ҚӨУ-де қазақтың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына орайластырылған университеттің бас вокалдық «Magic voice» байқауы өтті. Дәстүр бойынша бірінші кезеңде қатысушылар іріктеуден өтті, нәтижесінде 30 үміткердің ішінен тек 8 студент финалға жолдама алды.
Өнерпаздар екі апта бойы финалдық сайысқа белсенді түрде дайындалды. Осы уақыт аралығында оларға байқаудың алдыңғы маусымдарының финалистері тәлімгерлер жасап, қолдау көрсетті.
Сахнада түрлі жанрдағы әндер шырқалды. Финалдың екінші кезеңінде әншілер шетелдік хиттерді орындады. Әрбір нөмір шебер вокалдық орындаумен ғана емес, қатысушылардың актерлік шеберлігімен, хореографиясымен көрермендердің есінде қалды.
Байқау қорытындысы бойынша Асқар Турниязов (Педагогикалық институт) университеттің үздік дауысы деп танылса, 2-орын Әлішер Ибрагимовке (Экономика және құқық институты), 3-орын Мәулен Қадировке (инженерлік-техникалық институт) бұйырды.
Онлайн дауыс беру арқылы «Көрермендер көзайымы» жүлдесін Мөлдір Ерболат (Педагогикалық институт) жеңіп алды.
Байқау жеңімпаздары дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.