибесін үйренетін кез келді, – деген Асқар Алтайдың пікірін кездесуге келгендер аса ықыласпен қолдады. Бір айта кетерлігі, жазушылармен кездесу үшін Достық үйіне өзге ұлттың өкілдері де көп жиналды. Кездесу негізінен мемлекеттік тілде өткенімен, орыс тілінде де жауаптар айтылды. Рухани жаңғыру туралы Елбасы мақаласын­дағы мәселелер барлық қазақстандықтарды толғант­қаны мәлім. Кездесу қазақстандықтарды біріктіретін, ынтымағын арттыратын қазақ тілі болуы керек деген Елбасы сөзі өмір шынды­ғына айналатынын меңзегендей болды. 

 

 

 

Біздің түлек 

Арман көп, мақсат біреу

 

Кеше ғана он бір жыл бойы өзіме серік болған қоңырау үнімен қоштасып,  студенттік өмірге аяқ басқан бойжеткен едім. Бүгін, міне жоғары оқу орнын аяқтап, үлкен өмірге аяқ басқалы тұрған жүздеген жас түлектердің қатарындамын. Жастық шағымның ең қызықты, ең керемет кезін артқа тастап, қолыма диплом ұстаған жас маманға айналдым. Алдымда арман көп, мақсат біреу. Ол – келешекте, ұстаздарымның берген білімін дұрыс пайдаланып, өз ісімнің абыройлы маманы атану.

Мектепте оқып жүрген кезімде  тезірек жоғары оқу орнына түссем екен деп армандайтынмын. Сол кезден-ақ , қайда және қай мамандыққа түсетінім жайлы сеніммен айтатынмын. Бірге оқитын сыныптастарым  басқа қалаға барып, білім алсақ па деп қиялдаса, менің арманым – ҚМУ-дың «Журналистика» мамандығының студенті атанужұпар болатын. Арман орындалды. Кешегі С.Мәуленов атындағы гимназияның оқушысы бүгін, республикадағы белді университеттің түлегі атанды.

ҚМУ маған не берді? Бұл сұраққа ауыз толтырып айтарлықтай жауабым бар. Біріншіден, маған сапалы білім берді. Оқудың алғашқы күнінен-ақ жоғары білікті кафедра ұстаздары қалап түскен мамандығыма деген сүйіспеншілікті, жасаған тандауымның дұрыс екендігіне көзім жетуіне зор септіктерін тигізді.  Ақылбек Шаяхмет, Нағашыбай Мұқатов бастаған аға буын, Аманкелді Шурентаев, Гүлшат Марқабаева, Айтолқын Айқадамова жалғастырған орта буын өкілдерінен тәлім алу, кәсіби дәріс тындау мен үшін зор мақтаныш болатын. Екіншіден, ҚМУ маған шығармашылығымды жетілдіруге, өзімді маман ретінде шыңдауға мүмкіндік берді. Университетте оқып жүріп, Республика көлеміндегі түрлі конференциялар, форумдар мен мәдени іс-шараларға қатыса алдым.Кафедра облыстық телеарна мен радиода кәсіби тәжірибе өтуіме мүмкіндік берді. Алған білімнің көмегімен, YVISION.KZ  жүйесінде блог құрып, жазған дүниелерімді дүйім жұртқа көрсетіге мүмкіндік алдым. Үшіншіден,  ҚМУ менің жадымда – Болат Қалиев ағамыз жетекшілік еткен «Жоғарғы Студенттік Кеңеспен»  сақталады. ЖСК – бұл жай ғана ұйым емес, бұл үлкен отбасы!  Өзім секілді жүздеген студенттер осы ұйым аясында көптеген жобаларын іске асырып, шыңдала алды. «Қысқы Универсиада», «KGU CUP»,  «Мисс Кгу», «Асыл ару», «Студенттік көкктем» тб көлемді іс-шаралар осы ұйымның студенттерімен ұйымдастырылатын. ЖСК – мен үшін үлкен мектеп болды.  Маған осы ұйымның аясында жұмысын атқарған «Пресс служба ҚМУ» жобасының төрағасы болу бұйырды. Қайнаған жаңалықтардың бел ортасында жүріп, ,мамандығыма керекті мінезді қалыптастыруда мұрындық болды десем артық етпес.

