Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ ректоры Алма Дощанованың қатысуымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Тәуелсіздіктің 30 жылы – ҚӨУ үшін табысты 30 жыл» атты брифинг өтті.
Ректор өз сөзінде Тәуелсіздік жылдарындағы университеттің қалыптасуының негізгі кезеңдерін атап өтті. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті бүгінде өндіріске және қоғам өмірінің басқа да салаларына жаңалықтар мен ғылыми жетістіктерді енгізетін Солтүстік өңірдегі жетекші оқу орны. 2020 жылы екі университеттің бірігуі негізінде «А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды.
«Оқу ордасының сапалы білім беретіндігінің, сұранысқа ие маман дайындайтынының тағы бір дәлелі - биылғы жылы Білім және ғылым министрлігінің бекітуімен университетімізде Академиялық шеберлік орталығы құрылмақ. Бұл – ЖОО-ның облыстағы және жалпы республикадағы маңыздылығын растайды және бүкіл ұжымның жақсы үйлестірілген жұмысына берілген мемлекеттік баға деп есептеймін. Ендігі біздің міндетіміз – осы деңгейге сай кадрлар даярлау»,–деді өз сөзінде Алма Дощанова.
Ғылым департаменті бастығы м.а. Аманжол Тәшетов баяндамасында университеттің ғылымдағы жетістіктерімен бөлісті. Ал стратегиялық даму және цифрландыру жөніндегі проректор Арман Исмаилов оқу үрдісі туралы айтып берді. Сонымен қатар спикерлер журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.