Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің SMART-орталығында Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған «Жүрегіме нұр шашқан» атты поэзия кеші өтті. Іс-шараны өткізуге «Балауса» поэзия клубы мұрындық болды. Кешті өткізудегі мақсат – поэзия арқылы жастардың рухани-адамгершілік әлеуетін тәрбиелеу, дамыту, шығармашылық атмосфера мен поэзия ортасын құру, жастардың қаламын ұштау, көркем оқу дағдыларын дамыту, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, авторлық шығармашылықты қолдау.
Іс-шараға Жастар ісі жөніндегі комитеттің мамандары, студенттік парламенттің мүшелері, студенттік ұйымдардың жетекшілері мен басқа да ниет білдірген студенттер қатысты. Кеш барысында талантты жастар өлең, көркем сөз оқудан алдарына жан салмады. Сондай-ақ «құлақтан кіріп бойды алар» әндер де орындалды, би билеп, бір-бірінің сұрақтарына жауап берді. Белсенді студенттер мақтау қағаздарымен марапатталды.