Журналистика мамандығына деген махаббат бала кезімнен бар. Мектепте оқып жүргенімде, облыстық «Жасыл алма» балалар газетінің жас тілшісі болатынмын. Сол кезде, жетекшілік еткен, осы ҚМУ-нің студенті, бүгінде белгілі журналист  Жадыра Мырзахмет болатын. Бүгінде,  Айбатыр Ахметбек басқарып отырған аудандық  «Шамшырақ» газет редакциясында жұмыс жасап жүргеніме бір жылдан асты. Мен әлі де, өзімді кәсіби түрде шыңдау жолындамын. Бүгінге дейін жеткен азды-көпті жетістіктерімді ата-анамның маған деген сенімінің арқасы мен ұстаздарымның еңбегі деп білемін. Журналист маманы үшін білім алу , оқу деген ол үздіксіз , мерзімді талап етпейтін процесс деп ойлаймын.  Сондықтан ,білімімді әрі қарай жалғастырып, ҚМУ-нің  магистрі  болуды көздеп отырмын.

Өзімнің группаластарыма, биылғы барлық түлектерге өмірде сәттілік әрдайым серіктерін болғай дегім келеді.

 

Жұпар ҚОЖАХМЕТ, ҚМУ-дың түлегі 

 

 

 

 Көш басында – ҚМУ

 Жыл сайын мамыражай мамыр айында қостанайлық жастар арасында «Студенттік көктем» фестивалі өтеді. Соңғы 23 жылда дәстүрге айналған осынау іс-шара биыл да жалғасын тапты. Қостанай облысындағы сегіз жоғары оқу орнынан келген мыңға жуық студент өзара жарысып, үздіктері марапатталды.

Былтырғы жеребенің қорытындысына сәйкес, М.Дулатов атындағы университет 23-ші фестивальдің модераторы ретінде ауқымды іске бекітілген еді. Сол себепті, фестивальдің ресми ашылуы ҚИнЭУ-дің ішкі алаңында өтті. 

студ. весна Ашылу салтанатына жастар саясаты мәселелері жөніндегі облыстық басқарманың басшысы Кенеш  Әлімжанов, ҚИнЭУ-дың ректоры Сәбит Есмұратов арнайы қатысып, студенттерді құттықтады.

 

- Қостанай облысында 8 жоғары оқу орны, 18 мыңға жуық студент бар. Бүгінгі маңызды шараға білімді, белсенді студенттер мен курсанттар жиналып отыр. Олар оқу-ғылым, спорт, өнер және басқа да шығармашылық бағыттар бойынша өзара жарысады. Байқаудың қатысушыларына сәттілік тілеймін. Құрметті жас достар! Студенттік шақтың адам өміріндегі есте қаларлық, алаңсыз кезең екенін естен шығармаңыздар,-деді басқарма басшысы Кенеш  Әлімжанов.

 

Маңызды шара үш күнге жалғасты. Осы уақыт ішінде қатысушылар шағын футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, волейбол, үстел теннисі сияқты спорттық жарыстарда бақ сынасты. Өнерлі жастар вокал, хореография байқауларына қатысты. Сырбаз жігіттер мен сылқым қыздар үшін «Ханзада мен Ханшайым» сайысы өтті. КВН ойындарында үздік әзілкештер командасы анықталды. Фестивальдің бағдарламасында «Мега-мозг» интеллектуалдық ойыны мен дебат турнирі, экшн-ойындары да бар.

 

Фестивальдің ресми жабылу салтанаты А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің алдындағы алаңда өтті. Қорытынды шараға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов және өңірдегі сегіз жоғары оқу орнының ректорлары арнайы қатысты.

Барлық байқаулардың жеңімпаздарына дипломдар мен кубоктар берілді. Жалпы командалық есепте А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ мен М.Дулатов атындағы ҚИнЭУ алға шықты. Осы аталған екі жоғары оқу орны облыс әкімі тағайындаған Бас жүлдеге ие болды. Фестивальдің келесі жылғы модераторы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті болып таңдалды. Модератор жеребе арқылы анықталған болатын.

