Жаратылыстану ғылымдары кафедрасына қарасты Экология және биология мәселелері ғылыми орталығы «Бердвочеров» клубы мен «Наурызым» қоғамдық экологиялық ұйымымен бірлесіп Халықаралық құстар күніне, сондай-ақ университетте өтіп жатқан ғылым айлығына орай іс-шара ұйымдастырды.
«Биология» ББ-ның 1 курс магистранттары Жанболат Торыбаев пен Оксана Гайдеман және Айгерім Әбенова педагогикалық тәжірибелері аясында «Биология-химия» ББ-ның 1 курс студенттері үшін зияткерлік ойын өткізді, мақсаты – құстарға және олардың мекендейтін ортасын сақтау мәселесіне назар аудару.
«Бердвочеров» клубы құрылған күннен бастап, университетімізде Құстар күнін мерекелеу дәстүрге айналды, тіпті кафедраның жұмыс жоспарына енгізілді.
Жыл сайын елімізде және бүкіл әлемде «Жыл құсы» белгісі таңдалады. Жыл құсын анықтаудың негізгі критерийлері:
- құс Қазақстан табиғатының ажырамас бөлігі болуы керек;
- танымалдылығы жоғары болуы керек;
- бақылау үшін қолжетімді болғаны жөн;
- аталмыш түрге жойылып кету қаупі төніп тұруы мүмкін.
2022 жылдың құсы - бұлбұл. 2021 жылдың құсы пеликан болған. «Жыл құсы» акциясы Қазақстанда 2006 жылдан бері өткізіліп келеді.
Студенттер Экология және биология мәселелерін зерттеу орталығының, сонымен қатар «Бедвочеров» клубының (жетекшісі - биология ғылымдарының докторы, профессор Татьяна Брагина және биология магистрі, аға оқытушы Мария Рулева) жұмысымен танысты және зияткерлік ойын қорытындысы бойынша мақтау қағаздарымен марапатталды.