Бүгін А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-нің студенттері ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің аға офицері Еркебұлан Идрисовпен кездесті. Мақсат – ҚӨУ-нің студент-жігіттерін Мемлекеттік күзет қызметіне шақыру.
Кездесудің модераторы – Экономика және құқық институтының директоры Әлібек Табылденов.
ҚР Мемлекеттік күзет қызметі – мемлекет басшыларының, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күштерге жатады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін арнаулы мемлекеттік орган.
Кездесу барысында Мемлекеттік күзет қызметінің өкілі студенттерге әскери қызметке өтудің тәртібі туралы айтты. Мемлекеттік күзет қызметінде әскери борышын өтегісі келетін ер балаларға қойылатын басты талап: денсаулығының мықты және бойының ұзындығы 180-190 см аралығында болуы және дене салмағының индексі бойына сәйкес болуы керек, бетінде татуировка, тыртығы болмағаны абзал. Сонымен қатар психикалық жағдайына да көп көңіл бөлінеді, арнайы тесттен өтеді. Тағы бір шарт – үміткердің заң алдында жауапқа тартылмағандығы туралы анықтамасының болуы, бұл талап оның отбасы мүшелеріне де қатысты. Барлық талаптарға сай келген жастар Мемлекеттік күзет қызметінде 12 ай оқу-жаттығудан өтеді. Аталмыш қызметте әскери дайындықтан өткен жастар мемлекеттік органдарға еш қиындықсыз, тексерусіз жұмысқа орналаса алады, әрине Мемлекеттік күзет қызметінде қалуға да мүмкіндіктері бар.