Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, кітап оқуды насихаттау және көркем әдебиетке деген қызығушылықты арттыру мақсатында 2017 жылы Н.Островский атындағы қалалық кітапхана жанынан жас қаламгерлерге арналған «Толқын» шығармашылық студиясы құрылған болатын. Өткен жұма күні осы студияның қолдауымен Журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының 2 курс студенті Рахат Сейтқанның «Жанға рахат сыйлайтын өлеңдер» атты кітабының тұсаукесері өтті. Жинаққа автордың мектеп қабырғасынан бері жазып жүрген жыр жолдары, 40-қа жуық өлеңдері енді. Жас ақынның өлеңдері туған жер, ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігіне арналған. Сондай-ақ қазақтың ұлы тұлғаларын жырға қосқан арнау өлеңдері бар. Рахат Абай Құнанбаевқа, Шәкәрім Құдайбердіұлына, Ыбырай Алтынсаринге, Мәриям Хакімжановаға өлең жолдарын арнаған.
Іс-шараға кафедра меңгерушісі Амангелді Шөрентаев, топ эдвайзері Гүлшат Марқабаева, топ кураторы Айсұлу Мұханбетжанова қатысып, Рахатқа жылы лебіздерін білдірді. Кеште Рахат Сейтқанның өлеңдері оқылды, жас ақынның өнерлі достары әдеби кеш қонақтарына өздерінің ән-күйлерін тарту етті.