Мансап және жұмыспен қамту орталығы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ өкілдерімен бірлесіп, мемлекеттік білім гранты бойынша оқитын 2022 жылдың түлектері үшін онлайн кездесу өткізді. «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 47-бабы, 17-тармағына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 ж. 30 наурыздағы №390 қаулысымен бекітілген Жас мамандарды жұмысқа жіберу қағидалары бекітілген қаулыға сәйкес жас мамандар мен PhD докторлар жұмыс істеп, өтеуге міндетті. «Қаржы орталығы» АҚ менеджері Индира Сәбитова міндетті өтеу туралы түсіндіріп, онлайн кездесуге қатысушылардың барлық сұрақтарына жауап берді. Онлайн кездесуге бакалавриаттың грант иегерлері, педагогикалық және басқа да мамандықтардың студенттері, ауылдық квота бойынша оқып жатқан, сондай-ақ «Серпіндік» студенттер қатысты. Өтеу мерзімі барлық жағдайларда да үш жылды құрайды.
Ауылдық квота бойынша білім алған педагогикалық, ветеринария және ауылшаруашылық мамандықтарының түлектері ауылдық жерлерде орналасқан білім беру ұйымдарында, ветеринарлық қызметтерде (меншiк нысанына қарамайды), аграрлық бейіндегі ұйымдарда жұмыс істей алады. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған педагогикалық мамандықтардың түлектеріне жеке білім беру орталықтарында, балаларды дамыту студиялары, жекеменшік мектептер, сондай-ақ мемлекеттік білім беру ұйымдарында жұмыс істеуге болады.
Ал «Серпін» жобасының түлектері білім алған облысында қызмет етуге міндетті.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде басқа мамандықтар бойынша білім алған студенттердің қалған бөлігі алған мамандығына қарамастан кез-келген меншік нысанындағы ұйымдарда белгіленген мерзімде жұмыс істеуге құқылы.