 

- Біздің күнделікті өмірімізде, қоғамдық бастамаларды іске асыруда жастардың алатын орны ерекше. Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев жастарға үлкен үміт артып, оларға мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетуде. Жастардың мерекесі қанатын кеңге жайып, облыс орталығында кеңінен өткізілуі соның тағы бір айқын дәлелі. Бүгінгі фестивальдің арқасында жаңа есімдермен таныс болдық. Олар облыс жастарына үлгі болады деп сенеміз. Тәуелсіздік жылдарында «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған төрт қостанайлық бар. Олар: СайранБұқанов, Валентин Двуреченский, Борис Князев және Алмат Тұрсынов. Кейінгі жастар есімдері аталған аға буынға, адал еңберімен еленген еңбек ерлеріне қарап бой түзейді деген ойдамын,-деді облыс әкімі А.Мұхембетов өзінің құттықтау сөзінде. 

 

 

М.ҚҰСАЙЫНОВ. 

 

 

 

Жылдың басты оқиғасы

 

Университетімізде биылғы оқу жылында сан алуан мәдени, әдеби, спорттық және  инттеллектуалдық іс-шаралар, семинар, конференциялар өтті. Соның арасынан «Жылдың ең үздік кураторы» байқауын ерекше айтуға әбден болады. Өйткені, аталған сайыс оқу орнындағы жеті факультеттің бәрін қамтыды және алғаш рет өтіп отыр. Байқаудан кейін әр факультеттің кураторлары арасындағы әріптестік қарым-қатынас нығая түсті. 

Көптің көңілен шыққан байқаудың мақсаты – тәрбие жұмысындағы кураторлық қызметтің беделін өсіріп, белсенділігін арттыру болатын. Сондай-ақ, куратордың болашақ маманның тұлға болып қалыптасуына тигізер ықпалын, жауапкершілігін түсіндіру.  

Байқау деген сөздің өзі аты айтып тұрғандай, байқап көру деген мағынаны білдірсе керек. Ендеше, сайыста әркім өзінің мүмкіндігін, кәсіби біліктілігін және деңгейін тағы бір мәрте сынап көреді. «Жылдың ең үздік кураторы» байқауы да университетіміздің оқытушылары үшін ерекше де қызықты сынақ болды. Оған жас мамандармен қатар тәжірибелі кураторлар да қатысуға мүмкіндік алды. Қатысушылардың жас ерекшеліктеріне, оқытатын пәндеріне, еңбек өтілдеріне қарай ешкімді бөліп жарған жоқ. Талап бәріне бірдей, ереже – ортақ.

Сайыс басталмас бұрын Ахаң атындағы жоғары оқу орнында жақсы дәстүрге айналған «Қайырымдылық жәрмеңкесі» іс-шарасы аталып өтілді. Оның ұйымдастырушылары – факультеттердің кураторлары мен белсенді студенттер тобы. Олардың тікелей мұрындық болуымен жиналған қаражат кішкентай қыз Әмина Мұқашеваның еміне берілді. Университетіміздің жастары мен оқытушылары балақайға ақшалай көмекпен қатар жұмсақ ойыншықтар сыйлап, дертінен құлан таза айығып кетуіне тілектестік білдірді. Біздің оқу орнымыздың ұжымы мұндай өнегелі іске әрдайым дайын екеніне сенім мол. Себебі, қайырымдылық қастерлі қасиет қой.  

Байқаудың алғашқы екі кезеңі әр факультеттің өз іштерінде ұйымдастырылды. Финалдық кезеңге қатысуға жеті куратордан өтініп түсті. Олар іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен кіл мықтылар еді. Үшінші кезеңнің талабы – бейнеролик әзірлеу. Бейнежазбада студенттер арасында атқарған жұмыстарын, бірлесе өткізген іс-шараларын көрсету керек болды. Бұл сынақтан қатысушылардың сүрінбей өткені көрермендердің қошеметінен сезілгендей. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын» деген аталы сөз бар емес пе. Кураторлар өздерінің мүмкіндіктеріне, шеберліктеріне байланысты ерекшеленуге тырысты. Оларға жеке тапсырмалар беріліп, қызықты, ұтымды жауаптың иелеріне жоғары ұпай қойылды. Финалистердің жауабы біздің кураторларымыздың педагогикалық танымы кең, түсінігі мол екенін дәлелдей түскені анық.    

