А.Байтұрсынов атындағы ҚРУ профессоры Ақылбек Шаяхмет Алтын Орданың 750 жылдығы мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Әдеби Азия» халықаралық әдеби байқауында «ПОЭЗИЯ» номинациясы бойынша Гран-при жүлдесін алды. Екі тақырып та халықаралық әдеби ортада алғаш рет көтеріліп отыр. Байқауды «Халық дипломатиясының халықаралық достастығы» қоғамдық бірлестігі мен «AVANGARD» шығармашылық бірлестігі ұйымдастырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау шетелдік оқырмандар мен жазушыларды Қазақстанның және Орталық Азия мемлекеттерінің көне тарихымен, дана бабаларымыздың ғасырлар бойы сақтап қалуға тырысқан менталитетіміз бен ұлттық мәдениетімізбен таныстыруға арналған.
Конкурсқа қатысу үшін Қазақстан мен Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Қалмақ, Кабардин-Балқар, Дағыстан, Татарстан, Германия, Болгария, Израиль, Приднестровье, Словения елдерінен екі жүзге жуық шығармашылық жұмыс келіп түскен.
Байқаудың мақсаты – орыс, қазақ және басқа тілдерде көркем және публицистикалық әдебиеттердің дарынды авторларын анықтау болды. Байқау үш номинация бойынша өтті.
Байқауға қатысушылар бір жұмыс, жалпы көлемі екі бетке дейінгі поэзия немесе көлемі 5-7 беттік қысқаша проза тапсырулары керек болды. Жұмыстар электронды түрде қабылданды. Әділқазылар шығармаларды 5 балдық жүйе бойынша бағалады. Байқау жұмыстарын ұйымдастырушылар тіркеп, авторын көрсетпей, тіркеу нөмірлерімен қазылар алқасына ұсынды. Жұмыстарды бағалауды қазылар алқасы әр жанр бойынша және әр жас категориясы бойынша жеке жүргізді. Байқауға авторлық құқығы бұзылған, балағат сөздері бар, сондай-ақ ұлтаралық араздықты қоздыратын және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін жұмыстар жіберілмеді.
Конкурстық жұмыстарды іріктеу мен жинау 2021 жылдың 16 қазаны мен 2021 жылдың 15 желтоқсаны аралығында өткізілді. Жеңімпаздарға I-II-III дәрежелі Дипломдар, «Гран-при жүлдесі» берілді. Сонымен қатар байқауға қатысушылардың барлығы алғыс хатпен марапатталды.
Ақылбек Қожаұлын жеңісімен құттықтап, шығармашылық шабыт тілейміз!