Журналистер одағының Қорғандағы бөлімі жетекшілігімен «Ресей мен Қазақстанның тарихи жадындағы тың жерлер» халықаралық жобасы өз жұмысын қорытындылады.
Естеріңізге сала кетейік, бұл жоба 2021 жылдың наурыз айында бастау алған болатын. Жоба ұйымдастырушыларының мақсаты - алғашқы тыңигерушілерді мадақтау, халық жадында сақтап қалу.
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің және Қорған ЖОО-ның студенттері, сонымен қатар екі елдің журналистері тың игеруге қатысқан жандар туралы 860 тарихи дерект жинады. Бұл материалдардың барлығы 2022 жылдың қаңтарына шығатын тың өлкелерінің батырларын еске алуға арналған электронды кітапқа енгізіледі.
Жоба Қорған қаласында өткен «Достық және нан» фестивалімен салтанатты түрде аяқталды, оған Қазақстан тарапынан «ТоболИнфо» ақпарат агенттігінің бас редакторы Александра Серғазинова қатысты. Жобаның қалған қатысушылары оған онлайн түрде қосылды.
А.Серғазинова алғыс хаттар мен грамоталарды тапсыру мақсатында ҚӨУ студенттерімен және оқытушыларымен кездесті. Журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының меңгерушісі Амангелді Шөрентаев пен аға оқытушысы Балажан Мұстафина Алғыс хатпен марапатталды. Жобаға белсенді қатысқаны үшін 2 курс студенті Екатерина Байняшева «Тың игеру тарихы құжаттар мен фактілерде» дипломымен, мүсіншемен және смарт сағатпен марапатталды.
Жобаға оқу ордамыздың атынан 6 студент қатысты, оның төртеуі болашақ журналистер, екеуі тарихшы. Экспедиция барысында жоба қатысушылары облысымыздың Меңдіқара, Ұзынкөл және Сарыкөл аудандарының 12 ауылында болып, 300-ге жуық тыңигеруші жайында ақпарат жинады.