Ректордың студенттермен онлайн-кездесуі

Читать: 2 мин

Бүгін ҚМУ ректорының студенттермен онлайн-кездесуі өтті. Кездесу ТрюКонф платформасында, сондай-ақ университеттің барлық ресми аккаунттарында көрсетілді. Эфирді барлығы 826 адам қарады. Қойылған сұрақтар көп болды. Оқу орнының әр түрлі ресми парақшаларынан келіп түскен сауалдар саны 163. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер арқылы, қоңыраулар мен ректор блогында қойылған сұрақтар бақыланып отырды, солай кездесуге дейін-ақ қашықтықтан оқыту режимінде оқу процесін ұйымдастыруға және алдағы сессияға қатысты 100-ден астам сұрақ түсті.

Бүгін студенттер өздерін толғандырған басты сұрақтың жауабын алды, ол – студенттерді қорытынды бағалау, мемлекеттік емтихандар мен дипломдық жобаларды қорғау мәселесі.

«Біз қашықтықтан оқыту жағдайында интернеттің жылдамдығы мен шалғай аудандардан келген студенттердің техникалық мүмкіндіктеріне байланысты объективті қиындықтар туындайтынын түсінеміз. Сол себепті карантин кезеңінде пән бойынша қорытынды баға ағымдағы аттестаттау негізінде қойылады.»,-деді ҚМУ ректоры Алма Дощанова тікелей эфирде. Бұл орайда да студенттердің пікірі ескеріледі және егер ол аралық аттестаттауға негізделген бағалаумен келіспесе, GPI көрсеткішін жоғарылатқысы келсе, онлайн режимде өтетін емтиханды тапсыруға мүмкіндік алады.

Университетте ғылыми кеңес мақұлдаған іс-әрекеттер алгоритмі әзірленді және ол біздің университеттің барлық ресми сайттарында орналастырылған. Ал дипломдық жұмыстар мен мемлекеттік емтихандар онлайн режимінде, оқу жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.

Дипломдық және курстық жұмыстардың плагиатқа қарсы бағдарламасы, әскери кафедрада оқитын студенттер үшін әскери дайындық қалай өткізілетіндігі және студенттердің өндірістік практикасы туралы көптеген сұрақтар қойылды. Бұл сауалдарға оқу орны ректоры толыққанды жауап берді.

Студенттер жауап ала алмаған сұрақтар қарастырылып, 30 сәуірде сағат 11-де болатын келесі кездесуде жауап берілетін болады.

Эфирлер ksu.edu.kz ресми сайтында, оқу орнының Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінде сақталған.

КГУ