Бүгін А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-нің Қазақстан халықтарының Ассамблеясы жобалық кеңсесі бірінші курс студенттерінің қатысумен кездесу ұйымдастырды. Кездесуге облысымызға танымал өнер адамдары, ұлттық спорттың дамуына үлес қосып жүрген азаматтар шақырылды. Іс-шараны өткізудегі мақсат – мәдени құндылықтарымызды сақтау, атадан балаға мұра етіп жеткізу, өскелең ұрпаққа қазақтың ұлттық спорттық ойындарын, спорт түрлерін дәріптеу.
Бірінші болып, І.Омаров атындағы Қазақ драма театрының директоры Әлімхан Мырзахан сөз алды. Ол студенттерді театрға шақырды. Қостанай өңірлік университеті мен Қазақ драма театрының арасында ынтымақтастық туралы келісім бар. Сондықтан ҚӨУ студенттері тек көрермен ретінде ғана емес, театрға барып, өз актерлік қабілетін де сынап көре алады. Келем деуші жастардың бәріне есігіміз ашық деді театр директоры. Сондай-ақ Әлімхан Мырзахан театрдың қоғамның мәдени өркендеуіндегі рөлі туралы айтты және тілді жаттықтыруға арналған бірнеше жаттығулармен бөлісті.
ҚӨУ-нің әлеуметтік-мәдени даму проректоры міндетін атқарушы, тоғызқұмалақтан ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші, ҚР Тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Нұрлан Мамиев тоғызқұмалақ ойынының ақыл-ойды дамытатын, адамның қабілетін арттырып, ми қызметін жетілдіретін зияткерлік ойын екенін түсіндіріп берді.
«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп ұлы Абай жырлағандай, қазақ үшін сөз құдіреті күшті. Дана халқымыз бір ауыз сөзбен жауды да, дауды да тоқтатқан. Ы.Алтынсариннің мемориалдық мұражайының директоры, облыстық, республикалық айтыстардың жүлдегері Марғұлан Оспанов сөздің құдіреті, тілдің қадірі туралы айтты. Студенттерді айтысты қолауға, айтыстың көрермені болуға шақырды.
Кездесудің тағы бір қонағы – көкпардан Қостанай облысы құрама командасының капитаны, шабандоз-палуан, полиция капитаны Бақдәулет Асанов. Ол ат спортының түрлеріне тоқталды, көкпар, теңге алу, қыз қуу сияқты ұлттық ойындардың бүгінде қайта жанданып келе жатқанын жеткізді.
Кездесу қызықты өтті. Студенттердің түйгені көп болды. Кездесуге келген жастардың бірі ат спортына қызығушылық танытса, бірі театрдың тұрақты көрермені болмақшы.