Биыл КСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың туғанына 100 жыл. Талантты әнші осыдан екі жыл бұрын дүниеден озды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «2022 жылдың 1 қаңтарында қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың туғанына жүз жыл толады. Ол – Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Қазақстанның Халық қаһарманы. Майдан даласында ән салған Р.Бағланова қазіргі күнге дейін еліміздегі және шетелдегі ән сүйер қауым арасында кеңінен танымал. Оның есімін мәңгі сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырдым»,-деп өзінің Twitter парақшасында жазған болатын.
Бүгін А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-нің студенттер Мәдениет үйі күміс көмей әншінің өнерін жастар арасында дәріптеу мақсатында концерт ұйымдастырды. «Өнер» студиясының шәкірттері қазақтың маңдайына біткен дарын иесінің халыққа танымал туындыларын нақышына келтіріп орындады. Сонымен қатар бұлбұл әншінің өмірі, шығармашылық жолы, Ұлы Отан соғысы кезіндегі қайсарлығы жайлы деректі фильмдер көрсетілді.
Роза Тәжібайқызының репертуарындағы «Ақтамақ», «Әдемі-ау», «Ах, Самара - городок» әндері залдағы жастардың көңілінен шықты. Концертті ҚР-ның Халық ақыны, студенттер Мәдениет үйінің меңгерушісі Әсия Беркенова кеш иесінің «Ақмаңдайлым» әнімен аяқтады.