Бірінші курс студенттерінің университеттік оқуға бейімделуі, жаңа ортаға тез сіңісуі – кешегі мектеп түлегі үшін маңызды. Олардың алдында жаңа өмір белестерінен өту, оқу процесін ұйымдастырудың түрлі әдістерін меңгеру, жаңа құрдастар табу мен оқытушылармен тіл табысу сияқты міндеттерді меңгеру қажеттілігі туындайды.
Осыған байланысты, университеттің Практикалық психология орталығы бірінші курс студенттеріне «Жаңа жағдайға бейімделу» психологиялық-педагогикалық көмек көрсету бағдарламасын жүзеге асырды. Бір ай бойы өткізілген бейімделу тренингтері Психология мамандығының 3,4 курс студенттерінің көмегімен ұйымдастырылды.
«Бағдарламаның негізгі мақсаты - топтық үйлесімділікті дамыту, қолайлы психологиялық ахуал құру, тұлғааралық қарым-қатынас дағдыларын дамыту және өзіне деген сенімділікті арттыру арқылы бейімделу үдерісін жеделдету»,-дейді Практикалық психология орталығының меңгерушісі Татьяна Волошина. Тренингтерге қатысқан бірінші курс студенттері өз мүмкіндіктерін саралады, құрдастарымен танысты, топ мүшелері мен тренинг жүргізушісінің қолдауын сезінді, қауіпсіз психологиялық режимде туындаған мәселелерді шешуге тырысты, өзінің жаңа әлеуметтік рөлін анықтады. Тренингтер кезінде бейімделу мәселелері бойынша сауалнама жүргізілді, жалпы алғанда, студенттер мәселелерді талқылауға, жаттығуларға белсенді қатысты, өз тәжірибелері мен бейімделу процесі туралы ойларын ашық айтты, бұл осы кездесулердің маңыздылығын растайды. Тренингтерге әр түрлі мамандықтардың студенттері қатысты.