А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті түлектерді жұмыспен қамту мақсатында бірқатар іс-шаралар өткізуде. Осындай шаралардың бірін Журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасы ұйымдастырды, 4 курс студенттерінің жұмыс берушілермен, яғни аймақтық БАҚ өкілдерімен кездесуі өтті. Болашақ журналистер «Қостанай» облыстық телеарнасының жаңалықтар қызметінің бас редакторы Виктория Ширнина мен «Қостанай NEWS» ақпараттық агенттігі редакциясының өкілдерімен кездесіп, оларға өздерін қызықтыратын сауалдарын қоя алды. Негізінен түлектерді жұмысқа орналасу тәртібі, жұмыс кестесі, тәжірибеден өту мүмкіндігі қызықтырды.
Виктория Ширнина жас маман өзінің кәсіби мансабының басында кездесуі мүмкін қиындықтар мен шығармашылығын шыңдау мүмкіндіктері туралы айтты. Ал «Қостанай NEWS» ақпараттық агенттігінің өкілі Д.Кочетков ҚӨУ-нің студенттерін жұмысқа шақырды және түлектерге нұсқаулықтарын айтты. Кездесу соңында жұмыс берушілер студенттерге сәттілік тілеп, қызметкерлер қатарын кафедра түлектерімен толықтыруға дайын екендіктерін атап өтті.