object(DateTime)#1029 (3) {
  ["date"]=>
  string(26) "2024-11-24 04:03:25.000000"
  ["timezone_type"]=>
  int(3)
  ["timezone"]=>
  string(12) "Asia/Karachi"
}

Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі – 2022

Бүгін «Жастар» сарайында облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың қатысуымен Жастар ресурстық орталығының белсенділері мен облыстық әлеуметтік даму басқармасы мамандарының ұйымдастыруымен облыстық бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Мыңдаған жастар бүгін жұмыс табудың нақты мүмкіндігін пайдалану үшін осында жиналды. Жәрмеңкеге 200-ден астам жұмыс берушілер, соның ішінде облыстың ірі кәсіпорындары, облыстың барлық 20 қалалары мен аудандарының жұмыспен қамту орталықтары және әлеуетті қызметкерлер – жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері, соның ішінде Қостанай өңірлік университетінің барлық мамандықтарының соңғы курс студенттерді келді.

«Жәрмеңке жұмыс берушілерге озық, әрі талапты мамандарды тартуға, ал жас мамандардың лайықты жұмыс табуына мүмкіндік ашады», – деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов түлектердің алдында сөз сөйлеп.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет жастарды жұмыспен қамтуды қолдау шараларын қамтамасыз етудің шарттары мен тетіктерін қайта қарады. Бұл тұста «Дипломмен ауылға», «Жол картасы», «Жастар тәжірибесі», «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» сияқты бағдарламаларды айтуға болады. Соңғы екі жылда ғана 1300 адам «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналастырылды. Жалпы, осы уақыт аралығында 18 мың жас түлек мемлекет тарапынан жұмыспен қамтуды қолдау шараларын тиімді пайдаланды.

Бүгін түлектерге 5 мыңға жуық бос жұмыс орындары ұсынылды. Сондай-ақ жәрмеңке ұйымдастырушылары түлектер үшін шеберлік сабақтарын, консультациялар, өз саласының шеберлерінен кеңес алу мақсатында кездесулер ұйымдастырды. Мұнда сұхбаттан өту тәсілері, түйіндемені дұрыс жазу жолдары айтылды. Одан әрі жұмыс берушілермен тікелей байланыс, сұхбаттар, сауалнамалар, жұмысқа орналасуға өтініш беру шаралары өтті, бүгіннің өзінде жұмыс берушілермен келісім-шартқа отырған түлектер де болды. Олардың нақты саны әзірге белгісіз, өйткені ҚӨУ-нің Мансап және жұмыспен қамту орталығы қазіргі уақытта бос жұмыс орындар жәрмеңкесі арқылы жасалған келісім-шарттардың пайызын анықтау мақсатында кафедралармен бірге мәліметтерді талдаумен және жинақтаумен айналысуда.

Сонымен қатар Мансап және жұмыспен қамту орталығы жәрмеңкеге қатысқан кәсіпорындармен студенттеріміздің өндірістік тәжірибеден өтуі үшін келісім-шарттар жасады.

Айта кетерлігі, көптеген ауыл шаруашылықтарына агроном, мал маманы, мал дәрігерлері қажет. Мәселен, «Викторовское» ЖШС (Бейімбет Майлин ауданы) жас маманды баспанамен қамтамасыз етеді, тіпті берілген үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуге де дайын.

Барлық жұмыс берушілерге университет туралы QR коды бар буклеттер таратылды. QR код арқылы олар біздің түлектердің деректер базасына автоматты түрде енеді және ұсынылған түйіндемелермен таныса алады.

Мансап және жұмыспен қамту орталығы түлектерімізге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін тұрақты түрде өткізіп тұрады. Жуырда, 29 сәуірде Ө.Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институттың ғимаратында педагогикалық мамандықтардың түлектері үшін осындай жәрмеңке өтеді.

Қабылдау комиссиясы