Байқаудың ең бір есте қалған қызықты сәті, кураторлар мен студенттердің бірлескен іс-шарасы еді. Сол кезде студенттердің өз оқытушыларына деген ерекше қолдауы байқалды.

Үшінші кезеңде қалыптасқан жаттанды сұрақтар емес, еркін тақырыптағы әртүрлі сауалдар жолданды. Оған кураторлар да ерекше қызығушылқыпен жауап берді. Қатысушылардың еңбегін арнайы бекітілген қазылар алқасы бағалады. Комиссияның құрамында аграрлық-биологиялық факультетінің оқытушысы Айгүл Хасанова, экономикалық факультетінің оқытушысы Гүлнар Нұрахметова болды. Заң факультетінің оқытушысы Айгүл Алдабергенова мен ветеринарлық факультетінің оқытушысы Еламан Күмісбеков марапаттау рәсіміне қатысып, үздік кураторларды құттықтады. Байқау аясында гуманитарлық-әлеуметтік факультетінің оқытушысы Юлия Шандецкая «Қайырымдылық жәрмеңкесі» акциясының қорытындысын жасаған болатын. Осы аталған комиссия мүшелері байқаудың қорытындысын шығарғанша студенттер өздерінің кураторларына жылы лебіздерін арнап ән айтты, прозалық туындылардан үзінділер оқыды. Байқаудың соңында финалистер анықталды. Олар:

1.Жұмабаев Асхат Қоныспайұлы, мал шаруашылғы технологиясы және ветеринария факультеті;

2.Төлегенова Шынар Исламбекқызы, гуманитарлық-әлеуметтік факультеті;

3.Байзақова Гүлзат Ғазезқызы, экономикалық факультеті;

4. Золотухин Евгений Александрұлы, инженерлік-техникалық факультеті;

5.Нұрханова Лаура Темірбекқызы, заң факультеті;

6.Нұрпейісова Жанар Сембайқызы, ақпараттық технологиялар факультеті;

7. Құлтаева Динара Сәбитқызы, аграрлық-биологиялық факультеті.

куратор года

Байқау комиссиясының шешімімен мал шаруашылығы технологиясы және ветеринария факультетінің оқытушысы Асхан Жұмабаев «Жылдың ең үздік кураторы» атағын жеңіп алды. Басқа қатысушылар әртүрлі номинациялар бойынша марапатталды. Университет ректорының бұйрығымен байқауға қатысқан барлық кураторларға алғыс жарияланды.

Көрермендерді сүйсіндірген байқау да мәреге жетті. Тартысты өткен сайыс қатысушылардың да, көрермендердің де есінде қалды. Бұл байқауды кураторлар өз араларында биылғы оқу жылының ең маңызды оқиғасы деп бағалап отыр. Университетті қамтыған, көпшіліктің көңілінен шыққан «Жылдың ең үздік кураторы» сайысын ерекше оқиға деп атау орынды. Алдағы уақытта жалғасын тауып, оқу орнының тарихында игі дәстүрге айналуына біз де тілекшіміз.         

Гүлнар БЕРКЕНОВА,

Тәрбие жұмысы департаментінің басшысы:

-Кез келген маман иесі өзінің қызметінде табысқа жету үшін ізденіс үстінде жүреді. Жетістіктің ең басты сыры – еңбекқорлық болса керек. Ізденген сайын адамның ой-өрісі, таным-түсінігі кеңейеді. Бұл тұрғыда «Жылдың ең үздік кураторы» сайысы оқытушыларға жаіа мүмкіндік сыйлады деп айта аламыз. Байқаудың қатысушылары әртүрлі тақырыптар аясында ізденіс, өз білімдерін жетілдірді, өзара тәжірибе алмасты. 

Байқау көрінбей жүрген таланаттардың ашылуына ықпалын тигізген болса біз қуанамыз. Өйткені, біздің мақсатымыз – кураторлардың еңбегін бағалап, олардың шығармашылықтарына шабыт сыйлау болатын.        

куратор года 2

 

Материалды әзірлеген Қ.Мұратбекқызы